MAСА президенті: Қазақстанның Сот әкімшілігінің моделі бірегей
Халықаралық сот әкімшілігі қауымдастығының (IACA) ресми сайтында оның президенті Луис Пальманың Қазақстан Судьяларының IX съезіндегі баяндамасы жарияланды.
2024 жылдың қазан айында Астанаға Буэнос-Айрес Ұлттық университетінің профессоры, Гаагадағы (Нидерланды) Сот төрелігі саласындағы халықаралық институттың (IIJE) директоры, доктор Л.Пальма келді.
Еліміздегі судьялардың бас форумында сөйлеген сөзінде ол Қазақстанның сот реформаларына жоғары баға берді.
Пальма қазақстандық соттардың басқа елдерге үлгі болатын жаңаруларының прогрессивті сипатын атап өтті.
Баяндамада келесі негізгі мәселелерге назар аударылады:
1. Қазақстанда сот билігін саяси ықпалдан босатып, соттарды қаржыландырудың бірегей дербес жүйесі енгізілді;
2. Әкімшілік және сот функцияларын ажырататын дербес сот әкімшілігінің моделі құрылды;
3. Әкімшілік рәсімдік-процестік кодексі (АРПК) және мамандандырылған соттар енгізілді, бұл халықаралық инвесторларды тартады;
4. IT-шешімдері сот процестерін цифрландыру, оларды ашық әрі қолжетімді ету үшін кеңінен қолданылады;
5. Қазақстан сот төрелігінің қолжетімділігі мен ашықтығына негізделген «болашақ сотын» құру тәсілін көрсете отырып, халықаралық деңгейде маңызды рөл атқарады.
IACA президенті қысқа мерзім ішінде цифрландыру, оқыту, басқару, инфрақұрылым және ынтымақтастық саласындағы өзгерістерді атап өткен.
Еске сала кетсек, Қазақстан басшысы Қ.Тоқаев Астанаға сапары аясында Л.Пальманы қабылдады.
IACA Президентінің сөзінің толық мәтіні – сілтеме бойынша өтіңіз: https://www.iaca.ws/previous-news-updates
Анықтама:
IACA-ның негізі 2004 жылы Любляна қаласында (Словения, кеңсесі - Вирджинияда, АҚШ) қаланған, 100-ден астам елдің сарапшыларын біріктіреді, соның ішінде АҚШ, Қытай, Канада, Жапония, Германия, Франция, т.б.
IACA-ға мүше болу (Қазақстан 2015 жылдан бастап IACA мүшесі болып саналады) сот әкімшілігін ұйымдастырудағы озық тәсілдер бойынша тұрақты тәжірибе алмасуға қатысуға мүмкіндік береді.
ҚР Сот әкімшілігінің басшысы Наиль Ахметзакиров IACA вице-президенті болып табылады.
[xfvalue_img]