Ана болу – әйел бақыты!
Ана болу - бұл армандардың асылы, қарым-қатынастың құлпы, өзің үшін ғана өмір сүруді тоқтату, жауапкершілікті сезіну, өз анаңның қадірін шын сезіну, есейіп, ес жинау, мықты болу. Оны тек сәбилі болып ақ құрсақты ана атанғанда ғана түсінеді екенсің. Сол үшін де барлық аналарға тағзым еткім келеді. "Ананың қадірін өзің ана болғанда ғана түсінесің" дегенді жиі естуші едім. Сәбиіңізді алғаш құшақтағанда, алақаңыңызға алғанда сіз толығымен өзгересіз. Бәлкім сіз өзіңіздің сол кездегі болмысыңызды сағынатын боларсыз. Бірақ ол кезең - еркіндік қолыңызда болған, уақытты өз пайдаңызға өткізген бойжеткен болған шақ, ешбір мәселелерді ойламай, күліп ойнаған, сауық-сайран салған, арманмен өмір сүрген студенттік шақ қайта оралмайды. Олар тек мәңгі жадыңызда қалады. Себебі сіз өмірдің келесі баспалдағына қадам бастыңыз. Бәрі өзгерді.
Сіз бұрын бастан кешірмеген нағыз шаршаудың не екендігін түсінесіз. Баланы емізу, жаялық ауыстыру, ойнату, тамақтандыру, жылағанда уату, шағымдар, ұйқысыз өткен күндер, түн ұйқыңызды төрт бөлген түндер, т.с.с. бірқалыпты, күнделікті қайталанбалы жылғадан аққан судай күндер өтеді.
Мүмкін, бұл бірдей оқиғалардың шексіз шеңбері іспеттес болып көрінер. Бірақ ұмытпаңыз...Барлығы аяқталады, соңғы рет болатын күн де туады. Сәбиіңізді суалтатын күн келеді. Күндердің күнінде балаңыз сіздің тізеңізде ұйықтап қалады. Және де ұйықтап жатқан балаңызды құшақтайтын да күндер азаяды. Бір күні сіз оны қолыңызда көтеріп жүрерсіз. Кейін балаңызды бұрынғыдай құшақтап, көтере ала алмайтын күн де жетеді. Кешкілік сіз балаңызды жуындырып, киіндіріп, шашын тарайсыз. Кенеттен ол өзі жуына алатын кезге келеді. Жолды өткенде ол сіздің қолыңызды қатты қысып ұстайды. Уақыт өте ол "қолымнан ұсташы" деп те айтпайды. Түн ортасында ұйқыңызды бөліп құшақтау үшін бөлмеңізге ұрлана кіреді. Көзі ашып-жұмғанша бұл да соңғы рет болады. Бір күні сіз онымен бірге көңілді балалар әнін шырқап, одан барлық қимылдарды қайталайсыз. Кейін ер жеткен балаңызбен оны ешқашан қайталай алмайсыз. Мектепке шығарда қоштасу үшін сіздің бетіңізден сүйеді, күндер өткен соң оны да істемеуіңізді сұрайды.
Қанша айел жаңа туған нарестесін қокыска тастап жатыр. Мен ойлаймын-ол коғамдағы үлкен қателігі, осы мәселеге немқұрайлы қарауы. Жастар арасында көбірек талқылаулар, осы мәселенің құқықтық жауапкершіліртері туралы айтылуы қажет. Тек қана қыздарға емес, ер азаматтарымызға да осы мәселені жеткізу керек.
Статистикаға жүгінсек, Батыс-Қазақстан облысының кәмелетке толмағандардың істері жөніндегі мамандырылған ауданаралық сотында 2023 жылдың 9 ай ішінде бала асырап алу туралы 48 арыз түсті, 29 арыз қанағаттырылды.
Қанша жанүя балалы бола алмай жур, бірақ қандай қадамнан бастау керек екенің білмейді. Осыған байланысты, бала асырап алу үшін неден бастау керек екенін айтып келкелі отырмын.
Неке (ерлі-зайыптылық) және отбасы туралы" Қазақстан Республикасы Кодексіне (бұдан әрі – Кодекс) сәйкес бала отбасына асырап алуға, қорғаншылыққа (қамқоршылыққа) патронаттық тәрбиелеуге немесе баланы қабылдайтын отбасына берілуі мүмкін.
Қазақстан аумағында бала асырап алудың үш түрлі жолы бар. Әуелгісі патронаттық. Бұл – баланы отбасыға тәрбиелеу үшін ғана беру. Ол бала бұл отбасының баласы болмайды. Белгілі бір жасқа жеткенше бала осы отбасынан тәрбие алады. Бар болғаны сол.
