Әкімшілік әділет. Сот актілерін орындау мәселелері
Еліміздің сот жүйесі тарихына сот іс жүргізудің жаңа түрі әкімшілік әділеттің енгізілгеніне бір жарым жылдың жүзі болды.
Жалпы, жеке және заңды тұлғалармен мемлекеттік органдардың шешімдері (әрекет, әрекетсіздік) дауланған жағдайда соңғылар қандайда бір басымдыққа ие болатыны жасырын емес.
Осындай келеңсіздік пен мемлекеттік органдар тарапынан орын алатын бюррократиялық тетіктерді жою, жария-құқықтық дауларды азаматтық іс жүргізуден жеке бөлектеп, оларды қарау мен шешу мақсатында нақты шешім қабылдау заман талабынан туындаған қажеттілік.
Осыған байланысты 2020 жылғы 29 маусымда Қазақстан Республикасы Әкімшілік рәсімдік-процедуралық кодексі (бұдан әрі – ӘРПК) қабылданып, 2021 жылдың 1 шілдесінен бастап қолданысқа енді.
Қазіргі таңда аталған институттың енгізілуі сәтті қадам болғанын және қоғам үшін өзінің тиімділігін көрсете бастағанын атап өткен жөн.
Басты заңымыз, Қазақстан Республикасының Конституциясымен (бұдан әрі – Конституция) белгіленгендей әркімнің өз құқықтары мен бостандықтарының сот арқылы қорғалуына құқығы бар.
Ал азаматтардың құқықтарының қорғалуында әкімшілік әділет орнады деп сот шешімі шығарылғанда емес, ол толық көлемде орындалғанда ғана айтуға болады.
ӘРПК-мен әкімшілік талап қоюдың дау айту (132б.), мәжбүрлеу (133б.), әрекет жасау (134б.) және тану (135б.) сияқты төрт түрі көзделген.
Енді осы талап қоюлар бойынша сотпен толық не ішінара қанағаттандырылған сот шешімдерінің (сот актілері) орындалуына тоқталсақ.
Конституцияның 76-бабының 3-тармағы, ӘРПК-нің 18-бабының 2-бөлігіне сәйкес сот шешімдері, заңды күшіне енген сот актілері Республиканың бүкіл аумағында. барлық мемлекеттік органдар, жергілікті өзін-өзі басқару органдары, заңды тұлғалар, лауазымды адамдар, жеке тұлғалар үшін міндетті және Қазақстан Республикасының бүкіл аумағында орындалуға жатады.
Сот шешімін орындауға жолдау мен оның орындалуын бақылау ӘРПК-нің «Сот бақылауы» деп аталатын 28 тарауымен реттеледі.
Шешім заңды күшіне енгеннен кейін үш жұмыс күні ішінде оны орындау үшін жауапкерге жіберіледі.
Жауапкер өз кезегінде сот шешімін ол заңды күшіне енген күнінен бастап бір ай мерзімде орындауға, ол туралы сотқа хабарлауға міндетті. Егер жауапкер сот шешімін белгіленген мерзімде ерікті түрде орындамаса, сот ӘРПК-нің 127-бабында белгіленген мөлшерде, яғни 50 он айлық есептік көрсеткіш (АЕК) мөлшерінде ақшалай өндіріп алуды қолданады.
Жауапкердің сот шешімімен қоса ақшалай өндіріп алу туралы сот ұйғарымын орындамауы даусыз тәртіппен осы Кодекстің 127-бабының 9-бөлігінде сәйкес 10 АЕК ұлғайтылған мөлшерде қайтадан ақшалай өндіріп алуға алып келеді.
ӘРПК-нің қабылдануына орай Қазақстан Республикасы Жоғарғы Сотының жанындағы Соттардың қызметін қамтамасыз ету департаменті (Қазақстан Республикасы Жоғарғы Сотының аппараты) (қазіргі Сот әкімшілігі, бұдан әрі – Департамент)) басшысының 2021 жылғы «14» маусымда № 6001-21-7-6/212 өкімімен аудандық және оған теңестірілген сотта ic қағаздарын жүргізу ережесіне (бұдан әрі – Ереже) толықтырулар бекітілді.
Ереженің 11.5 тарауымен әкімшілік істер бойынша сот актілерін орындау тәртібі қарастырылған.
