Гендерлік теңдік
Гендерлік саясат - өмір құндылықтарының барлық саласына қатысты еркек пен әйел арасында теңдік орнатуға бағытталған мемлекеттік және қоғамдық іс-әрекеттер, жыныстың басым болуынан - екі жыныстың серіктестігі мен ынтымақтастығына ауысу.
Бұл мәселе төңірегінде соңғы кезде қазақ қоғамында түрлі пікірлер айтылуда. Бірі гендерлік саясат ерлер мен әйелдердің әлеуметтік теңдігін қалыптастыру, бірі жыныстың екінші жыныстан артықшылығы мен басымдылығы туралы пікірді түбірімен жою, ерлер мен әйелдердің өмір тәжірибелерінің ерекшеліктерін ескере отырып, гендерлік теңдік қағидасына негізделген сана мен мінез-құлық түрлерінің жаңа үлгілерін қалыптастыру деп таныса, басқалары қазіргі қазақ қоғамында еркек пен әйел тең болсын дейтіндей теңсіздікке жол берілген жоқ, елімізде министр, депутат, вице-министр сынды, тағы да басқа лауазымды қызметтердің тізгінін ұстап жүрген әйелдер баршылық және бұл жағдай гендерлік саясат жөнінде айтылмай тұрып-ақ болған, сондықтан оны ұлттық мәселеге айналдырудың да қажеті жоқ деген пікірлер айтты.
Ия, қазіргі заманда әйелге деген көзқарас өзгерді. Ол бұрынғыдай тек «шаңырақтың сақтаушысы», «отбасының ұйтқысы», «бала күтуші» ғана емес, ол бүгін қоғамның барлық саласында белсенді еңбек етіп, кәсіпкерлікке де, әскери іске де, ғылымға да араласып жүр. Мемлекет қайраткері, батыр атанған әйелдер қаншама. Ол билік басында да отыр, яғни әйелдер қысымшылық көруде деуге негіз жоқ.
Әрине, гендерлік саясат - мемлекеттің саясаты. Қазақстан Республикасы Президентінің жанындығы Әйелдер істері және отбасылық-демографиялық саясат жөніндегі ұлттық комиссия біраз игі істердің бастаушысы болып, үлкен жетістіктерге қол жеткізді. «Ерлер мен әйелдердің тең құқықтарының және тең мүмкіндіктерінің мемлекеттік кепілдіктері туралы» және «Тұрмыстық зорлық-зомбылықтың профилактикасы туралы» Заңдар қабылданып, қарқынды жұмыс жасауда.
Алайда, ұлтымыздың ғасырлар бойы ұрпағына сіңірген үздік қасиеттерін, халқымыздың қалыптасқан дәстүрлі отбасылық өмір сүру салты мен әулеттегі ислам шарттарының орындалуын, ұрпаққа отбасынан сіңірілетін тәлім-тәрбиені де ұмытпағанымыз жөн.
Әйел бір қолымен бесік тербесе, екінші қолымен әлемді тербейді, - дейді қасиетті жазбалар. Осы ұлағатты сөздің астарына үңілсек терең ақыл-ой мен халық даналығын, бүгінгі бүлдіршін қыз ертеңгі келін, ана, одан әулет әжесі, ұрпақ тәрбиешісі сынды абзал қасиеттерді көреміз.
Қазақ халқы қашан да қыз баланы ерекше құрметтеп, оның бойына ұлттық тәлім-тәрбиені сіңіріп, әйелді бірлік пен ынтымақтың ұйытқысына балаған. Ал ер баланы жастайынан ержүректілікке, елін қорғауға, дұшпанына қатал болғанымен досқа, ата-анаға, жарына адал, әлсізге қамқор болуға, отбасын асырауға баулыған.
Мінекей, ұлтымыздың ғасырлар бойы бала тәрбиесінде ұрпағына сіңірген асыл да текті қасиеттері осындай еді.
