Қазақстан Президенті бастамашылық еткен Халықаралық еріктілер жылында ЮНИСЕФ «ЮНИСЕФ Жастары» еріктілер платформасын іске қосады
АСТАНА, 2026 жылғы 23 ақпан – Қазақстанда жаңа цифрлық еріктілер платформасы іске қосылуда, ол оқытуды, әлеуметтік бастамаларға қатысуды және жастар көшбасшылығын дамытуды бір онлайн кеңістікте біріктіреді. Платформа жастарға елдің кез келген жерінен челлендждерді орындауға мүмкіндік береді. Халықаралық үздік стандарттар мен тәжірибелерді ескере отырып әзірленген «ЮНИСЕФ Жастары» жобасы 16 мен 35 жас аралығындағы жастарға бағытталған және жастарды балалар құқықтарын қорғауға, сондай-ақ ел бойынша орнықты дамуға тартуды жеңілдетуге арналған.
Платформаның іске қосылуы ерекше сәтте орын алуда: Біріккен Ұлттар Ұйымының Бас Ассамблеясы 2026 жылды Орнықты даму мақсатындағы халықаралық еріктілер жылы деп жариялады. Алғаш рет Қазақстан ұсынған бұл бастаманы Президент Қасым-Жомарт Тоқаев 2020 жылы БҰҰ Бас Ассамблеясының мінберінен жариялап, мүше мемлекеттердің басым көпшілігінің қолдауына ие болды. Бұл шешімдер еріктілер қозғалысының жаһандық және ұлттық маңыздылығын айқындай түседі.
2026 жылдан бастап платформа ЮНИСЕФ Қазақстанның қамқорлығымен еріктілер қызметінің бірыңғай цифрлық кеңістігіне айналады. Пайдаланушыларға бала құқықтары, зорлық-зомбылықтың алдын алу, психикалық денсаулық, климаттық сауаттылық, инклюзия және цифрлық қауіпсіздік бойынша онлайн-курстар, сондай-ақ өтінім берудің ыңғайлы жүйесі және қатысуды автоматтандырылған түрде есепке алу қолжетімді болады. Әрбір еріктінің цифрлық профилінде жетістіктері мен жобаларға қосқан үлесі тіркелетін болады.
Арнайы мотивация үшін «ЮНИСЕФ Жастары» платформасы геймификация элементтерін қамтиды. Әрбір ерікті жобаларға белсенді қатысуына қарай «өсіп» дамитын өзінің бірегей аватарына ие болады – қарапайым баладан нағыз суперқаһарманға дейін өсіп, бұл олардың елеулі үлесін көрсетеді.
Еріктілер челлендждері жастарға орналасқан жеріне қарамастан — қалалық мектеп, шалғай ауыл немесе жергілікті аудан болсын — өз қоғамдастықтарында балаларға көмек көрсетуге және ағартушылық іс-шаралар жүргізуге мүмкіндік береді. Платформа еріктілерді барлық қажетті ресурстармен: статистикалық деректермен, әдістемелық ұсынымдармен, талдамалық материалдармен және ЮНИСЕФ үйлестірушілерімен тікелей байланыспен қамтамасыз етеді. Тапсырманы орындағаннан кейін қатысушылар есептерді жүктей алады, ұпай жинайды және үнемі жаңартылып отыратын жаңа челлендждерден шабыт алады.
Қазақстандағы ЮНИСЕФ еріктілер қозғалысының қатарында қазірдің өзінде 10 мыңнан астам белсенді қатысушы бар. Соңғы жылдары олар ондаған әлеуметтік және экологиялық бастамаларды жүзеге асырып, 500 тоннаға жуық қоқыс жинады және 20 мыңнан астам ағаш отырғызып, орнықты қоғамдастықтарды дамытуға үлес қосты.
Платформаның техникалық шешімі ЮНИСЕФ-тің цифрлық серіктесі — Documentolog IT-компаниясымен бірлесіп әзірленді. Компания сайтты толығымен өтеусіз негізде жасап шығып, ұлттық еріктілер қозғалысының дамуына өз үлесін қосты.
