Қылмыстық процестегі мемлекеттік тілдің қолданылуы
Қазақстан Республикасы Конституциясының 7 бабында мемлекеттік тіл - қазақ тілі, алайда мемлекеттік ұйымдарда және жергілікті өзін-өзі басқару органдарында орыс тілі ресми түрде қазақ тілімен тең қолданылады делінген. Бұл норма еліміздің көп ұлтты мемлекет және көпшілік қауымның қолданыстағы тілі орыс тілі екендігінің тағы бір дәлелі екендігін мойындатады.
Жалпы мемлекеттік тіл мен ресми тіл ұғымының айырмашылығына тоқталып өтсек.
Қазақстан Республикасындағы тіл туралы заңда Қазақстан Республикасының мемлекеттiк тiлi - қазақ тiлi және бұл мемлекеттiк тiл еліміздің бүкiл аумағында қоғамдық қатынастардың барлық саласында қолданылатын мемлекеттiк басқару, заң шығару, сот iсiн жүргiзу және iс қағаздарын жүргiзу тiлi деп көрсетілген.
Заң ережелері мемлекеттiк органдардың актiлерi мемлекеттiк тiлде әзiрленiп, қабылданатынын, қажет болған жағдайда басқа тiлдерге аударылуы немесе Қазақстанда ресми тіл ретінде бекітілген орыс тiлiнде әзірленуін көздейді.
Құжаттама жүргiзу тiлiне қатысты да дәл осындай ережелер заңда бекітілген.
Тіл туралы заңның 13 бабы Қазақстан Республикасында сот iсi мемлекеттiк тiлде жүргiзiлетінін, ал, қажет болған жағдайда, сот iсiн жүргiзуде орыс тiлi немесе басқа тiлдер мемлекеттiк тiлмен тең қолданылатынын айқындайды.
Осы орайда, қылмыстық сот ісін жүргізу тілінің мәртебесі жайлы да сөз қозғалмақ.
Қазақстан Республикасының Қылмыстық-процестік кодексiнің 30 бабына сәйкес, қылмыстық сот iсiн жүргiзу тiлi ретінде қазақ тілі танылады.
Заңда қылмыстық процесті жүргiзетін органдар процеске қатысушыларға сот iсiн жүргiзу тiлiнде табыс етілуге тиiс құжаттарды табыс етеді. Бұл ретте қылмыстық сот iсiн жүргiзу тiлiн бiлмейтiн адамдар үшiн құжаттардың сот iсiн жүргiзудiң осы адамдар таңдаған тiлiнде жазылған, куәландырылған көшiрмесi қоса беріледi делінген.
Демек, қылмыстық процесс жүргізу тілін анықтау алдын ала тергеу амалдарын жүргізуші органға жүктеледі. Яғни, іс материалдары қандай тілде әзірленсе, сот ісін жүргізу тілі де сол анықталған тілде болмақ. Алайда, бұл норма сотқа қатысушы тараптардың тілге қатысты құқығын шектейді деген ұғым емес.
Себебі, заңға сәйкес іс бойынша iс жүргiзiлетін тiлдi бiлмейтiн немесе жеткiлiктi түрде бiлмейтiн iске қатысатын адамдарға ана тiлiнде немесе өздері бiлетiн басқа тiлде мәлімдеме жасау, түсiнiктемелер және айғақтар беру, өтiнiшхаттар мәлімдеу, шағымдар келтіру, iс материалдарымен танысу, сотта сөз сөйлеу, заң нормаларымен белгiленген тәртiппен аудармашының қызметтерiн тегiн пайдалана алады. Ол үшін аудармашының қызметі қамтамасыз етiледi.
Президент «Сындарлы қоғамдық диалог – Қазақстанның тұрақтылығы мен өркендеуінің негізі» атты Қазақстан халқына Жолдауында қазақ тілінің мемлекеттік тіл ретіндегі рөлі күшейіп, ұлтаралық қатынас тіліне айналатын кезеңінің келетінін айтып өтті. Тіл мәртебесін нығайту бағытында да айқындалған міндеттер алға қойылды.
Үкіметтің қаулысына сәйкес Қазақстан Республикасындағы тіл саясатын іске асырудың 2020 - 2025 жылдарға арналған мемлекеттік бағдарлама да бекітілді.
Бағдарламаның сот ісін жүргізуге қатысты бөлігінде бүгінгі күні республика соттарында қазақ тілінде қаралатын істердің саны төмен деңгейде екені көрсетілген. Және сот процестеріне қатысуға тартылатын білікті аудармашылар санының жетіспеушілігі тағы бар.
Аталмыш құжатта құқық қорғау органдарында жүргізілген сауалнаманың нәтижелері де берілген. Ол бойынша халықтың 8 %-і «тек қазақ тілін қолданамын» және 25,8 %-і «көп жағдайда қазақ тілін қолданамын» деп жауап берген. Өкінішке орай, бұл статистикалық көрсеткіштер құқық қорғау саласында қазақ тілінің тиісті деңгейде қолданылмайтынын сипаттайды.
Жалпы қазақ халқын біріктіретін, ел болып қалыптасуында аса маңызды рөл атқаратын фактор - тіл екенін, ол үшін мемлекеттік тілді меңгеру жұмысын алға қою керектігін кезінде дана, ұлы Абай да айтып кеткен.
Мемлекеттiк тiлдi меңгеру - Қазақстан Республикасының әрбiр азаматының парызы. Ал мемлекеттік органдар ана тілімізді барынша дамытуға, оның халықаралық беделiн нығайтуға ат салысуы қажет. Жергілікті органдар да ана тілінің деңгейін көтеру, мемлекеттiк тiлдi еркiн және тегiн меңгеруге қажеттi барлық ұйымдастырушылық, материалдық-техникалық жағдайларды жасауға міндетті.
«Көп болып көтерген жүк жеңіл» демекші, еліміздің әр бір азаматы ана тілін үйренуге талпынып, тіл мәртебесін жоғарылатуға ат салысса тіліміздің өлмесі, халқымыздың ұлт ретінде құлдырамауы анық.
Қанат Аринов
Нұр-Сұлтан қаласы Алматы ауданының№2
аудандық сотының судьясы
[xfvalue_img]