Отбасының табиғи тепе-теңдігі, тыныштығы, еркек пен әйелдің әрқайсысының өзіне тән қасиеттері, бірін-бірі толықтырып отыруы - шаңырақтың шайқалмауының, кішігірім мемлекет - жанұяның береке-бірлігінің кепілі. Ал отбасының тұтастығы - бүкіл мемлекеттің тұтастығы, тұрақтылығы.
Әйел затының бірінші парызы өмірге дені сау ұрпақ әкелу, перзентіне дұрыс тәрбие беріп, салауатты қылып өсіріп, қоғамға қосу. Әйел үшін бақыттың да, байлықтың да шыңы осы, себебі балалы әйел мейірімді, балалы үй мерекелі, берекелі.
«Әйелдің бағы ерімен бірге», «Балалы үй базар»,- деген сөз оралымдары да тектен-тек айтылмаса керек. Гендерлік саясат деп ұрандатып жүріп, имандылықтан, ұлттық озық қасиеттерімізден, әйелдік табиғи арнауымыздан айрылып қалмасақ болғаны.
Әрине, қыздарымыз қоғамда өз орнын тауып, саясатты да, бизнесті де, ғылымды да меңгеріп, ер азаматтардан қалыспай еңбек етуде. Табиғатынан сергек, сезімтал әйел заты ізденушілікке бейім, қандай істі де үлкен жауапкершілікпен атқарады. Алайда, бұл көріністің екінші қыры да бар, билік басында жүрген нәзік жанды аруларымызда бірте-бірте қатаңдық, еркекмінезділік пайда болады. Жұмысбастылық өз жеке өміріне көңіл бөлуге уақыт қалдырмай, жылдар өте есейген шақта жанында қамқор болар ері жоқ, бауырында мейірімін тарқатар сәбиі жоқ, тұрмыс құрмаған, әйел ретінде табиғи арнауын орындай алмаған қыздарымыздың саны көбейіп барады. Ал үйлі-баранды болғанның өзінде де жұмысбасталық үйдің тірлігінен қол үздіріп, бала тәрбиесіне де салғырт қарауға әкеп соғып жатады. Ерлі-зайыптылардың ажырасуының бір себебі осы.
Бұл әйел қоғамға араласпасын деген сөз емес. Билік жүйесінде, басқа салада жұмыс істеп-ақ отбасы мен бала тәрбиесін қатар алып жүрген нәзік жанды аруларымыз баршылық. Әйтседе, әйелдің басты парызы ұрпақты жалғастыру, отбасының жылуын сақтау екенін естен шығармаған жөн.
Тағы бір сананы мазалаған мәселе - еркектің ертедегі ер тұлғасының, парасаттылығының өзгеруі, ұсақталуы. Бүгінгі күні қоғамдағы әйел мен еркектің орны туралы түсініктер мен құндылықтар өзгеріске ұшырауда. Өкініштісі, кейбір еркектер үйде отырып, бала тәрбиелеп, ал әйелінің қызмет жасап, табыс тауып, отбасын асырағанына намыстанбайды да, қалыпты жағдай санайды.
Әлбетте, қазақ ер-азаматын құрметтеп, әйел баласынан бір табан жоғары қойған, себебі ер ел қорғаны, отбасын асыраушы, әйелдің серігі. Жаратушы Алла ең бірінші Адам атаны жаратты, содан кейін ол жалғызсырамасын деп, оның қабырғасынан Хауа ананы жаратты. Осы үйлесімділік бұзылмаса екен...
Гендерлік саясаттың шығу төркіні батыс екені, құқығы шектелген батыс әйелдері гендерлік теңдікті талап етіп, бас көтергені тарихтан белгілі. Алайда, Батыс қазіргі кезде, бала санының күрт азайып кетуіне байланысты, бұл саясаттың тиімді болмағанын мойындап отыр.
Біз, қазақ, әсірешіл халықпыз, өзгеден оқып-үйренуге бейім халықпыз. Гендердік саясат әсірешілдік емес пе?
Ақтөбе гарнизоны әскери сотының
бас маманы Г.Ж.Торжимбаева
[xfvalue_img]