Кассациялық соттар туралы
Қазақстан Республикасының Президенті 2024 жылғы 5 шілдеде «Қазақстан Республикасының кейбір конституциялық заңдарына өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» №109-VIII ҚР Конституциялық Заңына қол қойды.
Онда «Қазақстан Республикасының сот жүйесі мен судьяларының мәртебесі туралы» 2000 жылғы 25 желтоқсандағы Қазақстан Республикасының Конституциялық заңына өзгерістер енгізілген. Соның ішінде кассациялық соттарға қатысты жаңа тарау мен баптар қосылған.
Аталған соттар жоғарыда аталған Конституциялық заң аясында құрылған. Заңда кассациялық соттың құрылымы мен құрамы, кассациялық соттың өкілеттіктері, кассациялық сот төрағасы мен судьяларына қойылатын талаптары көрсетілген.
Астана қаласында 2025 жылғы 1 шілдеден бастап, қылмыстық, азаматтық, әкімшілік істер бойынша үш дербес кассациялық соты өз жұмысын бастайды.
Кассациялық соттар сот істері мен материалдарын кассациялық сатыдағы сот ретінде қарайды, сот практикасын зерделейді, заңда көзделген басқа да өкілеттіктерді жүзеге асырады.
Бүгінгі таңда қоғамның құқықтық сауаттылығын арттыру, сот жүйесіндегі тың өзгерістер туралы хабардар ету мақсатында әскери соттардың судьялары мен сот қызметкерлері кассациялық соттардың қызметіне қатысты ақпараттық, түсіндіру жұмыстарын жүргізуде.
ҚР Сот әкімшілігі Әскери соты департаментінің баспасөз қызметінің бас маманы
Э.Бимағанбетова
[xfvalue_img]