Екінші бір түрі қамқоршы болу. Ата-ананың қамқорлығынсыз қалған балаларға уақытша қамқорлық жасау. Ал соңғысы – баланы басы бүтін асырап алу.
Бұл – арнайы соттың шешімімен жүзеге асады. Және бала асырап алушы отбасының барлық мүмкіндігі қаралып, олардың ата-ана болуға қабілеттері жететін, жетпейтіндігі анықталады. Соның негізінде бала осы отбасының бір мүшесі, әрі осы әулеттің тегін иеленуші ретінде тіркеледі.
Біз осы соңғы, үшінші тармағы бойынша бала асырап алу жөнінде сөз етіп көрсек.
Егер сіз отбасыңызбен, әулетіңізбен келісе отырып бала асырап алуды жоспарлаған болсаңыз алдымен өзіңіздің тұрғылықты мекен-жайыңыз бойынша жетім балаларға қамқорлық жасау жөніндегі функцияларды жүзеге асыратын органға бала асырап алу ниетіңіздің бар екендігін білдіріп жазбаша өтініш бересіз. Және ол өтінішпен бірге төмендегідей 7 түрлі құжатты қоса жолдайсыз:
- Жеке басыңызды куәландыратын құжаттың көшірмесі;
- Жақын туыстарыңыздың Сіздің бала асырап алам деген шешіміңізге келіскен жазбаша келісімі (Бұл ешқандай зорлықпен емес, туыстарыңыздың өз еркімен жазылған болуы керек);
- Жалпы табысыңыз туралы анықтама (жұмыс орнынан еңбекақысы туралы анықтама, бірге тұратын отбасы мүшелерінің кәсіпкерлік қызметпен айналысудан түсетін және басқа да табыстар туралы анықтама);
- Отбасы жағдайыңыз туралы анықтама (Отбасылы (неке куәлігі), ажырасқан (ажырасқандығы туралы анықтама), балалардың туу туралы куәлігінің көшірмелері (балалар болған жағдайда));
- Кодекстің 91-бабының 1-бөлімінің 6) тармақшасына сәйкес науқастығының жоқтығын растайтын денсаулық туралы анықтама, сондай-ақ «Денсаулық сақтау ұйымдарының бастапқы медициналық құжаттама нысандарын бекіту туралы» Қазақстан Республикасы Денсаулық сақтау министрінің міндетін атқарушы 2010 жылғы 23 қарашадағы № 907 бұйрығымен бекітілген нысан бойынша наркологиялық және психиатриялық диспансерлерде есепте тұрғандығы туралы мәліметтердің жоқтығы туралы анықтама;
- Қылмыс жасамағаныңыз туралы Қазақстан Республикасы Бас прокуратурасының Құқықтық статистика және арнайы есепке алу жөніндегі комитетінің есебінде тұрғаныңыз жөнінде мәліметтің болуы немесе болмауы туралы анықтама;
- Тұрғын үйге меншік құқығын немесе тұрғын үйді пайдалану құқығын растайтын құжаттың көшірмесі.
Міне, осы құжаттарды өзіңіздің бала асырап алу туралы өтінішіңізбен бірге арнайы орынға табыс етуіңіз керек. Мұнан соң сіздің өтінішіңіз қаралып, өтініш берген күнен бастап 15 күннің ішінде сізге жауап береді. Ескерте кететін бір жайт, бала асырап алу тек қана соттың шешімімен жүзеге асырылады. Сондықтан, өз бетіңізше, кез келген біреумен келісім арқылы бала асырап алуға ұмтылудың қажеті жоқ. Және сіз асырап алған баланың денсаулығы, өмір сүру үрдісі, білімі, тәрбиесі жөнінде жылына бір рет өзіңіз бала асырап алған мекемеге ақпарат беріп отыруға міндеттісіз. Бұл бала 18 жасқа толғанға дейін жалғасады.
Ата-ана қамқорлығынсыз қалған балаларға мемлекет тарапынан төленетін арнайы жәрдемақылар бар. Бұл жәрдемақылар жоғарыда атап өткен үш түрлі бала асырап алу бойынша алғашқы екеуіне 18 жасқа толғанша беріліп отырады. Яғни, патронаттық және уақытша қамқорлық бойынша сіз асырап алған бала 18-ге толғанша белгілі дәрежеде мемлекет тарапынан төленіп отыратын қаражат бар.