Сот шешімді (сот актісін) орындауға жолдай отырып, жолдама хатта шешімнің заңды күшіне енген күнін, орындалу мерзімін, ерікті түрде орындалмаған жағдайда туындайтын салдары туралы түсіндірме, егер сот актісінде мемлекет пайдасына мемлекттік баж, ақшалай қаржы өндіру болса оны төлеуге арналған рекизит туралы мәліметті көрсетуге құқылы.
ӘРПК-нің 171-бабының мазмұнына сәйкес жолдамаға тек шешімінің заңды күшіне енгені жөнінде судьяның электронды цифрлы қолтаңбасымен (бұдан әрі –ЭЦҚ) белгі қойылған көшірмесі тіркелуі қажет.
Сот актісінің заңды күшіне енгені жөнінде ЭЦҚ Департамент (қазіргі Сот әкімшілігі) басшысы Н.Ахметзакировтың 2020 жылғы 29 шілдедегі № 18 бұйрығымен бекітілген, Қазақстан Республикасы Цифрлық даму, қорғаныс және аэроғарыш өнеркәсібі министрлігімен келісілген «Электрондық құжатқа қойылатын техникалық талаптар және оның соттың автоматтандырылған ақпараттық жүйесінде айналыс қағидалары»-ның (бұдан әрі – Қағидалар) 48 тармағының талабына сәйкес жүзеге асырылады.
Шешім толық орындалғанға дейін соттың бақылауында болады.
Түсінікті болу үшін төмендегідей кейстерді мысал ретінде келтіріледі.
- Талап қоюшының (жеке немесе заңды тұлға) жауапкер мемлекеттік кіріс органдарына (салық органы) камералды бақылу нәтижелері бойынша шығарылған хабарламаларын заңсыз деп тану және оның күшін жою туралы талап қоюы қанағаттандырылған жағдайда шешім заңды күшіне енгеннен кейін жауапкерге (салық органына) орындауға жолданады.
Шешім іске қатысушы тұлғалармен апелляциялық шағым не (немесе) прокурормен өтінішхат келтірілмесе ол түпкілікті дайындалған күннен бастап екі ай мерзім өткен соң заңды күшіне енеді.
Заңды күшіне енген шешімді алған жауапкер (салық органы) өз кезегінде оған сәйкес камералды бақылау нәтижелері бойынша шығарылған хабарламаның күші жойылғаны туралы бұйрық шығарып, шешімнің орындалғаны туралы жауап хатпен сотқа жолдайды.
- Талап қоюшының жауапкер «Қазынашылық мекемеге» мемлекеттік сатып алудың жосықсыз қатысушылар тізілімінен алып тастау туралы талап қоюы қанағаттандырылған шешімнің заңды күшіне енуі ол шығарылған күннен бастап он жұмыс күнінен құрайды. Осы мерзім өткен соң шешім орындауға жолдануға жатады.
Ал жауапкер өз кезегінде шешімге сәйкес әкімшілік актінің күшін жою туралы әрекеттерді жүргізіп, талап қоюшының мемлекеттік сатып алудың жосықсыз қатысушылар тізілімінен алып тасталғаны және ол жөнінде талап қоюшыға хабарланғаны туралы сотқа жауап хат жолдауы тиіс.
- Талап қоюшының (жеке немесе заңды тұлға) жауапкер сот орындаушының әрекетін (әрекетсіздігін), қаулыларын заңсыз деп тану және оның күшін жою туралы талап қоюы қанағаттандырылған жағдайда шешім жоғарыда аталғандай тәртіппен орындауға жолданады. Бұл санаттағыда даулар бойынша да шешімнің заңды күшіне ену мерзімі 10 жұмыс күнін құрайды.
Заңды күшіне енген сот шешімін алған жауапкер шешімге сәйкес өзінің дауланған қаулысының (әкімшілік акті) күшін жою туралы жаңа қаулы қабылдап шешімінң орындалғаны жөнінде жауап хатпен сотқа жолдайды.
Жалпы, дауланған әкімшілік актінің күші жауапкермен ол әкімішік акт қандай тәртіппен қабылданса сондай тәртіппен жойылуға жатады. Ал оның күшінің жойылуына заңды күшіне енген сот шешімі (сот актісі) негіз болып табылады.
