Көлік құралын мас күйде басқару қоғам дерті
Еліміздің Президенті тапсырмасымен елімізде көлікті мас күйде басқарған құқық бұзушылардың жауапкершілігін қатаңдату шаралары қабылданғаны белгілі.
2019 жылдың 27 желтоқсанында мемлекет басшысы қылмыстық, қылмыстық-процестік заңнаманы жетілдіру және жеке адам құқықтарының қорғалуын күшейту мәселелері бойынша заңға қол қойды.
Бұл Заң мас күйде көлік басқару және тағы басқа бірқатар қауіпті құқық бұзушылықтар үшін жауапкершілікті күшейтті.
Дегенмен, жауапкершілік күшейтілгенімен, тұрғындарымыз бұл нормаларды немқұрайлықпен қабылдаған секілді, себебі, көлік құралын мас күйде басқаратын адамдар саны толастамай тұр.
Осы Заңға дейін елімізде адам масаң күйде көлік құралын басқарса, ол 3 жылға көлік құралын басқарудан айырылатын. Ал, егер оның әрекеттері жол апатына әкелсе ол мерзім төрт жылды құрады. Сол жол апатынан адамдар мен басқа көлік құралдары зақым алса бұл көлік құралын басқару құқығын айыру мерзімі бес жылды құраған болатын.
Сондай-ақ, осы адам бір жыл ішінде бұл құқық бұзушылықты қайталап жасаса, ол 15 тәулікке қамаққа алынып, алты жылға көлік басқарудан шеттетілетін. Рөлде масаң күйде үшінші мәрте ұсталған жағдайда 30 тәулікке қамаққа алынып, басқару құқығынан айыру мерзімі он жылды құрады.
Сонымен қатар, Әкімшілік құқық бұзушылық туралы Кодексте қамаққа алу жазасы қолдануға болмайтын адамдар санаты белгіленген. Оларға, яғни жүкті әйелдерге, 14 жасқа дейін балаларды тәрбиелеп отырған аналарға, 1-ші және 2-ші топ мүгедектеріне, жастары кәмелетке толмағандарға және 58 жастан асқан әйелдер мен 63 жастан асқан ер азаматтарға қамаққа алу жазасы айыппұлмен ауыстырылады.
Медициналық куәландырудан өтуден бас тартқаны үшін жүргізушіні үш жыл мерзімге көлік басқару құқығынан айыратын.
Жүргізушілердің алкогольдік масаң күйде көлік басқарғаны үшін жауаптылықты қатаңдататын заң 2020 жылдың қаңтар айының басынан бастап күшіне енді.
Бүгінгі таңда өзгерістерге байланыст ҚР ӘҚБтК-нің 608-бабының 1-бөлігіне сәйкес, жүргізушінің көлік құралын алкогольдік, есірткілік және (немесе) уытқұмарлық масаң күйде басқаруы, сол сияқты көлік құралын алкогольдік, есірткілік және (немесе) уытқұмарлық масаң күйдегі адамның басқаруына берген адам алғаш рет 15 тәулікке әкімшілік қамаққа алуға және жеті жыл мерзімге көлік құралын басқару құқығынан айыруға алып келеді (ескі редакция бойынша осы құқық бұзушылық үшін тек 3 жылға көлік басқару құқығынан айыру көзделген).
Егер дәл осы әрекеттер жәбірленушінің денсаулығына қылмыстық жазаланатын іс-әрекет белгілері жоқ зиян келтіруге немесе көлік құралдарын, жүктерді, жол құрылыстары мен өзге де құрылыстарды не өзге мүлікті бүлдіруге әкеп соқса, кінәлі тұлға жиырма тәулікке әкімшілік қамаққа алынып, жеті жыл мерзімге көлік құралын басқару құқығынан айырылады (ескі редакция бойынша осы құқық бұзушылық үшін тек 5 жылға көлік басқару құқығынан айыру көзделген).
Мұндай құқық бұзушылықтарды қайталап жасаған жүргізушілер одан да қатаң жазаға тартылады.
Мысалы, ҚР ӘҚБтК-нің 608-бабының 3-1-бөлігіне сәйкес, рөлге «ащы судан» ұрттап алып көлік басқарған жүргізушілер бұрын құқық бұзушылығы үшін жазасын өтегеннен кейін бір жыл ішінде бұл әрекеттерді қайталап жасаса, сот бұл тұлғаны 25 тәулікке қамаққа алып, көлік құралын басқару құқығынан 8 жылға айырады. Бұрын осындай әрекет үшін 15 тәулікке қамаққа алынып, 6 жылға көлік басқару құқығынан айырылатын еді.