Ал ешкім асырап алмаған, жетім балалар үйінде тәрбиеленген балаға бұл қаржы қашан ЖОО бітіргенше төленіп отырады. Және университеке оқуға тапсырғанда да ата-анасы бірдей жоқ балаларға 320 қаулы бойынша жеңілдіктер қарастырылған.
Осы ретте мынадай бір мәселе туындайтынын еске салғымыз келеді. Ата-анасы жоқ баланы толық асырап алудан басқа біз атап өткен екі жолмен уақытша ғана қамқорлыққа алып, мемлекет аударатын қаржысын пайдаланып, артынан баланың тағдырына еш алаңдамастан тастап кететіндер кездеседі. Бұл заң алдында жауап беретін әрекет екенін ескерместен, осындай қатыгездікке баратын адамдар да бар екенін айтқымыз келеді.
Сонымен қатар, көп жағдайда «жетімдер үйінде» тәрбиеленетін балалардың мемлекет қарауынан кейінгі, яғни 18 жасқа толғаннан кейінгі өмірі белгісіз. Оны назарға алып, олардың болашақ өмірге бейімделуі қалай, немен айналысып жүр деген секілді мәселелер көп адамдарды алаңдатпайды.
Қандай балаларды асырап алуға болады
Бала асырап алған кезде баланың жасы, естиярлық дәрежесі және өзін асырап алуға келісімі ескеріледі. Заңға сәйкес,
- жалғыз ата-анасы немесе екеуі де:
қайтыс болған;
- баладан бас тартқан;
ата-ана құқығынан айрылған;
- туыстарына, асырап алынатын баланың анасымен немесе әкесімен некеде тұратын адамдарға баланы асырап алуға келісім берген;
- сот тәртібімен әрекетке қабілетсіз, хабар-ошарсыз кеткен деп танылған немесе қайтыс болған деп жарияланған;
- белгісіз болған жағдайда баланы асырап алуға болады.
Баланы кімдер асырап ала алады
Бала асырап алатын адамның отбасында баланың қалыпты дене бітімі, психикалық, рухани және адамгершілік жағынан дамуы, тәрбиесі мен білімі үшін жағдай жасалған кезде ғана бала асырап алуға рұқсат етіледі.
Мына адамдарға баланы асырап алуға тыйым салынады:
- сот әрекетке қабiлетсiз немесе әрекет қабiлетi шектеулі деп таныған адамдар;
- сот біреуін әрекетке қабiлетсiз немесе әрекет қабiлеті шектеулі деп таныған ерлi-зайыпты;
- сот ата-ана құқығынан айырған немесе шектеген адамдар;
- өзiне Қазақстан заңдарында жүктелген мiндеттердi тиiсiнше орындамағаны үшiн қорғаншы немесе қамқоршы мiндеттерінен шеттетiлген адамдар;
- бұрын бала асырап алғанымен, сот олардың кінәсінен бала асырап алудың күшiн жойса;
- денсаулығына байланысты ата-ана құқығын жүзеге асыра алмайтын адамдар;
- тұрақты тұрғылықты жері жоқ адамдар;
- дәстүрлi емес жыныстық бағдар ұстанатын адамдар;
- қасақана қылмыс жасағаны үшін өтелмеген соттылығы бар адамдар;
азаматтығы жоқ адамдар;
- тіркелген некеде тұрмаған (ерлі-зайыпты болмаған) еркек адамдар;
асырап алынған баланы заңнамада белгіленген ең төмен күнкөріс деңгейімен қамтамасыз ететін табысы жоқ адамдар;
- наркологиялық немесе психоневрологиялық диспансерлерде есепте тұратын адамдар;
- адам өлтіру, денсаулыққа қасақана зиян келтіру, жыныстық тиіспеушілікке қарсы қылмыстық құқықбұзушылықтары, экстремистік немесе террористік қылмысы, адам саудасы үшін соттылығы бар немесе болған, қылмыстық қудалауға ұшырап отырған немесе ұшыраған адамдар;
- Қазақстан аумағында тұрақты тұратын, "Неке және отбасы туралы" кодексте белгіленген тәртіппен психологиялық даярлықтан өтпеген қазақстандықтар.
Сондай-ақ, заңды түрде некелеспеген адамдар баланы бiрлесiп асырап ала алмайды.
Ел аумағында тұратын қазақстандықтар бала 18 жасқа толғанға дейін жылына кемінде бір рет қорғаншылық немесе қамқоршылық органына асырап алынған баланың тұрмыс, оқу, тәрбие жағдайы және денсаулық жағдайы туралы есеп беруге міндеттеледі.
Жас айырмашылығы.
Бала асырап аларда жас айырмашылығын да ескерген жөн.