Процестік шығын (мемлекеттік баж, өкілдік шығын), ақшалай өндіріп алудың орындалу тәртібі. Атқару құжаты қандай жағдайда жазылуы қажет?
Заң шығарушы әкімшілік істер бойынша атқару құжатының қандай жағдайда қолданылатынын ӘРПК-нің 172-бабымен белгілеген. Оған сәйкес жауапкерді ақша сомасын төлеуге міндеттейтін, ерікті түрде орындалмаған соттың шешімі атқару парағының негізінде мәжбүрлі түрде орындалады, ол талап қоюшының арызы бойынша жазып беріледі деп нақты көрсетілген.
Сонымен қатар, атқару құжатының мазмұны, жазылу, жолдану тәртібі мен Ереженің 163,164 тармақтарымен, Қағидалардың 7 тарауымен де белгіленген.
ӘРПК-мен өзгеше тәртіп көзделмесе, әкімшілік сот ісін жүргізуде Азаматтық процестік кодекстің ережелері қолданылатынын ескерсек атқару қағазы азаматтық істер бойынша жазылатын атқару қағазының мазмұны мен тәртібіне сай келуі тиіс.
ӘРПК-нің 127-бабымен процестік мәжбүрлеу шарасы - ақшалай өндіріп алудың қандай жағдайларда қолданылатыны, қанша мөлшерде және қалай орындалатыны белгіленген. Осы баптың 2,6 бөліктеріне сәйкес ақшалай өндіріп алу туралы ұйғарым көшірмесі ақшалай өндіріп алу қолданылатын адамға табыс етіледі. Ал оны төлеу ұйғарым табыс етілген күннен бастап бес жұмыс күні ішінде жүзеге асырылады және ол республикалық бюджеттің кірісіне өндіріп алынады. Яғни осы аталған мерзімде ақшалай өндіріп алу қолданылған адам ұйғарымды ерікті түрде (атқару құжатынсыз) орындауы тиіс.
Алайда заңнамамен ұйғарым аталған бес жұмыс күнінде ерікті түрде орындалмаған жағдайда, ол атқару құжатының негізінде орындалуға жататыны немесе қайталама ақшалай өндіріп алу туралы ұйғарым шығарылуы қажет екені жөнінде нақты белгіленбеген. Сол себепті аталған баптың 6 бөлігі заңнамалық тұрғыда реттеуді қажет етеді.
Демек, әкімшілік сот ісін жүргізудің сот ісін жүргізудің өзге нысандарынан ерекшелігін ескерсек, сот шешімін (сот актісін) орындауға жолдау ӘРПК, Ереже, Қағидалармен көзделгендей тәртіппен, бірден атқару құжаты жазылмастан жүзеге асырылуы қажет. Сот актісін орындау үшін оның заңды күшіне енген белгісі қойылған көшірмесін жолдау жеткілікті.
Мұндай әдіс әкімшілік әділеттің ерекшелігі мен жауапкердің әкімшілік (мемлекеттік) орган, лауазымды адам болуымен байланысты болса керек.
Оның үстіне сот актісін атқару құжаты арқылы орындау ӘРПК-нің 171-бабының 2-бөлігінде көзделген бір ай мерзімнен ұзақ мерзімге созылып кетуі мүмкін. Себебі, атқару құжаты сот орындаушыға жолданады, ол өз кезегінде "Атқарушылық іс жүргізу және сот орындаушыларының мәртебесі туралы" Қазақстан Республикасы Заңына сәйкес қажетті, мерзімді атқарушылық әрекеттерді жүргізеді. Жеке сот орындаушы болса қызметіне қосымша ақы өндіреді.
Ал әкімшілік органның лауазымды адамына не сот орындаушыға қатысты сот орындаушының атқару құжатпен байланысты мәжүрлеп орындау шараларын жүргізуі мемлекеттік қызмет мәртебесіне оң әсер етпесі анық. Бюрократиялық жағдай туындататып, созбалаңдыққа әкеп соғады.
Жалпы «сот актілері» сөзінің ұғымы кең, ол шешім, ұйғарым, қаулы не үкім сияқты нысандарды білдіреді. Тек сот ісін жүргізудің түріне қарай қолданылады.