Ал жәбірленушінің денсаулығына қылмыстық жазаланатын іс-әрекет белгілері жоқ зиян келтіруге немесе көлік құралдарын, жүктерді, жол құрылыстары мен өзге де құрылыстарды не өзге мүлікті бүлдіруге әкеп соққан осындай әрекеттер 25 тәулік қамаққа алып, 9 жылға көлік басқару құқығынан айыруға әкеп соғады, бұрын бұл жаза сәйкесінше 15 тәулік пен 6 жыл болды.
Заңнамаға енгізілген жаңашылдықтардың бірі – мас күйде көлік басқару үшін қылмыстық құқық бұзушылық үшін көзделген жауаптылықтың да күшейтіліп, қылмыстық теріс қылық санатынан шығып қылмыс санатына енгізілуі.
Алкогольдік масаң күйде көлік басқаруға құмар құқық бұзушыларға ендігі уақытта Қылмыстық Кодексте «Алкогольдік, есірткілік және (немесе) уытқұмарлық масаң күйде көлік құралдарын басқаратын адамдардың жол жүрісі немесе көлік құралдарын пайдалану қағидаларын бұзуы» деген атаумен бөлек 345-1 бабы қарастырылған.
Аталған баптың бірінші бөлігіне сәйкес, егер жүргізуші масаң күйде көлік басқарып, жол көлік оқиғасына жол беріп, ол апаттан басқа адамдар орташа дәрежедегі зақым алатын болса, белгiлi бiр лауазымдарды атқару немесе белгiлi бiр қызметпен айналысу құқығынан екі жылға дейiнгi мерзiмге айырыла отырып, бір жүз алпыс айлық есептiк көрсеткiшке дейiнгi мөлшерде айыппұл салуға не сол мөлшерде түзеу жұмыстарына не бір жүз алпыс сағатқа дейiнгi мерзiмге қоғамдық жұмыстарға тартуға не қырық тәулікке дейінгі мерзімге қамаққа алуға жазаланады.
Ал егер бұл жол көлік оқиғасынан басқа қатысушыларға ауыр дене жарақаты келтірілген болса, кінәлі тұлға белгілi бiр лауазымдарды атқару немесе белгiлi бiр қызметпен айналысу құқығынан үш жылға дейiнгi мерзiмге айыра отырып, екі мың айлық есептік көрсеткішке дейінгі мөлшерде айыппұл салуға не сол мөлшерде түзеу жұмыстарына не алты жүз сағатқа дейінгі мерзімге қоғамдық жұмыстарға тартуға не екі жылға дейінгі мерзімге бас бостандығын шектеуге не сол мерзімге бас бостандығынан айыру жазасына тартылады.
Бұл баптың үшінші бөлігінде көлік құралын мас күйде басқарып, абайсызда адам өліміне әкеп соққан әрекеттер үшін жауаптылық көзделген. Бұндай жағдайда жүргізуші белгілi бiр лауазымдарды атқару немесе белгiлi бiр қызметпен айналысу құқығынан бес жылға дейiнгi мерзiмге айырыла отырып, бес жылға дейінгі мерзімге бас бостандығынан айыруға жазасы тағайындалуы мүмкін.
Ал 345-1-баптың 4-бөлігінде көзделген қылмыстық құқық бұзушылық үшін, яғни жоғарыда аталғандай заңбұзушылық салдарынан абайсызда екі немесе оданда көп адамның өліміне әкеп соқса, кінәлі тұлға белгілi бiр лауазымдарды атқару немесе белгiлi бiр қызметпен айналысу құқығынан жеті жылға дейiнгi мерзiмге айырыла отырып, бес жылдан он жылға дейінгі мерзімге бас бостандығынан айыруға жазаланады.
ҚК-тің жиі қолданылатын 346-бабына тоқталып өтсек.
Қолданыстағы заңға сәйкес, ҚК-тің 346-бабының 1-бөлігі бойынша көлік құралдарын басқару құқығынан айырылған және алкогольдік, есірткілік және (немесе) уытқұмарлық масаң күйдегі адамның көлік құралын басқаруы не көлік құралын басқаруды осындай адамға беру, сол сияқты осындай адамның көлік құралын басқаруына лауазымды адамның немесе көлік құралы меншік иесінің не иеленушісінің жол беруі – көлік құралын басқару құқығынан өмір бойына айыра отырып, бес мың айлық есептiк көрсеткiшке дейiнгi мөлшерде айыппұл салуға не сол мөлшерде түзеу жұмыстарына, не бір мың екі жүз сағатқа дейiнгi мерзiмге қоғамдық жұмыстарға тартуға, не бес жылға дейінгі мерзімге бас бостандығын шектеуге, не сол мерзімге бас бостандығынан айыруға жазаланады.
