Сот шешімін түсіндіру туралы арызды қарау және оны шешу тәртібі
2003 жылғы 11 шілдеде Қазақстан Республикасының Жоғарғы Соты «Азаматтық істер бойынша сот шешімі туралы» Нормативтік қаулыны қабылдады.
Шешiм түсiнiксiз болған жағдайда, істi қараған сот, iске қатысатын тұлғалардың арызы немесе сот орындаушының өтінішхаты бойынша шешiмнің мазмұнын өзгертпей, оны түсiндiріп беруге құқылы. Шешім әлi орындалмаса және оның, мәжбүрлi түрде орындалуы мүмкiн мерзiмі өтпесе, шешiмді түсіндіруге болады.
Назар аударатын нәрсе, ол, шешімді түсіндіру туралы мәселені сот, сот отырысында шешеді. Іске қатысатын адамдар немесе сот орындаушы, сот отырысының уақыты мен орны туралы хабарландырылады, бірақ олардың сот отырысына келмей қалулары, шешімді түсіндіру туралы мәселені қарау үшін еш кедергі болмайды.
Шешiмді түсiндiру туралы сот ұйғарымына апелляциялық сатыдағы сот алқасына жеке шағым берілуі не прокурор өтінішхат келтіруі мүмкін, және оның бұл тұрғыдағы шешімі түпкілікті болып табылады.
Сот шешімі түсініксіз, қарама - қайшы немесе айқын болмаған жағдайда тараптарға түсіндіріледі. Сот, шешiмдi түсiндiру туралы арызды, өтінішхатты, олар сотқа келіп түскен күннен бастап, 10 жұмыс күні ішінде қарап, шешеді. Көп жағдайда, сот шешімінің қарар бөлігінің мазмұнының түсініксіз болуы, оның орындалуының түсініксіз болуына әкеп соғып жатады. Шешімді түсіндіру қажеттілігі, әдетте, орындау кезінде, оның жекелеген ережелерінің айқын болмауына байланысты туындайды. Шешімді түсіндіру құқығы, оны шығарған сотқа тиесілі.
Кейде тараптар немесе мүдделі тұлғалар, сот белгіленген деп есептейтін және өз қорытындыларын негіздейтін мән - жайлардың айқындалмаған және нақтыланбаған сот шешімінің уәждерін, түсіндіруді талап етеді. Бұл көбінесе, сот шешімінің уәждеу бөлігін нақты негіздеуге қатысты. Сондықтан сот, бұл мәселені іске қатысушы адамдардың өтініші бойынша, сондай - ақ сот орындаушының өтініші бойынша қарайды. Сот шешімді түсіндіру бойынша, оны өзгерту немесе сот талқылауының нысаны болмаған мәселелерді жаңадан қозғай алмайды.
Қазақстан Республикасы Жоғарғы Сотының "Азаматтық істер бойынша сот шешімі туралы" жоғарыда көрсетілген нормативтік қаулысының 33 тармағына сай, егер шешім ішінара орындалған болса немесе заңда көзделген мерзім өтіп кетсе, шешім мәжбүрлеп орындатуға ұсынылуы мүмкін болса, шешімді түсіндіруге жол берілмейді. Шешімді түсіндіру кезінде, сот, оның мазмұнын өзгертуге, сондай-ақ сот шешімінде көрсетілмеген мәселелерді талқылауға құқығы жоқ.
Шешімді түсіндіріп беру туралы арыз, істі бірінші саты бойынша, осы сот қарағанына немесе осы істі апелляциялық, я болмаса кассациялық қарау кезінде жаңа шешім шығарылғанына қарамастан, шешім қабылдаған сотқа беріледі.
Шешімді шығарған сот, оны түсіндіреді, бірақ істі сол кезде қараған құрамда болу, міндетті емес, өйткені осы шешімді шығару мен оны түсіндіру арасында, кейде ұзақ уақыт өтуіде мүмкін және сот құрамы (оның ішінде судья) бұл кезде өзгеруі де мүмкін. Алдын ала сот отырысында, нақты дауда қолданылатын заң нормаларын тараптардың қалай түсінетінін сот анықтап, ауызша түсіндірме жасауы да мүмкін. Бұл жағдай, кеңесу бөлмесінің құпиялылығын бұзбайды, себебі «Сот шешiмi туралы» нормативтік қаулының тармағына сәйкес, заңмен белгiленген жазбаша нысанда дайындалмаған және судья қол қоймаған ауызша қорытындылардың жария етілуі, сот түсіндірмесі болып табылмайды.
Судья, сот шешімін жариялағаннан кейін, міндетті түрде басшылыққа алатын негізгі 3 мәселеге тоқталуы керек. Олар «Азаматтық істер бойынша сот шешімі туралы» нормативтік қаулымен бекітілген, яғни бірінші – шешімнің мәні, екінші – шешімнің уәждері және соңғысы – шешімнің құқықтық салдары. Шешімнің мәні ретінде талап қоюдың негізі мен нысанасы, шешім қабылдауға негіз болған жағдайлар мен дәлелдемелер қысқаша және қарапайым тілде түсіндірілуі қажет. Шешімнің уәждері ретінде, судья тараптардың негізгі уәждері мен дәлелдемелерін қабылдағанын немесе оларды қабылдаудан бас тартқан себептерін және қажеттілікке байланысты басшылыққа алынған заң нормасы, түсінікті түрде жеткізілуі қажет. Шешімнің құқықтық салдары ретінде сот шешімі заңды күшіне енгеннен кейін, тараптар үшін қандай салдары болатынын және бұдан туындайтын міндеттемелер туралы да түсіндіру керек.
Сот шешімін түсіндіру туралы арыз, азаматтық сот ісін жүргізудің жалпы қағидалары бойынша, іске қатысушы адамдарды хабардар ете отырып, ашық сот отырысында қаралады. Сот шешімін түсіндіру туралы мәселенің қаралатын орны мен уақыты туралы хабарланған адамдардың келмей қалулары, істі кейінге қалдыруға негіз емес. Сот шешімін түсіндіру, жеке іс жүргізу құжаты ретінде, соттың ұйғарымы түрінде ресімделеді және ол, мазмұнға қойылатын барлық талаптарға толық сай келіп, жауап беруге тиіс. Осы ұйғарым іске тігіледі және сот шешімінің бір құрамдас бөлігі ретінде қаралады. Сот шешімі, былай қарағанда мемлекеттік биліктің мәртебесін нақты айқындайтындықтан, заңдылық пен негізділіктің талаптарына толық сай келуі қажет.
Р.Кыдыралин
Ақтөбе гарнизоны
әскери сотының төраға м.а.
[xfvalue_img]
21 пікір