Сот жүйесі – жауапты сала
Бүгінде мемлекеттік қызметшінің әдебі мен мінез-құлқына айрықша мән беріледі. Мемлекеттік қызметшінің имиджі жоғары кәсібилік пен жеке құзіреттерге, моральдық-адамгершілік қасиеттерге және әдептілік мінез-құлыққа тікелей байланысты. Мемлекет мүддесіне қайшы келетін және азаматтардың құқығына залал келтіретін іс қимылдарға қарсы тұру, заңмен белгіленген шектеулерді сақтау – мемлекеттік қызметшіге жүктеліп отырған міндет.
Сонымен бірге, сеніп тапсырылған мемлекеттік меншікті, оның ішінде, автокөлік құралдарын тек қызметтік мақсатта орынды және тиімді пайдалану, активтердің түгелдігін қамтамасыз ету және қызметтік міндеттерді атқару үшін материалдық-техникалық ресурстарды, яғни, мүлік, көлік, жабдықтар, кеңсе заттарын күтіп ұстау да қызметшілер қаперінен шығарылмауы тиіс талаптар. Осы аталмыш дүниелердің қай-қайcысын да жеке мақсатқа пайдалануына үзілді-кесілді тыйым салынған. Өйткені, мемлекет мүлкін жеке басына пайдалану лауазымдық міндеттерді орындауға кедергі келтіреді.
Жалпы, мемлекеттің беделін мемлекеттік қызметшілердің іс-әрекетінен, қызметінен бөліп қарауға болмайды. Халықпен қарым-қатынас кезінде мемлекеттік қызметшілер барлық әдеп, қызмет нормаларын ұстануы тиіс. Себебі, қоғам мүшелері алдындағы сәл ғана қателік немесе қызмет көрсетудегі кемшілік азаматтардың тұтас мемлекетке деген күмәнін тудырады. Бір сөзбен айтқанда, мемлекеттік қызметші жан-жақты дамыған тұлға болуы, үнемі салауатты өмір салтын ұстануы және отбасы құндылықтарын насихаттауы қажет.
Кез келген жағдайда әдеп қағидаларын сақтау қоғамның мемлекеттік қызметке деген жоғары сенімінің негізі, ал қызметтік қарым қатынастағы мінез-құлық ұжымда түсінік пен сенім атмосферасын қалыптастырудың төте жолы. Өз кезегінде қолайлы жұмыс атмосферасы мемлекеттік қызметшіге өз әлеуетін толық ашуға, көзқарасын ашық айтуға, біліммен бөлісуге және жалпы міндеттерді орындауға, ұжымды жұмылдыруға жағдай жасауға мүмкіндік туғызады. Сондықтан да, халыққа қызмет ететін адамдардың бойында жауапкершілікпен қатар, адалдық және әділдік қоғам мен азаматтардың сенімін нығайтуға ықпал етеді десек, қателеспейміз.
Ақтөбе гарнизоны әскери сотының сот приставы
Н.С.Қыдырғали
[xfvalue_img]