Тіл – ұлттың жаны
Тіл – қашанда ұлттың ұйтқысы. Сөзі өз тілінде шыққан халықтың егемендігі баянды, тұғыры қашан да биік. Қазіргі кезде мемлекеттік тілдің қоғам өміріндегі маңызы мен салмағы күн санап арта түсуде. Жас ұрпақтың тілі ана тілінде шығып, қазақ тілінде білім алуына, басқа да тілдерді жетік меңгеруіне толық мүмкіндік те бар. Өзге тілдің бәрін біліп, өз тілімізді құрметтеу үшін, ең алдымен, тілді білуге деген қажеттілік туындауы керек деп ойлаймын. Екіншіден, әрбір адамға тілді үйренуге деген ниет пен білім қажет. Ананың сүтімен бойға дарыған туған тілді құрметтеу – ең қымбат, ең асыл қасиеттердің бірі. Ал осы қасиеттерді жасөспірімдердің бойына сіңіріп, қазақ тілінің мәртебесіне сызат түсірмеу баршамыздың жұмыла көтерген жүгімізге байланысты.
Мемлекеттік тіл егемен еліміздің негізгі рәміздерінің бірі. Кез келген өркениетті елдің өзінің рәміздері, шекарасы болатыны секілді мемлекеттік тілі де болады. Демек, мемлекеттік тіл де — мемлекеттігіміздің негізгі атрибуттарының бірі. Біздің Ата Заңымызда «Қазақстан Республикасының мемлекеттік тілі — қазақ тілі» деп жазылған. Әрбір Қазақстандық Ата заңымыздың талаптарын орындауға тиіс. Тіл ұлт пен ұлтты жақындастыратын ең үлкен қатынас құралы. «Ұлттың сақталуына да, жоғауына да себеп болатын нәрсенің ең қуаттысы – тіл» деген Ахмет Байтұрсыновтың қасиетті қағидасына сүйенсек, Ата заң аясында бақ-берекетіміздің сақталып отырғаны тіл саясатын да дұрыс жүргізудің жемісі екені анық. Тіл – халық қазынасы , ұлттың жаны. Тілдің мәселесі – ұлттың мәселесі. Елбасымыз айтқандай,"Қазақстанның болашағы -қазақ тілінде". Ендеше, тілімізді, ұлтымызды отбасымызды қадірлегендей қадірлейік!
Жалпы тіл мәселесіне келгенде әрқайсымыз жауапкершілік танытуымыз керек. Өйткені мемлекеттік тілдің қолданыс аясын кеңейтіп, мәртебесін өсіру жолында мұндай жауапкершілік болмаса, қолға алған істеріміздің нақты мақсатқа жетуімізге айтарлықтай кедергі келтіреді. «Тіл тұғыры — ұлт тұғыры» екенін естен шығармауымыз керек. Әсіресе, кейінгі жастар қазақ тілін үйренуге, қазақ тілінде сөйлеуге жетік мән берсе деп ойлаймын. Себебі жастар — елдің келешегі. Ел келешегі тек қана экономикалық жетістіктермен ғана емес, мәдени-рухани қазыналарымызбен де айқындалып, тұғырлана түсері хақ. Олай болса, жастарымыз тіл мәселесіне келгенде сергектік танытып, жанашырлықпен қараса, игілікті іс болар еді.
Орал қаласының мамандандырылған
тергеу соты әкімшісінің жетекші маманы
Утегенова Ажар Тасболатқызы
[xfvalue_img]