Сот жүйесіндегі электронды құжат алмасу цифрландыру
Сот жүйесіндегі электронды құжат алмасу бүгінгі таңда ақпараттық жүйені одан әрі жетілдіру мақсатында ағымдағы жылдан бастап «Мобильді сот кабинеті» сервисі іске қосылды. Бұл сервистің көмегімен сотқа қатысушы тараптар сотқа келместен интернет желісіне қосылған мобильді құрылғы арқылы сот мәжілісіне қатыса алады. Аталған сервис арқылы сот жүйесіндегі жаңалықтармен танысу, онлайн түрінде тағайындалған сот отырысы туралы ақпараттар алу және «Сот кабинеті» веб-сервисі арқылы сот органына жолданған барлық құжаттарды телефон құрылғысына жүктеу, сот олардың мән-жайын бақылау, хабарлама алмасу мүмкіншіліктері бар.
Сонымен қатар, енді іс бойынша сенімхатты ресімдеу үшін тараптардың өз өкіліне өкілеттік беру үшін нотариусқа баруының қажеті жоқ. Интернет желісіне қолжетімділік пен электрондық-цифрлық қолтаңбасы болса жеткілікті, «Сот кабинеті» сервисі арқылы бұл жұмысты ұйымдастыруға болады.
Сенімхат қалыптастыру үшін Сот кабинетінде авторизациядан өтіп, «Электрондық сенімхат» бөліміне өту қажет. «Сенімхат» ашылған бетте «Қосу» батырмасын басып, сенімхат нысанын, соның ішінде өкілдің деректерін толтырса жеткілікті. Сенім білдірушіге электрондық сенімхат жасау кезінде «Электрондық сенімхат» бөлігінде іске қатысушы тұлғалардың негізгі құқықтарын тізбе түрінде көрсету мүмкіндігі ұсынылған, бұл сенім білдірушіге нақты азаматтық іске қатысу үшін сенім білдірілген тұлғаға ұсынылатын құқықтар шеңберін дәл анықтауға мүмкіндік береді.
Электрондық сенімхатты бірнеше сенімді өкілге беру көзделген, өйткені бір іс бойынша қатысатын сенімді өкілдер саны заңнамамен шектелмеген. Электрондық сенімхат электронды түрде қаралатын бір істің шегінде беріледі, сенімхаттың қолданылу мерзімі сот актісінің заңды күшіне енген және құжаттарды орындауға беру уақытымен шектелген.
Сонымен қатар, сот жүйесінің тағы бір айқын жетістіктерінің бірі - ол сот отырыс залдарын 100% дыбыс-бейне тіркеу құрылғысымен жабдықтау болып табылады. Осы жүйенің артықшылықтары туралы айта кетсек, дыбыс-бейне тіркеу құрылғысы барлық процеске қатысушыларды тәртіпке салатынын, сондай-ақ сот отырысын жүргізу барысында туындайтын даулы кездерін шешу кезінде көмек көрсетеді.
Сондай-ақ, сот отырыстарының уақтылы басталуын бақылауға, сот отырыстарының хаттамаларын қысқа түрде жазуға мүмкіндік береді. Бұған қоса, дыбыс-бейне тіркеу жүйесі шеңберінде бейнеконференц байланысты ұйымдастыруға мүмкіндік беріледі, ол арқылы соттармен де, түзеу мекемелерімен де қашықтан сот отырыстарын жүргізуге болады.
Сот жүйесінің цифрландыру бағытындағы тағы бір жарқын қадамы ағымдағы жылда Мемлекет басшысының қатысуымен іске қосылған Жоғарғы Соттың Ахуалдық орталығы. Ахуалдық орталық Жоғарғы Соттың ғимаратында орналасқан, ол тікелей режимде соттар жұмысын бірыңғай мониторингілеу жүйесі болып табылады. Ол тәулік бойы еліміздің соттарынан келіп түсетін көрсеткіш бойынша өзекті сот ақпаратын жинаумен және талдаумен айналысуға мүмкіндік береді.
Мәселен, процестік мерзімді бақылау, аудиобейнетіркеуді қолдану, сот процесінің уақтылы басталуы.
Ахуалдық орталық сот жұмысының кестесінде болатын ақауларды жедел анықтау мен түзетуге бағытталған. Бұл - сот төрелігін жүзеге асырудағы азаматтардың конституциялық құқықтарын қорғауды қамтамасыз етудегі жаңа практикалық цифрлық шешім.
Бір сөзбен айтқанда, жоғарыда көрсетілген жаңашылдықтарды енгізу сот төрелігінің жүзеге асыру процесін жеңілдеткен.
Ақпараттық технологияларды дамыту сот жүйесі үшін басымды бағыт болып табылады. Себебі ол сот төрелігін жүзеге асыру процесін жеңілдету, оңтайландыру және автоматтандыру, оған қоса бюджет қаражатын үнемдеу.
Демек, «Цифрлы Қазақстан» мемлекеттік бағдарламасын іске асыру Қазақстанның әлемнің неғұрлым бәсекелестікке қабілетті 30 елдеріне кіруі бойынша мақсатқа жетудің өзекті факторы болуы тиіс.
Мөлдір Базарбек
Астана қаласының азаматтық істері
жөніндегі ауданаралық соты әкімшсінің
бас маман-сот отырысының хатшысы
[xfvalue_img]