Құжаттары жоқ адамның көлік басқаруы
Қазіргі таңда жүргізуші куәлігі жоқ болса да көлік жүргізетіндер көбейіп келеді. Куәліксіз көлік тізгіндегендер арасында қыз-келіншектер де бар. Заңға сәйкес бұндай жағдайда төмендегідей әкімшілік жауапкершілік қарастырылған.
Жүргізушінің жеке басын куәландыратын құжаты өзімен бірге болмаған жағдайда, көлік құралына заңнамада белгiленген өзге де құжаттары жоқ жүргiзушiнiң көлiк құралын басқаруы ескерту жасауға не 5 АЕК мөлшерiнде айыппұл салынуы мүмкін.
Көлiк құралын басқару құқығы жоқ адамның оны басқаруы, сол сияқты тиiстi санаттағы көлiктi басқару құқығы жоқ жүргiзушiнiң көлiк құралын басқарса 20 АЕК мөлшерінде айыппұл арқалайды.
Көлiк құралын басқару құқығынан айрылған жүргiзушiнiң көлiк құралын басқаруы 50 АЕК мөлшерiнде айыппұл салуға не он тәулік мерзімге әкімшілік қамаққа алынады. Егер құқық бұзушы өз әрекетін ҚР Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодексінің 612-бабының 2-бөлiгiнде көзделген әкiмшiлiк жаза қолданылғаннан кейiн бiр жыл iшiнде қайталаса, 30 АЕК мөлшерiнде айыппұл төлеуге мәжбүр болады. Дәл осы баптың үшiншi бөлiгiнде көзделген, әкiмшiлiк жаза қолданылғаннан кейiн бiр жыл iшiнде қайталап жасалған әрекеттері үшін 70 АЕК мөлшерiнде айыппұл салуға не 15 тәулікке әкімшілік қамаққа алынуы мүмкін.
Басқару құқығы жоқ адамға не көлiк құралын басқару құқығынан айрылған адамға көлiк құралын басқаруға беру 50 АЕК мөлшерінде айыппұл салуға әкеп соғады. Әкiмшiлiк жаза қолданылғаннан кейiн бiр жыл iшiнде қайталап жасалған әрекет үшін сот 70 АЕК мөлшерiнде айыппұл салуға құқылы.
Бүгінде жол жүру мәдениеті жоғары деңгейде емес. Жолдардағы мінез-құлық мәдениетін арттыру керек. Адамдар жол қозғалысы ережелерінің талаптары тек формальдылық емес, оны қатаң сақтау керектігін жіті түсінуі тиіс. Өйткені адам өмірі, денсаулығы соған байланысты.
А.Мендалиев, Жаңақала ауданы сот әкімшісінің бас маман-сот мәжілісінің хатшысы.
[xfvalue_img]