Әкімшілік жауапкермен орындалуы тиіс міндеттер тек сот шешімімен ғана емес ұйғарым не қаулы нысанында да қабылдануы мүмкін.
Ал ӘРПК-нің 171-бабы тек сот шешіміне қатысты болғандықтан ұйғарым, қаулы нысанында қабылданған сот актілерін орындауға жолдау, орындату тәртібі реттеуді қажет етеді.
Осыған байланысты ӘРПК-нің 171-бабының атауындағы, яғни «соттың шешімін» сөзін «сот актісін» деп ауыстыру немесе «сот актісі» деп жақша ішіне алып толықтыру орындаушылық тәртіпті реттеуге ықпал етер еді.
Осы ретте сот актісінің талап қоюшының пайдасына өндірілуге қатысты бөлігіне назар аударған жөн.
ӘРПК-нің 122 бабының, АПК-нің 109-бабы 1-бөлігіне сәйкес сот, өзінің пайдасына шешім шығарылған тарапқа іс бойынша жұмсалған барлық сот шығыстарын басқа тараптан алып береді.
Осы ретте сог шығыстары (мемлекеттік баж) талап қоюшының пайдасына өндірілеген (қайтарылған) жағдайда салық органы (жауапкер) сотқа талап қоюшының өзіне тиісті нысандағы арызбен жүгінбегенін хабарлайды. Осылайша сот актісінің орындалуы осы бөлігінде белгісіз болып жатады.
Меніңше сот актісінің осы бөлігінде орындалуы жөнінде мәліметті бір ай мерзімде сотқа ұсынуды талап қоюшыдан талап еткен дұрыс. Сәйкесінше бұл жөнінде ӘРПК-нің 171-бабының 2-бөлігін тиісті абзацпен толықтыру қажет.
Келесі, әкімшілік заңнаманың төмендегі нормаларына назар аударсақ.
ӘРПК-нің 168-бабының 4-бөлігіне сәйкес уәкілетті органның мемлекеттік сатып алуды өткізуді тексеру қорытындылары бойынша шешімдеріне, қорытындыларына, нұсқамаларына және сот орындаушыларының әрекетіне (әрекетсіздігіне) дау айту туралы әкімшілік істер бойынша апелляциялық шағым, прокурордың өтінішхаты шешім шығарылған күннен бастап он жұмыс күні ішінде берілуі мүмкін.
Осы Кодекстің 171-бабының 2-бөлігінде жауапкер әкімшілік іс бойынша соттың шешімін заңды күшіне енген күнінен бастап бір ай мерзімде орындауға міндетті, ол туралы сотқа хабарлауға тиіс деп белгіленген. Яғни осы норма әкімшілік даулар бойынша қабылданатын барлық шешімдерге қатысты.
Онымен қоса, ӘРПК-нің 151-бабының 2-бөлігіне сәйкес шешім ауызша талқылау аяқталған күннен бастап он жұмыс күнінен кешіктірілмей дайындалады.
Заң шығарушы жоғарыда аталған дауларға (ӘРПК 168б. 4б.) қатысты талап қоюшының құқығын қорғау және оны барынша тезірек жүзеге асыру мақсатында шешімнің заңды күшіне енуіне шектеулі (10 жұмыс күні) мерзім белгілегенімен, оның орындалуы мерзімін заңды күшіне енген күннен бастап бір ай мерзімге дейін ұзартып жіберген.
Сонымен қатар, сот шешімін дайындау және тараптармен оған апелляциялық шағым келтіруге де бірдей мерзім белгіленгенін атап өту керек.
Сондықтан да ӘРПК-нің 171-бабының 2-бөлігін осы Кодекстің 168-бабының 4-бөлігінде көзделген даулардың ерекшелігі ескеріле отырып, оны орындауға бір айдан аз мерзім белгілеп, қосымша мәтінмен толықтырған дұрыс деп санаймын. Ал ӘРПК-нің 151-бабының 2-бөлігі мен 168-бабының 4-бөлігін мерзімдер тарапынан сәйкестендіру қажет.
Астана қаласының мамандандырылған ауданаралық әкімшілік сотының бас маманы А.Сарсенбайқызы
[xfvalue_img]
18 пікір