Мемлекеттік тіліміз – Қазақ тілі
Мемлекеттік тілдің абыройын асқақтату – әрбір қазақстандықтың абзал борышы. Біздің барша ұлттық келбетіміз бен болмысымызды, салт-санамыз бен дініміз осы ұлттық мәдениет пен тілімізде жатыр. Тәуелсіз елдің елдігі жас ұрпағын парасатты да білімді, іскер де қабілетті, отансүйгіш те ұлтжанды тұлға етіп қалыптастыруда мемлекетік тілдің атқаратын қызметі орасан зор.
Тіл – таусылмайтын байлық. Қанша тіл білсең, өзгеден сонша кез биіксің. Дегенмен, алдымен туған еліңнің не тұрып жатқан еліңнің мемлекеттік тілін білуге міндеттісің.
Қазақ тілі - өте бай тіл. Ол шаруашылықтың бар саласын өркендете түсуге себепші күш, халқымыздың мәдени дәрежесін көтере беруші пәрменді құрал, жұртшылықты жаппай отаншылдық рухта тәрбиелеудің құралы, қуатты қаруы. Ана тілі – ар өлшемі. Олай болса, тілді шұбарлау – арды шұбарлау, көңіл тұнығын лайлау. Ұлт мәдениеттің гүлденуі мен адамдардың тарихи қалыптасқан тұрақты қауымдастығы ретінде ұлттың өзінің болашағы ана тілдің дамуына, оның қоғамдық қызметінің кеңеюімен тығыз байланысты.
Қазақстан - әлемдегі ең мықты, бәсекеге қабілетті елу елдің қатарына ену үшін қазақ тілін жоғары мәртебеде ұстауы керек.Ғалым Ә.Хасенов атап өткендей, «Қоғамсыз тіл болмайды, тілі жоқ қоғам – адамзаттың ешбір қауымы болмайды. Демек, қоғам үшін тіл керек; тілдің өмір сүруі үшін оның қоғамы болу керек. Бұл – ақиқат та тарихи шындық», яғни қоғамдық құрылыстың құрамды бөліктері тілтанымның универсалды әлеуметтік негіздерін анықтау үшін, ал тіл мен танымның ұғымдық бірліктері қоғамның даму сипатын айғақтау үшін аса қажет.
Қазақ тілі – тек қазақ халқының тілі емес, мемлекеттік тіл – ортақ тіліміз. Қазақстанда тұратын, оны Отаным деп қабылдайтын, өзін Қазақстанның патриоты деп есептейтін азаматтардың тілі.
«Қазақстанның болашағы – қазақ тілінде». Ендеше, тілімізді қадірлейік!
Қадыров Муслим,
Батыс Қазақстан облысы қылмыстық
істер жөніндегі мамандандырылған
ауданаралық сот әкімшісінің сот приставы
[xfvalue_img]