Бала асырап алушы мен асыранды баланың жас айырмасы кем дегенде 16 жас болуға тиіс. Сот шешімімен кейбір себептер бойынша жас айырмасы қысқартылуы мүмкін.
Егер баланы өгей әкесi немесе өгей шешесi асырап алса, жас айырмасы талап етілмейді.
Ағайынды балаларды ажыратуға болмайды
- заң бойынша бір отбасында тәрбиеленген ағалы-iнiлі және апалы-сiңлiлі балаларды әртүрлi адамдар асырап ала алмайды.
- егер ағайынды балалар өздерінің туыс екенін білмесе, бірге тұрмаған болса және бірге тәрбиеленбесе онда ешқандай тыйым жоқ.
- бір адам ағалы-iнiлi және апалы-сiңлiлi (қарындасы) немесе бір-бірімен өзара туыстық қатынасы жоқ бiрнеше баланы асырап алуы мүмкін.
Бала асырап алу үшін қандай құжаттар қажет
- бала асырап алу процесін бала асырап алуға ниет білдірген адамның өтінішімен сот жүргізеді. Сот отырысына міндетті түрде бала асырап алушы, қорғаншылық немесе қамқоршылық органының өкілі, сондай-ақ прокурор қатысады.
- бала асырап алғысы келетін қазақстандықтар мына құжаттарды тапсырады:
- қорғаншылық/қамқоршылық органына бала асырап алуға тілек білдіргені туралы өтініш;
- жеке басын куәландыратын құжаттың көшірмесі;
- жақын туыстарының бала асырап алуға жазбаша келісімі;
- жиынтық кірісінің мөлшері;
- отбасылық жағдайы туралы анықтама;
- денсаулық жағдайы туралы анықтама;
- сотталмағандығы туралы анықтама;
- тұрғын үйі бар екенін растайтын құжат;
- психологиялық даярлықтан өткені туралы сертификат.
Бұған қоса, он жасқа толған баланы асырап алу үшін оның келісімі қажет.
Бала асырап алушыға төленетін жәрдемақы
Республика аумағында тұрақты тұратын қазақстандық отбасыға жетім немесе ата-анасының қамқорлығынсыз қалған баланы асырап алуына байланысты біржолғы ақшалай төлем беріледі.
Бала асырап алушылар мемлекеттен 75 АЕК мөлшерінде біржолғы көмек алады. 2023 жылы оның сомасы 258 750 теңгені құрайды.
Егер отбасы жаңа туған нәрестені бауырына басса, оларға декреттік төлемдер және бала күтіміне байланысты жәрдемақы төленеді.
Сондай-ақ кейбір жағдайларда қосымша жәрдемақы қарастырылған:
- бала күтімімен айналысатын адам міндетті әлеуметтік сақтандыру жүйесіне қатыспаса;
- міндетті әлеуметтік сақтандыру жүйесінің қатысушысы, 2008 жылғы 1 қаңтарға дейін туған баланың күтімімен айналысатын адам;
- отбасының жан басына шаққандағы табысы азық-түлік себетінің құнынан төмен болған жағдайда;
мүгедектігі бар баланы тәрбиелеп отырса.
Айта кетері, бала асырап алудың күші жойылған жағдайда бала асырап алған адам біржолғы ақшалай төлемді бюджетке қайтаруға міндетті.
Асыранды баланың аты-жөні мен туған күнін өзгерту.
Бала асырап алған адамның өтінішімен асыранды балаға оның тегi, сондай-ақ ол көрсеткен есім берiледi. Егер бала асырап алған ерлi-зайыптының тегі әртүрлi болса, онда ерлi-зайыптының келісімімен балаға олардың бiреуiнiң тегi берiледi.
Ал 10 жасқа толған асыранды баланың аты, әкесiнiң аты және тегi оның келiсiмiмен ғана өзгертiледі.
Сондай-ақ бала асырап алушының өтiнiшiмен асыранды баланың туған күнi, айы, жылы 6 айдан аспайтын мерзімге өзгертілуі мүмкін. Асырап алған отбасы баланың туған жерін де Қазақстан аумағы шегінде өзгерте алады.
Балаларды жетім қалдырмайық, жер бетіндегі әр анада, әр балада бақытты болуға лайықты! Ана болу - бір бақыт, нəрестеңді үп еткен желден қорғап, пана болу - зор бақыт!
Танбаева Бекзат Саматовна
Батыс-Қазақстан облысының кәмелетке
толмағандардың істері жөніндегі мамандырылған ауданаралық сотының
бас маманы-сот отырысының хатшысы
[xfvalue_img]
10 пікір