Істерді татуласу келісімімен аяқтау туралы
Татуласу келісімі бірінші, апелляциялық, кассациялық сатылардағы соттарда сот кеңесу бөлмесіне кеткенге дейінгі сот талқылауының кез келген сатысында, сондай-ақ сот актісінің орындалуы кезінде жасалуы мүмкін. Татуласу келісімі басқа тұлғалардың құқықтары мен заңды мүдделерін бұза алмайды және заңға қайшы келмейді. Татуласу келісімін сот бекітеді. Сот тараптардың татуласуы үшін шаралар қолданады, дауды процестің барлық сатыларында реттеуде оларға жәрдемдеседі.
Татуласу келісімі жазбаша нысанда жасалады және оған тараптар немесе олардың өкілдері оларда сенімхатта арнайы көзделген татуласу келісімін жасауға өкілеттіктері болған кезде қол қояды. Татуласу келісімі оларды орындау мерзімі мен тәртібі көрсетіле отырып, тараптар келіскен шарттарды қамтуға тиіс. Екі жаққа тиімді мәміле басқа тұлғалардың мүддесі мен заң талабына қайшы келмеуі тиіс.
Татуласу келісімін кейінге қалдыру шартымен жасауға жол берілмейді. Татуласу келісімінде кейінге қалдыру немесе ұзарту мерзімдері көрсетіле отырып, жауапкердің міндеттемелерді орындауын кейінге қалдыру немесе ұзарту, талап ету құқығын басқаға беру, борышты толық немесе ішінара кешіру не мойындау, сот шығыстарын бөлу, татуласу келісімін мәжбүрлеп орындау туралы шарттар және заңға қайшы келмейтін өзге де шарттар қамтылуы мүмкін. Егер татуласу келісімінде сот шығыстарын бөлу туралы шарт болмаса, олар өзара өтелді деп есептеледі.
Татуласу келісімі татуласу келісімін жасасқан тұлғалардың санынан бір дана артық жасалады және оған қол қойылады. Татуласу келісімін бекіткен сот осы даналардың біреуін іс материалдарына қоса тіркейді. Сот тараптардың татуласу келісімін бекітуі туралы өтінішхатын сот отырысында қарайды. Іске қатысатын адамдар сот отырысының өтетін уақыты мен орны туралы хабарландырылады.
Сот отырысының уақыты мен орны туралы тиісті түрде хабарландырылған тараптар сот отырысына келмеген және өтінішхатты олардың қатысуынсыз қарау туралы арыз болмаған жағдайда, сот татуласу келісімін бекіту туралы өтінішхатты қарамайды.
Сот татуласу келісімін жасаудың құқықтық салдарын ол бекітілгенге дейін тараптарға түсіндіреді. Сот қарау нәтижелері бойынша татуласу келісімін бекіту және іс бойынша іс жүргізуді тоқтату не татуласу келісімін бекітуден бас тарту туралы ұйғарым шығарады. Егер татуласу келісімі заңға қайшы келсе немесе басқа да тұлғалардың құқықтары мен заңды мүдделерін бұзса, сот оны бекітпейді. Сот татуласу келісімін бекітуден бас тартқан жағдайда бұл туралы ұйғарым шығарады, ол шағым жасауға және наразылық білдіруге жатпайды. Ұйғарыммен келіспеу туралы уәждер апелляциялық шағымда көрсетілуі мүмкін.
Сот актісін орындау сатысында жасалған татуласу келісімі сот актісі орындалатын жердегі бірінші сатыдағы соттың немесе көрсетілген сот актісін қабылдаған соттың бекітуіне ұсынылады.Татуласу келісімін бекіту туралы ұйғарымға апелляциялық сатыдағы сотқа шағым жасалуы және наразылық білдірілуі мүмкін.Татуласу келісімін оны жасасқан тұлғалар осы келісімде көзделген тәртіппен және мерзімдерде ерікті түрде орындайды. Ерікті түрде орындалмаған татуласу келісімі татуласу келісімін жасасқан тұлғаның өтінішхаты бойынша сот берген атқару парағының негізінде мәжбүрлеп орындатуға жатады.
Бітімгершіліктің алдағы уақытта да кең қолданылып, көпшілік тарапынан қолдау табарына сенім мол. Татуластыру шараларын кеңінен қолдану сот жүйесіне жүктемені азайтады, дауды шешу мерзімін қысқартады, азаматтардың процеске қатысу деңгейін арттыратын болады. Заңмен көзделген тағылымды іс болып табылады.
Ақмола гарнизоны әскери сотының төрағасының м.а. Р.Ақпар
[xfvalue_img]