Сот жүйесі: кеше, бүгін, ертең
Тәуелсіздік жылдары сот жүйесін дамытудың бірқатар негізгі нәтижелеріне соттардың тәуелсіздігі мен судьялардың мәртебесі айрықша бекітілуі, сот құрылымы мен сот ісін жүргізуде түбегейлі өзгерістер орын алды.
Тарихқа көз салсақ, 1991 жылы президент сайлауынан кейін, 1991 жылдың 16 желтоқсанында «Қазақстан Республикасының Мемлекеттік Тәуелсіздігі туралы» заңға қол қойылып, дәл осы күні жаңа тәуелсіз мемлекет – Қазақстан Республикасы пайда болды. Осылайша, бабаларымыздың асқақ арманы орындалып, бұған дейін декларация түрінде ғана болған мемлекеттік тәуелсіздік енді конституциялық негізге ие болып, еліміз ішкі және сыртқы саясатын дербес белгілейтін және жүргізетін тәуелсіз демократиялық және құқықтық мемлекет деп жарияланды.
1993 жылғы Конституцияның арқасында елдің сот жүйесі биліктің дербес тармағы мәртебесін алды. 1994 жылдың ақпанында сот жүйесін реформалау жан-жақты баяндалған, құқықтық реформаның мемлекеттік бағдарламасы қабылданып, сот органдарының қызметі реттелді. Әсіресе, судьялардың кәсіби деңгейін көтеру, бұл органды ұйым тұрғысынан нығайту, іс қарауда соттардың ешкімге тәуелді болмауын қамтамасыз етудің жаңа жобасы жасалды. Судьялардың қызметтік міндеті түпкілікті бекітілді.
Соттардың қызметін қамтамасыз ету функциялары Жоғарғы сот жанындағы Соттардың қызметін қамтамасыз ету департаментіне берілді. Экономикалық, әкімшілік, әскери, ювеналды және қылмыстық істер бойынша мамандандырылған соттар өз жұмысын бастады. Жоғарғы Сот жанында Сот төрелігі академиясы мен Халықаралық кеңес құрылды.
Республика соттарының сот мәжілісі залдары түгелдей аудио-, бейнежазба құрылғыларымен жабдықталып, жаңа технология азаматтардың сотқа келуін міндеттемей, арыз-шағымын «Сот кабинеті» арқылы үйінен, кеңсесінен шықпай-ақ жолдауына мүмкіндік ашты. 2011 жылы дауларды шешудің балама әдісі ретінде «Медиация туралы» заң қабылданды.
Сонымен қатар, 2014 жылы Қазақстан Республикасының жаңа Қылмыстық, Қылмыстық процестік Кодексі, Әкімшілік құқық бұзушылық туралы Кодексі қабылданды. 2015 жылдың 31 қазанында Елбасы Н.Ә.Назарбаев Қазақстан Республикасының жаңа Азаматтық процестік Кодексіне бүкіл жұртшылықтың алдында жариялы түрде қол қойып, аталған Кодекс 2016 жылдың 1 қаңтарынан бастап қолданысқа енгізілді.
2014 жылы онлайн сервистерге және сот органдарының қызмет көрсетулеріне қолжетімділіктің жалғыз терезесі болып табылатын «Сот кабинеті» электрондық жобасы іске қосылды. Қазақстанның 2010-2020 жылдарға арналған Құқықтық саясат тұжырымдамасына сәйкес, сот өндірісінің барлық сатыларын жетілдіру, құқық қорғау әлеуетін жүзеге асыруға мол мүмкіндік берді.
Қазіргі таңда, электрондық құжат айналымының біріңғай жүйесі енгізіліп, сот ісін жүргізуде заманауи бағдарламалық өнімдер пайдаланылып, ақпараттық технологиялар арқылы Қазақстан халқына көптеген ақпараттық қызметтер көрсетіліп, Республиканың сот жүйесінің тиімділігін, қолжетімділігі және ашықтығын одан әрі арттыруға қажетті жағдайлар жасалған.
Сонымен қатар, 2020 жылы қабылданып, 2021 жылғы 1 шілдеден бастап Қазақстан Республикасының Әкімшілік рәсімдік-процестік кодексі қолданысқа енгізіле салысымен жаңа мүмкіндіктерге жол ашты. Әкімшілік әділет институты бойынша дауларды қарау кезінде азаматтардың мүддесінің басым болуына мән беріледі.
2022 жылғы қаңтардан бастап ҚР Азаматтық процестік кодексіне енгізілген өзгерістер іс қарауда қолданылып, азаматтарды татуластырудың жаңа институты «сотқа дейінгі хаттама» пайда болды.
Бұл өзгерістер елдегі көптеген маңызды мәселелерді оңтайлы шешіп, азаматтардың уақыты мен қаражатын үнемдеуге, өз құқықтарын сауатты қорғауға мүмкіндік беруде. Елімізде сот жүйесін жаңғырту жұмыстарының белсенді жүргізілуі, сот өндірісін жеңілдетіп қана қоймай, сот төрелігіне ашықтық, жеделдік, қолжетімділікті қамтамасыз етеді.
Қ.А.Кувандикова
Ақтөбе гарнизоны әскери сотының жетекші маманы
[xfvalue_img]