Жазаның түрлері
Қазақстан Республикасының Қылмыстық кодексі кәмелеттік жасқа толмағандарга тағайындалатын жазаның жүйесі мен тізімін бекітеді. Оларға: айыппұл, белгілі бір қызметпен айналысу құқығынан айыру, қоғамдық жұмыстарға тарту, түзеу жұмыстары, қамау, бас бостандығынан айыру жатқызылады. Сот тәжірибесінде анағұрлым көбірек ұолданылатын жазалардың кейбір түрлерін жеке-жеке қарастырайық. Ең алдымен, айып салу — бұл сот тағайындайтын соманы ақшалай өндіріп алу. Айыппұл салған кезде, адам ақшалай төлемге байланысты белгілі бір материалдық шығынға ұшырайды.
Айыппұл жазаның жеңіл түрі және ол айлық есептік көрсеткіштің жиырма бестен жиырма мыңға дейінгі немесе сотталған адамның жалақысының немесе екі аптадан бір жылғы дейінгі кезеңдегі өзге де табысының мөлшерінде тағайындалады.
Айыппұл тағайындағанда сот жасалған қылмыстың ауырлық дәрежесін және адамның мүліктік жағдайын ескеруі тиіс. Кәмелеттік жасқа толмай сотталған адамға айыппұл дербес табысы немесе өндіріп алуға жарайтын мүлкі болған жағдайда ғана тағайындалады. Қоғамдық жұмыстарга тарту. Қоғамдық жұмыстар - бұл сотталған адамның оқудан немесе жұмысынан бос уақытында тегін қоғамдық пайдалы жұмыс атқаруы.
Түзеу жұмыстары - бұл сотталған адамды табысынын белгілі бір бөлігін мемлекет пайдасына ұстап қалу арқылы еңбекке тарту. Түзеу жұмыстарына сотталған адамның табысынан соттың үкімімен белгіленген мөлшерде, бес пайыздан жиырма пайызға дейінгі шекте мемлекет пайдасына ұстап қалу жүргізіледі.
Қамау - бұл сотталған адамды қоғамнан қатаң оқшаулау жағдайында ұстау болып табылады, олар жазаны абақтыда өтейді. Қамау бір айдан алты айға дейінгі мерзімге белгіленеді. Қамау кезіндегі оқшаулау, қамаудан да анағұрлым қатаң жаза бас бостандығынан айыру тағайындалуы мүмкін екендігін еске салуы тиіс. Қамау үкім шығару кезінде он алты жасқа толмаған адамдарға, сондай-ақ жүкті әйелдер мен кәмелеттік жасқа толмаған балалары бар әйелдерге қолданылмайды.
Бас бостандығынан айыру - сотталушыны колония - қонысқа жіберу, жалпы, қатаң, ерекше режімдегі түзеу колониясына немесе түрмеге отырғызу жолымен оқшаулаудан тұрады.
Бас бостандығынан айыру кезінде сотталған адамның құқықтық жағдайына шек қойылады. Ол оған шек қоюдан көрінеді. Адам жүріп-түру еркіндігінен, еңбек қызметін тандаудан айырылады, өз уақытына билік етуі шектеледі. Бас бостандығынан айыру алты айдан он бес жылға дейін, ал ерекше ауыр қылмыстар үшін жиырма жылға дейінгі мерзімге не өмір бойына белгіленеді. Өлім жазасы - бұл қылмыстық жазаның ең қатаң және ерекше жазалау шарасы. Өлім жазасы қылмыстардың ең тар шеңберіне тағайындалатындығымен және сирек орындалатындығымен ерекшеленеді. Өлім жазасына кесілген әрбір адам кешірім жасауды өтінуге құқылы. Сотталушыға кешірім жасау туралы өтінішті Қазақстан Республикасы Президенті жанындағы Кешірім жасау мәселелері жөніндегі комиссия қарайды. Бүгінде көптеген мемлекеттер өлім жазасын алып тастауда, оны қолдануға мораторий жариялауда немесе іс жүзінде мүлде қолданбай келеді.
Ақмола гарнизоны әскери сотының сот приставы М.Газезова
[xfvalue_img]
17 пікір