Жол жүру қауіпсіздігін сақтамаудың салдары
Мемлекет басшысының тапсырмасын іске асыру аясында 2019 жылғы 27 желтоқсандағы ҚР Заңымен Қылмыстық кодекске өзгерістер енгізілді және масаң күйде көлік құралын басқаратын адамдардың жауаптылығы күшейтілді. Қатаңдатылған заң аталған қылмыстық құқық бұзушылық үшін бас бостандығынан айыру түріндегі жазаны көздейді.
Жүргізушілердің жол қозғалысы қауіпсіздігін сақтамауы нәтижесінде жол қозғалысының өзге де қатысушыларына қауіп төнеді.
Осындай жекелеген азаматтардың жол жүру қағидаларын елемеушілігі, өзімшілдігі және құқықтық санасының төмендігі қайғылы салдарға әкеп соғуда.
Масаң күйде көлік жүргізу қылмыстық жаза көзделетін іс-әрекет болып табылады. Әр көлік жүргізуші мұны мұқият есте ұстауы қажет.
Көлік құралын жүргізу құқығынан айырылған және масаң күйде болған адамның көлік құралын басқаруы көліктегі қылмыстық құқық бұзушылықтармен байланысты іс-әрекеттердің басым көпшілігін құрайды (ҚК 346-бабы).
2021 жылғы 9 айда көлік құралдарын жүргізу құқығынан айырылған және масаң күйдегі адамның көлік құралын басқарғаны, көлік құралын басқаруды осындай адамға бергені үшін 63 адам сотталды (ҚК 346-бабының 1,2-бөлігі). Оның ішінде 61 адам бас бостандығынан айырылды, 2 адамға қатысты сот бас бостандығын шектеу жазасын тағайындады. 2020 жылдың 9 айында барлығы 29 адам сотталған, оның ішінде 26 адам бас бостандығынан айырылған. Көріп отырғандарыңыздай, ағымдағы жылы көліктегі құқық бұзушылықтардың саны айтарлықтай өскен.
Мысалы, Б. 2014 және 2017 жылдары масаң күйде автокөлікті басқарғаны үшін көлік басқару құқығынан айырылған. 2017 жылы ол 6 жыл мерзімге көлік басқару құқығынан айырылды.
Осыған қарамастан, 2020 жылы Б. көлікті орташа ауырлықтағы масаң күйде басқарып, оны ұстау кезінде жол полициясы қызметкерлерінен жасырынуға тырысқан.
Сот үкімімен Б. масаң күйде автокөлік жүргізгені үшін өмір бойына көлік құралын жүргізу құқығынан айырыла отырып, 1 жылға бас бостандығынан айыруға сотталды (ҚК 346-бабы 1-бөлігі).
Абайсызда адам денсаулығына орташа ауырлықтағы зиян келтіруге әкеп соққан жол жүру ережесін бұзғаны үшін 2020 жылдың 9 айында 11 адам әртүрлі жаза түрлеріне сотталды.
Ағымдағы жылдың ұқсас кезеңінде 9 адам сотталды, оның ішінде 5 адам қоғамдық жұмыстарға, 3 адам бас бостандығын шектеуге және 1 адам бас бостандығынан айыру жазасына кесілді (ҚК 345-бабының 1,2-бөліктері).
Автокөлікті алғаш рет масаң күйде, адамның денсаулығына ауырлығы орташа зиян келтіру салдарынсыз басқарған адамдарға қатысты әкімшілік жауаптылық шаралары қолданылады.
Ағымдағы жылдың 9 айында сот 1106 әкімшілік құқық бұзушылық туралы істі қарады (ӘҚБтК-нің 608-бабы). 1101 адам әкімшілік жауаптылыққа тартылды, оның ішінде 1003 адам әкімшілік қамаққа алу және көлік құралдарын жүргізу құқығынан айыру түріндегі жазаға тартылған. 89 адам жүргізуші куәлігінен айырылды және 9 адамға әкімшілік айыппұл салынды.
Өткен кезеңде сот 703 әкімшілік іс қарады. 513 адам әкімшілік қамаққа алуға тартылып, көлік құралдарын жүргізу құқығынан айырылған. 181 адам жүргізуші куәлігінен айырылды және 8 адамға айыппұл салынды. Келтірілген статистика құқық бұзушылықтар санының артуын, ол өз кезегінрде азаматтардың құқықтық санасының төмен деңгейімен байланысты екенін білдіреді.
Өкінішке орай, көптеген жүргізушілер өз қателіктерін түсінбейді, тиісті нәтиже шығармайды және ол қателіктердің қайталануына жол береді, сөйтіп салғырттықтың салдары ауыр зардаптарға әкеледі.
Нұр-Сұлтан қаласы сотының баспасөз хатшысы Ботагоз Баянова
[xfvalue_img]
20 пікір