ЮНИСЕФ-тің Қазақстандағы өкілі доктор Рашед Мустафа Сарвардың айтуынша, платформаның іске қосылуы жастар үшін жаңа мүмкіндіктер ашады:
«“ЮНИСЕФ Жастары” — бұл Қазақстанның болашағына салынған инвестиция. Платформа барлық өңірдегі жастардың қатысуы үшін тең жағдай жасайды, көшбасшылықты дамытады және бала құқықтарын қорғауға нақты, өлшенетін үлес қосуға мүмкіндік береді. Бизнеспен серіктестіктің орны біз үшін айрықша маңызды — бұл жеке сектордың технологиялары мен сараптамасы қоғам игілігі үшін қалай жұмыс істей алатынын көрсетеді. Біз мұндай ынтымақтастықты жоғары бағалаймыз және бұл үлгі басқа компанияларды да шабыттандырады деп үміттенеміз».
Компанияның бас директоры, ЮНИСЕФ Консультативтік кеңесінің мүшесі Байжан Канафин бұл жоба бизнестің әлеуметтік маңызы бар цифрлық бастамаларды дамытуға қосқан үлесі екенін атап өтті:
«Біз үшін ЮНИСЕФ-тің цифрлық серіктесі болу — үлкен мәртебе. Бүгінгі таңда цифрлық технологиялар — білім беру бағдарламаларының ажырамас бөлігі: олар шекараларды жойып, аумаққа қарамастан жастар бастамаларын жүзеге асыруға мүмкіндік береді. Платформа бүкіл Қазақстан бойынша жастардың барынша көп бөлігін қамтуға, игі істердің ауқымын кеңейтуге және ел бойынша балалар мен қоғамдастықтардың өмір сүру сапасын жақсартуға бағытталған жаңа бастамаларды жүзеге асыруға мүмкіндік береді».
«ЮНИСЕФ Жастары» платформасы барлық ниет білдірушілер үшін ашық болады. ЮНИСЕФ еріктілерін қабылдау қазірдің өзінде ашық және алдағы уақытта жылына төрт рет — ақпан, сәуір, шілде және қазан айларында жүргізілетін болады. Ұйымдастырушылар жоба мемлекеттік құрылымдарды, бизнесті және жастар бастамаларын Қазақстандағы әрбір баланы қорғау және дамыту сияқты ортақ мақсат төңірегінде біріктіретін орнықты цифрлық экожүйеге айналады деп күтуде.
ЮНИСЕФ Қазақстан платформаның іске қосылуы және еріктілер бағдарламасына қатысу мүмкіндіктері туралы жаңалықтарды ұйымның ресми Instagram-парақшасында бақылап отыруды ұсынады.
Documentolog компаниясы туралы:
Documentolog компаниясы — бизнес-процестерді автоматтандыруға арналған шешімдердің жетекші отандық әзірлеушісі. Құрылған сәттен бастап компания қызметінің негізгі бағыты Documentolog флагмандық электрондық құжат айналымы жүйесін құру және дамыту болды, бұл оған айтарлықтай бәсекелестік артықшылық пен клиенттердің тұрақты сенімін қамтамасыз етті. Documentolog құжат айналымын қағаз жүзінен цифрлық форматқа көшіру үшін инновациялық құралдар ұсына отырып, бұлттық мәдениетке көшуге белсенді түрде ықпал етеді. Компания клиенттердің процестерін барынша оңтайландыруға және олардың жұмысының жалпы тиімділігін арттыруға ұмтыла отырып, өз шешімдерін үнемі жетілдіріп отырады.
ЮНИСЕФ туралы
ЮНИСЕФ әрбір баланың құқықтары мен әл-ауқатын қамтамасыз ету мақсатында қызмет етеді. Серіктестерімен бірлесе отырып, ЮНИСЕФ өз міндеттемелерін іс жүзінде асыру үшін әлемнің 190 елі мен аумағында жұмыс істейді, бұл ретте ең мұқтаж және оқшауланған балаларды қамту мәселесіне ерекше назар аударады; бұл — әлемнің түкпір-түкпіріндегі балалардың игілігі үшін атқарылатын жұмыс.
ЮНИСЕФ қызметі туралы толығырақ www.unicef.org сайтында.
Instagram, Facebook және X(Twitter) желілеріндегі парақшаларымызға жазылыңыз.
[xfvalue_img]
