Күзетпен ұстау түріндегі бұлтартпау шарасын санкциялау
Қазақстан Республикасының Қылмыстық-процестік заңнамасына сәйкес, бұлтартпау шарасын санкциялау туралы өтінішхаттарды қарау сотқа дейінгі іс жүргізу сатысында тергеу судьяларының құзыретіне кіреді.
Яғни, сот сатыларында бұлтартпау шарасын таңдау, оның күшін жою, өзгерту, ұзарту мәселелері қылмыстық істі қарайтын соттың құзыретіне жатады.
Тараптар шағым және (немесе) өтінішхат берген жағдайда тергеу судьясының бұлтартпау шарасын санкциялау туралы қаулыларын қайта қарауды тиісті облыстық немесе оған теңестірілген соттың судьясы жүзеге асырады.
Қылмыстық істер бойынша іс жүргізу кезінде соттың санкциялауына күзетпен ұстау, үйқамақ, кепіл түріндегі бұлтартпау шаралары жатады.
Бұлтартпау шараларын санкциялаудың сот практикасының біркелкілігін қамтамасыз ету мақсатында Қазақстан Республикасы Жоғарғы Сотымен 24.01.2020ж. «Бұлтартпау шараларын санкциялаудың кейбір мәселелері туралы» Нормативтік қаулысы қабылданды.
Бұл Нормативтік қаулыға сәйкес, бұлтартпау шарасын санкциялау, сондай-ақ оның мерзімін ұзарту туралы шешім қабылдау кезінде тергеу судьясы күдіктінің, айыпталушының Қазақстан Республикасы Конституциясының (бұдан әрі – Конституция) 16-бабында кепілдік берілген, Азаматтық және саяси құқықтар туралы халықаралық пактінің (Нью-Йорк, 1966 жылғы 16 желтоқсан, Қазақстан Республикасының 2005 жылғы 28 қарашадағы № 91 Заңымен ратификацияланған, Қазақстан Республикасы үшін 2006 жылғы 24 сәуірде күшіне енген) 9-бабында жарияланған және Қазақстан Республикасы Қылмыстық-процестік кодексінің (бұдан әрі – ҚПК) нормаларында көзделген құқықтарының сақталуын қамтамасыз етуі қажет, -делінген.
Күдіктіні, айыпталушыны күзетпен ұстау түріндегі бұлтартпау шарасын санкциялау туралы өтінішхатты қарау қорытындылары бойынша тергеу судьясы ҚПК-нің 148-бабының жетінші бөлігінде көзделген қаулылардың бірін шығарады.
ҚПК-нің 148-бабы жетінші бөлігінің 3) тармағына сәйкес, күзетпен ұстауды санкциялаудан бас тартылған жағдайда тергеу судьясы ҚПК-нің 137-бабының бірінші бөлігінде көзделген өзге де бұлтартпау шарасын таңдауға құқылы.
Өзге бұлтартпау шарасын таңдау үшін негіздер болмаған кезде тергеу судьясы күзетпен ұстауды санкциялаудан бас тарту туралы қаулы шығарады.
ҚПК-нің 136-бабының бірінші бөлігінде санамаланған әрекеттерді күдіктінің, айыпталушының іс жүзінде жасауы мүмкіндігін куәландыратын нақты мән-жайлар бұлтартпау шарасын қолдану үшін негіз болып табылады.
Бұл негіздер болмаған жағдайда бұлтартпау шарасы таңдалмауы тиіс.
Бұдан басқа бұлтартпау шарасы ҚПК-нің 138-бабының бірінші бөлігінде көзделген мән-жайлар ескеріле отырып таңдалады.
ҚПК-нің 136-бабының үшінші бөлігінде санамаланған қылмыстық құқық бұзушылықтар жасады деп күдік келтірілген, айыпталған адам ұйымдасқан топтың немесе қылмыстық қоғамдастықтың (қылмыстық ұйымның) құрамында қылмыс жасады деп күдік келтірілген не қылмыстық қудалау органдарынан немесе соттан жасырынуға әрекеттенген немесе жасырынған жағдайларды қоспағанда, осы адамға қатысты күзетпен ұстау түріндегі бұлтартпау шарасын қолдануға жол берілмейді.
ҚПК-нің 147-бабының бірінші бөлігіне сәйкес, заңда бес жылдан аз мерзімге бас бостандығынан айыру түріндегі жаза көзделген онша ауыр емес және ауырлығы орташа қылмыстарды жасады деген күдіктіні, айыпталушыны, сотталушыны күзетпен ұстау ҚПК-нің 147-бабы бірінші бөлігінің 1)-ден бастап 7)-ші қоса алғандағы тармақтарында көрсетілген мән-жайлар болған кезде ерекше жағдайларда қолданылуы мүмкін.
Осы Кодекстің 140-бабы екінші бөлігінің, 147-бабы екінші бөлігінің талаптарына сәйкес, қылмыстық процесті жүргізуші орган бұлтартпау шарасын қолдану туралы және тергеу сотының алдында таңдалған бұлтартпау шарасын қолдануға санкция беру туралы өтінішхат қозғау туралы қаулы шығарады.
Сотқа дейінгі тергеп-тексеру органының қаулысында күзетпен ұстау мерзімі көрсетілуге тиіс.
ҚПК-нің 131-бабының төртінші бөлігінде, 151-бабында көзделген ұстау және күзетпен ұстау мерзімдері аяқталған жағдайда, күдікті, айыпталушы ҚПК-нің 133-бабы екінші бөлігінің және 151-бабы бесінші бөлігінің талаптарына сәйкес дереу босатылуға жатады.
Күзетпен ұстау түріндегі бұлтартпау шарасын санкциялауға сот адамға қылмыс жасады деп күдік келтіру негізділігін тексергеннен кейін жол беріледі.
