Әкімшілік процестегі тараптардың теңсіздігі сот билігінің күшімен еңсеріледі
Әкімшілік әділет жаңа құқықтық институт ретінде реттеудің жаңа тетіктері мен әдістерін талап етеді. Сондықтанда, әкімшілік рәсімдік -процестік кодексінде әкімшілік істі жүргізудің мүлдем жаңа қағидаттарын бекітудің қисыны мен негіздемесі келтірілген.
Бұл ретте, соттың іс жүргізудегі әдеттегі көрінісін түбегейлі өзгертетін қағидатқа тоқталғым келеді. Әкімшілік рәсімдік -процестік кодекстің 16-бабына сәйкес, әкімшілік сот ісін жүргізу соттың белсенді рөлі негізінде жүзеге асырылады.
Сот әкімшілік процеске қатысушылардың түсініктемелерімен, арыздарымен, өтінішхаттарымен, олар ұсынған дәлелдермен, дәлелдемелермен және әкімшілік істің өзге де материалдарымен шектеліп қана қоймай, әкімшілік істі дұрыс шешу үшін маңызы бар барлық нақты мән-жайды жан-жақты, толық және объективті түрде зерттейді.
Судья әкімшілік істің нақты және заңды тұстарына жататын құқықтық негіздемелер бойынша өзінің алдын ала құқықтық пікірін айтуға құқылы. Сот өз бастамасы немесе әкімшілік процеске қатысушылардың уәжді өтінішхаты бойынша қосымша материалдар мен дәлелдемелерді жинайды, сондай-ақ әкімшілік сот ісін жүргізу міндеттерін шешуге бағытталған өзге де әрекеттерді орындайды.
Әсіресе, соттың белсенді рөлінің қағидаты осы баптың ережелерін әкімшілік процесті жүргізу ерекшеліктерін реттейтін басқа нормалармен бірге талдаған кезде ашылады.
Мәселен, сот әкімшілік рәсімдік -процестік кодексінің 29-бабына сәйкес, сот талап қою бойынша жауап беруге тиісті емес тұлғаға талап қою беріліп отырғанын анықтап, талап қоюшыны шақырады, тиісті емес жауапкерге талап қоюды берудің салдарларын түсіндіреді және талап қоюшының келісуімен тиісті емес жауапкерді тиісті жауапкермен ауыстыруға жол береді. Егер талап қоюшы жауапкерді басқа тұлғамен ауыстыруға келіспесе, сот талап қоюшының келісуінсіз бұл тұлғаны екінші жауапкер ретінде тарта алады.
Осы кодестің 116-бабына сәйкес, талап қоюдың нысанасын айқындау кезінде сот талап қою талаптарының тұжырымдамасымен, талап қою мәтінімен және оған қоса берілген немесе кейін ұсынылған құжаттармен байланысты болмайды. Сот құқықтық салдарды алдын ала түсіндіре отырып, тарапқа талап қою талаптарын тұжырымдауда және өзгертуде жәрдем көрсетуге құқылы. Сот талап қоюдың мәлімделген негіздемесімен байланысты болмайды, бірақ талап қою талаптарының шегінен шығуға құқылы емес.
Жоғарыда аталған негізгі міндеттер мен қағидаттар дауларды шешудің ерекше тетігі болып табылады. Өйткені, біріншіден, сотқа іс бойынша жауапкерді өз бетінше тарту құқығын береді, екіншіден, талап қоюшының құқықтық ұстанымына қарамастан, талап қоюдың негіздемесін дербес тұжырымдайды. Іс жүзінде соттың мұндай өкілеттіктерді іске асыруы талап арызды қанағаттандырудан тек формальды негіздер бойынша, әсіресе жауапкердің немесе дау бойынша қолданылуға жатпайтын материалдық құқық нормаларының дұрыс көрсетілмеуі салдарынан бас тартылған жағдайлардың жойылуына әкеледі деп санаймын.
Әкімшілік рәсімдік-процестік кодексінің 130-бабына сәйкес, сот процестің барлық сатыларында формальды қателерді жоюға, түсініксіз сөздерді нақтылауға, әкімшілік істің мәні бойынша өтінішхаттарды беруге, толық емес нақты деректерді толықтыруға, әкімшілік істің мән-жайларын толық айқындау мен объективті бағалау үшін маңызы бар барлық жазбаша түсініктемелерді беруге жәрдем көрсетуге міндетті.
Дәлелдемелерді белгілеген мерзімде ұсынудың мүмкін еместігі туралы сотқа хабарламаған, сондай-ақ сот дәлелсіз деп таныған себептер бойынша сот талап еткен дәлелдемені ұсыну міндетін орындамаған жағдайда, сот ақшалай өндіріп алуды қолдануға құқылы.
Яғни, қолданысқа енген жаңа заңның талаптары мен міндеттеріне сүйенсек, судьяның белгілі бір қоғамдық-құқықтық дауды қараудағы барлық әрекеттері, ең алдымен, іс бойынша ақиқатты анықтауға бағытталатыны және әкімшілік процестегі тараптардың бастапқы теңсіздігі сот билігінің күшімен еңсерілетіні анық.
Осылайша, соттың белсенді рөлі судьяның әкімшілік актіге толық тексеріс жүргізуге және істің барлық мән-жайларын зерттеуге міндеттілігі болып табылады.
Жаңа заң мемлекеттік органдар көрсететін қызметтердің сапасын арттырып, жария-құқықтық салада заңдылықты нығайтады деген сенім мол.
Орал қаласының әкімшілік құқық бұзушылықтар жөніндегі мамандандырылған сотының төрағасы Ботагөз Нұрмағамбетова
[xfvalue_img]
20 пікір