Медиация – татуластыру механизмі
Кең дала тарихында әділеттілікті сақтауға, құқықтық қатынастардың және мәдениеттің дамуына билер белсенді ықпал етті. Қазақ халқында әрқашанда қайталанбас, біртуар тарихи тұлғалар, шешендігі мен әділдігі зор қоғам қайраткерлері ғана би атана алған. Олар қазақ құқығының басты жүктеушісі және мемлекеттің функцияларын іске асырушы бола отырып, хандардың кеңесшісі болған. Бұрын қазақ қоғамындағы әділетті, туралықты іс жүзінде қамтамасыз еткен де осы қазақтың билері еді. Олар тоқсан рулы елдің дауларын тоғыз ауыз сөзбен түйіндеп, татуластырып отырған.
Дана бабаларымыздың бірегейі әрі дара тұлғалары қазақтың үш жүзін біріктіре білген Төле би, Қазыбек би, Әйтеке билер ел арасындағы кез келген дауларды бітімгершілік жолымен шешіп отырған. Ал, осындай дана шешімдер өз кезегінде халқымыздың бірлігін, жеріміздің тұтастығын сақтап отыруға шексіз үлес қосқан. Елімізде 2011 жылдың 28 қаңтарында шыққан және қолданысқа тамыз айында енген «Медиация туралы» заң сот жүйесіне жаңашыл өзгеріс енгізіп, дауды шешудің тағы бір тетігін айқындап берді.
Осы заң қолданысқа енгізілгенге дейін талай құқықтық сүзгіден өтіп, өзге елдердің тәжірбиелері де сараланды. Медиация үшінші бейтарап тұлға медиатордың көмегімен іске асырылатын соттан тыс дау жанжалды шешу рәсімі, әрі балама шешудің неғұрлым жұмсақ нысаны болып табылады. Дегенмен, екі тарап өзара ерікті ниет білдіріп отырса, олар медиатор іздемей ақ мәселелерін өзара шешуге, ортаға ағайындар салуға талаптанып жатады.
Алайда, бұл заңға сай емес, ауызша келісім-шарт болып қалады. Көп жағдайларда жәбірленуші мен қылмыс жасауда айыпталушының арасында жағымсыз қатынас орнығып, жәбірленуші жақ байланысқа ауыр және өте си-рек түседі. Айыпталушы, жәбірленушіден кешірім сұрап, келтірген залалдың орнын толтырғысы келгенімен, жәбірленушінің көкейінде ұялаған реніштен ол өзі байланысқа шыға қоймайды.
Сонымен қатар, медиациялық келісімге келудің нәтижесінде тараптардың уақыты мен қаражаты үнемделеді, толық құпиялық қамтамасыз етіледі және медиатормен жасалған құжаттар мен материалдар жойылады. Сот өндірісімен салыстарғанда медиациялық жолмен дауларды шешу көп уақыт алмайды және тараптардың шығындарын үнемдеуге үлкен мүмкіндік береді. Сондықтан, медиация институтының болашағы зор деп айтуымызға толықтай негіз бар.
Ақтөбе гарнизоны әскери сотының кеңсе меңгерушісі
А.У.Кожина
[xfvalue_img]
7 пікір