Осыған байланысты қылмыстық қудалау органының өтінішхатында және оған қоса тіркелген материалдарда дәл осы адамның қылмыс жасады деген күдікті көрсететін мәліметтер болуға тиіс.
Адамға қылмыс жасады деген күдік келтірудің негізділігін тексеру кезінде тергеу судьялары қылмыс оқиғасының шын мәнінде орын алғанын, қылмыстық құқық бұзушылық құрамы белгілерінің бар-жоғын және оны осы адамның жасау ықтималдығын көрсететін жеткілікті деректердің бар-жоғын ескеруі қажет.
Адамға қылмыс жасады деген күдік келтірудің негізділігін тексере отырып, сот адамның кінәлілігі мен дәлелдемелерді бағалау туралы мәселені талқылауға құқылы емес.
Тергеу судьясы күзетпен ұстау түріндегі бұлтартпау шарасын сырттай санкциялау туралы қаулыда ұсталған адамды мекемеге жеткізген жағдайда күзетпен ұстау орнының бастығы бұл туралы қылмыстық істі жүргізіп отырған органды немесе адамды және қадағалаушы прокурорды дереу хабардар етуге тиіс екенін көрсетуге тиіс.
Тергеу судьясы күзетпен ұстау түріндегі бұлтартпау шарасын сырттай санкциялаған адам ұсталғаннан кейін күзетпен ұстауды қолданудың негізділігі туралы мәселені қарау үшін ол сотқа дейінгі тергеп-тексеру жүргізілетін жердегі тергеу судьясына дереу жеткізіледі.
Егер ұсталған адамды сотқа дейінгі тергеп-тексеру жүргізу орны бойынша тергеу судьясына дереу жеткізу қиын болса немесе ұзақ уақытты талап етсе, онда сырттай санкцияланған күзетпен ұстауды қолданудың негізділігін тексеру туралы мәселені тергеу судьясы адамды ұстау орны бойынша қарауы мүмкін.
Тергеу судьясы сырттай санкциялаған күзетпен ұстаудың негізділігі туралы мәселе ҚПК-нің 148-бабының қағидалары бойынша прокурордың, күдіктінің, қорғаушының қатысуымен өтінішхат келіп түскен сәттен бастап сегіз сағат ішінде сот отырысында қаралады.
ҚПК-нің 48-бабы бесінші бөлігінің талаптарына сәйкес күзетпен ұстау мерзімі нақты ұсталған кезден бастап есептеледі, осыған байланысты күзетпен ұстау түріндегі бұлтартпау шарасына санкция беру туралы қаулыда: осы мерзімді есептеудің басталуы минутына дейінгі дәлдікпен; осы бұлтартпау шарасы санкцияланатын мерзім; осы мерзімнің аяқталу уақыты бір минутқа дейінгі дәлдікпен көрсетілуі тиіс.
Қазақстан Республикасының мемлекеттік шекарасын кесіп өткен кезден бастап ҚПК-нің 584-бабына сәйкес Қазақстан Республикасына берілген (экстрадицияланған) адамды күзетпен ұстау және оны этаппен апару мерзімі есепке алынады.
ҚПК-нің 541-бабының бірінші, үшінші бөліктеріне орай кәмелетке толмаған күдіктіге, айыпталушыға қатысты бұлтартпау шарасы ретінде күзетпен ұстау тек ерекше жағдайларда ғана оған ауыр немесе аса ауыр қылмысқа күдік келтірген кезде ғана қолданылуы мүмкін.
Кәмелетке толмаған адамды сотқа дейінгі іс жүргізу барысында күзетпен ұстау мерзімі алты айдан аспауға тиіс.
Тергеу судьясы күзетпен ұстау түріндегі бұлтартпау шарасын санкциялау туралы өтінішхатты қараған кезде кәмелетке толмаған күдіктіні, айыпталушыны ҚПК-нің 144-бабында көзделген тәртіппен қарауда ұстауға беру сияқты шараны айқындау мүмкіндігін талқылауға міндетті.
Күзетпен ұстау мерзімін ұзарту туралы өтінішхат тергеу сотының алдында бірнеше рет қозғалған жағдайда және алдыңғы өтінішхаттарда көрсетілген тергеу әрекеттерін орындау қажеттілігінің уәждері бойынша судья олар жүргізілмеген себептерді анықтауға міндетті.
Тергеу судьясының күзетпен ұстау мерзімін ұзарту туралы қаулысында осы бұлтартпау шарасы ұзартылған мерзім, сондай-ақ осы мерзімнің аяқталу уақыты минутына дейінгі дәлдікпен көрсетілуге тиіс.
Тергеу судьясы ҚПК-нің 152-бабының жетінші бөлігіне сәйкес қылмыстық істің материалдарымен танысу кезеңінде күдіктінің күзетпен ұстау мерзімін қылмыстық істің көлемін, іске қатысушы адамдардың санын және іспен танысу мерзіміне әсер ететін өзге де мән-жайларды ескере отырып айқындайды.
Күдіктіні және қорғаушыны қылмыстық іс материалдарымен таныстыру кезеңінде күдіктіні күзетпен ұстауға тергеу судьясы ҚПК-нің 148, 151-баптарында көзделген тәртіппен санкция береді және ұзартады.
Егер тергеу судьясы тергеушінің күдіктіні, айыпталушыны және қорғаушыны қылмыстық іс материалдарымен таныстыру процесін ақылға қонымды мерзімде ұйымдастырмағанын анықтаса, онда ол күзетпен ұстау мерзімін ұзартудан бас тартуға құқылы.
Нұр-Сұлтан қаласының мамандандырылған ауданаралық тергеу сотының тергеу судьясы
Алмат Бабатов
[xfvalue_img]