Егерде осы баптың бірінші бөлігінде көзделген, абайсызда көлік құралдарын, жүктерді, жол құрылысжайларын және өзге де құрылысжайларды не өзге мүлікті бүлдіруге, сол сияқты адамның денсаулығына жеңіл зиян келтiруге алып келген әрекеттер – көлік құралын басқару құқығынан өмір бойына айыра отырып, төрт жылдан алты жылға дейінгі мерзімге бас бостандығынан айыруға жазаланады.
Абайсызда адамның денсаулығына ауырлығы орташа зиян келтiруге алып келген дәл сол іс-әрекеттер – көлік құралын басқару құқығынан өмір бойына айыра отырып, бес жылдан жеті жылға дейінгі мерзімге бас бостандығынан айыруға жазаланады.
Осы баптың бірінші бөлігінде көзделген, абайсызда адамның денсаулығына ауыр зиян келтiруге алып келген іс-әрекеттер – көлік құралын басқару құқығынан өмір бойына айыра отырып, алты жылдан сегіз жылға дейінгі мерзімге бас бостандығынан айыруға жазаланады.
Осы баптың бірінші бөлігінде көзделген, абайсызда адам өліміне алып келген іс-әрекеттер – көлік құралын басқару құқығынан өмір бойына айыра отырып, жеті жылдан тоғыз жылға дейінгі мерзімге бас бостандығынан айыруға жазаланады.
Осы баптың бiрiншi бөлiгiнде көзделген, абайсызда екi немесе одан көп адам өлiмiне алып келген іс-әрекеттер – көлік құралын басқару құқығынан өмір бойына айыра отырып, сегіз жылдан он жылға дейінгі мерзімге бас бостандығынан айыруға жазаланады.
Жазаның күшейтілуі көлікті мас күйде басқарудан бас тартпай отырған құқық бұзушыларға бағытталған.
Жаңа заң қабылданғалы бері, жоғарыда аталған баптар бойынша Жаңақала аудандық сотында 2021 жылдың тек 3 айында ҚР ӘҚБтК-нің 608-бабы бойынша 15 адамға қатысты әкімшілік іс қаралды.
Оның ішінде:
ҚР ӘҚБтК-нің 608-бабының 1-бөлігімен, яғни масаң күйде көлік құралын басқарғаны үшін, 10 адамға қатысты 15 тәуліккке әкімшілік қамаққа алу жазасы тағайындалып, жүргізушілік куәліктерінен 7 жылға айырылды.
608-баптың 3-бөлігімен, яғни масаң күйінде көлік құралын басқарып, көлік құралдарын не өзге мүлікті бүлдіруге әкеп соққан әрекеттер жасағаны үшін, 1 адамға қатысты жиырма тәулікке әкімшілік қамаққа алуға және жеті жыл мерзімге көлік құралын басқару құқығынан айыру жазасы тағайындалған.
608-баптың 6-бөлігімен, яғни масаң күйінде жүргізушілік куәлігі болмаса да автокөлік басқарғаны үшін, 4 адамға қатысты 20 тәулікке әкімшілік қамаққа алу жазасы тағайындалған.
Ал, 2020 жылдың 12 айында ҚК-тің 346-бабының 1-бөлігімен, яғни көлік құралдарын басқару құқығынан айырылған адамның алкогольдік масаң күйде көлік құралын басқарғаны үшін 9 адамға қатысты іс қаралып олар өмір бойына көлік құралын басқару құқығынан айырылып, бас бостандығын шектеу жазаларына сотталған.
Ал, ҚК-тің 346-бабының 2-бөлігімен, яғни көлік құралдарын басқару құқығынан айырылған, алкогольдік масаң күйдегі адамның көлік құралын басқара отырып, абайсызда адамның денсаулығына жеңіл зиян келтiруге алып келген әрекеттері үшін 2020 жылы 2 адамға қатысты іс қаралып ол өмір бойына көлік құралын басқару құқығынан айырылып, 4 жыл мерзімге бас бостандығынан айыру жазасына сотталса, 2021 жылы осы әрекеттер жасағаны үшін 1 адамға қатысты айыптау үкімі шығарылған.
Әрине, бұл алаңдататын көрсеткіштер.
Бұл болып жатқан жағдайлар тек бір аудан көлемінде ғана.
Жүргізушінің мас күйде көлік басқарғаны үшін жазасын қатаңдату азаматтардың қауіпсіздігін, тұрғындардың денсаулығын сақтауды қамтамасыз ету үшін жасалғанын дұрыс түсінуіміз керек, себебі, бұл әрекеттердің артында адам өмірі мен тағдыры тұрғанын ұмытпағанымыз жөн.
Жаңақала аудандық сотының төрағасы
Есжанов С.Р.
[xfvalue_img]
20 пікір