ТІЛ — ҰЛТТЫҢ РУХЫ
Тіл – ұлттың рухы. Оның ішінде қазақ тілі – халқымыздың болашағы, рухани өміріміздің бір бөлігі. Елбасымыздың «Мемлекеттік тілді білмейінше, мемлекеттік органдарда, қызмет көрсету саласында жұмыс істеу мүмкін болмайды», – деген сөзі бүгінгі күннің және келешектің нақты ұстанымы екендігі сөзсіз. Мемлекеттік тіл мәселесіне заң тұрғысынан қарайтын болсақ, Қазақстан Республикасындағы тіл туралы заңы Қазақстанда тілдердің қолданылуының құқықтық негіздерін, мемлекеттің оларды оқып-үйрену мен дамыту үшін жағдай жасау жөніндегі міндеттерін белгілейді.
Өркениет көшінің алдыңғы сапында болам деген елдің өзінің Ата Заңы, Әнұраны, Елтаңбасы, шекарасы, ақшасы, ең бастысы – мемлекеттік тілі болуы тиіс. Бұлардың барлығы елдігімізді танытатын басты атрибуттар. Сондықтан Ата Заңымызда «Қазақстан Республикасының мемлекеттік тілі – қазақ тілі»- деп жазылғанда, «орыс тілі ресми тіл» деп көрсетілген. Ендеше, мемлекеттік тілді білу, қорғау, оның қолдану аясын кеңейту кез келген қазақстандықтың абыройлы міндеті болуы қажет, ресми тіл тек қосымша көмекші тіл ғана. Алаш арысы Ахмет Байтұрсыновша пайымдасақ: «Ұлттың сақталуына да, жоғалуына да себеп болатын нәрсенің ең қуаттысы –тіл» екендігі ақиқат. Осы ретте, ҚР Президенті Қ.Тоқаевтың «Қазақтың тілі – қазақтың жаны! Халқымыздың тарихы да, тағдыры да – тілінде. Мәдениеті мен әдебиеті де, ділі мен діні де – тілінде. В.Радлов айтқандай, «Қазақ тілі – ең таза әрі бай тілдің бірі». Тіл өткен тарихпен ғана емес, бүгін мен болашақты байланыстыратын құрал. Меніңше, тілдің тұғыры да, тағдыры да бесіктен, отбасынан басталады. Отбасында ана тілінде сөйлеп өскен бүлдіршіннің тілге деген ықыласы терең, құрметі биік болады. Біз мемлекеттік тілдің мәртебесін көтеру бағытындағы жұмыстарды үздіксіз жалғастыра береміз» – деп атап айтуында кемеңгерлік үлкен терең саясат, көрегендік, тілге деген зор құрмет жатыр. Сот саласында қаралатын істердің, ішкі құжат айналымының мемлекеттік тілде жүргізілуінің пайызға шаққандағы үлес салмағының жыл сайын көбейе түсуі көңілге қуаныш ұялатады. Ақжайық аудандық сотында мемлекеттік тілдің мәртебесін көтеріп, қолдану аясын кеңейту бағытында соңғы жылдары біршама істер тындырылғанын атап өткен жөн. Сотта өтетін түрлі семинарлар мен «дөңгелек үстел» басындағы кездесулер, мәдени шаралар негізінен мемлекеттік тілде өтеді. Құжат айналымы да мемлекеттік тілде жүргізіледі. Судьялар мен сот қызметкерлері қазақ тілін жетік меңгерген. «Тіл туралы» заңды басшылыққа ала отырып, олардың мемлекеттік деңгейдегі кәсіби біліктілігін арттыру күн тәртібінен түспейді. Өйткені, тіл – біздің анамыздың ақ сүтімен дарыған сарқылмас қазынамыз, баға жетпес байлығымыз.
Айгуль Туралиева
Ақжайық аудандық сотының жетекші маманы Батыс Қазақстан облысы
[xfvalue_img]