Мемлекеттік тіл – бірлік пен татулық кепілі
Тіл халықтың жан дүниесі,рухани негізі мен ел еркіндігін,ұлттың ұлылығын танытатын басты күш. Ұлт болмысын ұғындырып, жалпы жұртты төңірегіне топтастырушы,біріктіруші ретінде де саналады.
Сондықтан мемлекеттік тілді білу өмір талабы,заман сұранысы, қоғам қажеттілігі деген жөн. Тілді өмірдің барлық саласында қолданып, аясын кеңейту жолында әрбір Қазақстандық өзінің азаматтық міндетін атқарғанда ғана ол нәтижелі келеді. Өзге өркениетті елдерде мемлекеттік тілдің мәртебесі қандай болса, бізде де сондай болады.Халықтың мәдениеті оның тілімен жасалатыны белгілі. Тіл тек қана қатынас құралы емес, ұлттың бар сипатын анықтайтын оның негізгі кілті, дегеннің өзі біраз жайды аңғартса керек.
Мемлекеттік тіл - сол елдің халқын біріктіретін, ортақ істерге жұмылдыратын, елге деген перзенттік ықыласты қалыптастыратын бірден- бір құрал. Бір тілде сөйлемеген халық біріге де алмайды, өздерін бір шаңырақтың мүшесімін деп те сезіне алмайды. Тарихтан да белгілі, қандай ел болмасын бостандық алғаннан соң ең бірінші мемлекеттік тілінің мәселесін шешеді. Қазіргі әлемдік бәсеке жағдайында күшті ұлттар ғана өз мүддесі үшін күресе алады. Күшті ұлт болу үшін күшті мәдениет жасау керек, Сонда ғана әлемдік өркениет кеңістігінен өзіне тиесілі орынды ала алады.
Мемлекеттік тіл – бүкіл Қазақстандықтардың тілі. Сондықтан да «Мемлекеттік тілдің проблемасы – тек қазақ халқының ғана проблемасы» - деп қарауға болмайды. Әлемдегі барлық өркениетті елдердегідей мемлекеттік басқару жүйесінде қызмет істейтіндердің бәрі бұл тілді білуге міндетті. Оған қоса мәдениеті жоғары адам басқа тілдерді білуге өзі де ұмтылуға тиісті. Басқа шет елдерде халқының тілін білмесең, лауазымды қызметке орналасуды былай қойғанда, тіпті күніңді де көре алмайсың. Республикамызда мемлекеттік тілдің қолданылу аясын кеңейту – бүгінгі таңдағы өзекті мәселе.
Қазақ тілі республика азаматтарын топтастырудың мықты іргетасы болары кәміл. Әрбір қазақстандық мемлекеттік тілді құрметтеуге, оны үйреніп, білуге бейім болғаны абзал. Өйткені, қазақ тілі - еліміздегі халықтардың басым бөлігінің тілі. Болашақта мемлекеттік тіл ретінде оның мәртебесі біздің елімізде қоғам биігінен көрінуге тиіс.
Қазақ – дана халық. Оған қатты айтсаң ақың кетеді деген тәмсілмен жауап беруге болады. Тіл мәселесі де осы тәрізді.Ұлттың болмысты ұғатын рух,қоғамдық бағытты аңғаратын, ерекшелігін түсінетін, елжандылық асқақ сезімі басым көсегімізді көтереді. Мемлекеттік тіл халықтың қаны мен жаны саналатын қазақ тілінің абыройы мен беделі Қазақстандықтардың міндеті, адами борышы болуы тиіс. Мемлекеттік тіл – мемлекеттікті айқындайтын факторлардың бірі, әрі бірегейі. Еркіндікпен теңдік берілгендіктен, өзге қанша тіл білгің келсе де біле бер, үйрен, оның артықтығы жоқ. Бірақ, қазақ тіліне деген басымдықты естен шығармауымыз керек. Өйткені, қазақ тілі басқа елде қолданылып, мемлекеттік тіл мәртебесіне ие бола алмайды. Оның Отаны –Қазақстан. Ел Президенті Қасым Жомарт Тоқаев атап өткендей, «Мен қазақ тілінің мемлекеттік тіл ретіндегі рөлі артып, этносаралық қатынастардың тіліне айналатын кезең келеді деп санаймын. Бірақ бұл деңгейге жету үшін бәріміз көп жұмыс істеуіміз керек. Қазақ тілінің бай қоры мен оның ішкі мүмкіндіктері тұтынушының тілдік сұранысын толық қанағаттандыратын мақсатқа жету керек .Бұл міндетті шешуге Қазақстанда тұратын барлық азаматтар қосылуға тиіс» Кеңес одағының батыры,Ұлы Отан соғысының қатысушысы, жазушы Бауыржан Момышұлы «Өз ана тілін білмейтін адам – тамырын білмейді» деп атап өтті. Ана тілін білмейтін адамдар өздерінің тарихын, мәдениеті мен дәстүрлерін білмейді. Сондықтан әр адам тілді көздің қарашығындай қорғауы керек. Мемлекеттік тілді білу — әрбір Қазазстандықтың патриоттық борышы деп санаймын.
Н.К.Мажитова
Батыс Қазақстан облысының қылмыстық
істер жөніндегі мамандандырылған
ауданаралық сот Әкімшісінің
сот отырысының бас маманы – хатшысы
[xfvalue_img]