ӨЗ ЕЛІНІҢ ПАТРИОТЫ СЫБАЙЛАС ЖЕМҚОРЛЫҚҚА ЖОЛ БЕРМЕЙДІ
Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимылға жәрдем көрсететін адамдарды көтермелеу «Заң мен тәртіп» қағидасын нығайтудағы пәрменді тетіктердің бірі болып табылады.
Солтүстік Қазақстан облысының Сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызметімен соңғы бес жылда жемқорлық фактілері туралы хабарлағаны үшін жалпы сомасы 3,7 млн теңгеге 19 адамға сыйақы берілді.
Сыбайлас жемқорлық құқық бұзушылық фактісі туралы хабарлаған немесе сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимылға өзгеше түрде жәрдем көрсететін (көрсеткен) адамдарды көтермелеу қағидаларына сәйкес біржолғы ақшалай сыйақы беру, грамотамен марапаттау немесе алғыс жариялау формасында жүзеге асырылатын көтермелеулер көзделген.
Пара немесе келтірілген залал сомасы немесе ұсынылған жеңілдіктер немесе көрсетілген қызметтер құны 1000 АЕК асатын сыбайлас жемқорлық құқық бұзушылықтар бойынша біржолғы ақшалай сыйақы пара немесе келтірілген залал немесе ұсынылған жеңілдіктер немесе көрсетілген қызметтер сомасының 10% құрайды, бірақ 4000 АЕК-тен көп емес.
Параның немесе келтірілген залалдың сомасы не ұсынылған жеңілдіктердің немесе көрсетілген қызметтердің құны бір мың айлық есептік көрсеткіштен (бұдан әрі – АЕК) аспайтын немесе залал келтірілмеген сыбайлас жемқорлық құқық бұзушылықтар бойынша біржолғы ақшалай сыйақы мынадай мөлшерлерде белгіленеді:
- сыбайлас жемқорлық құқық бұзушылықтар туралы әкімшілік істер бойынша – 30 АЕК;
- онша ауыр емес сыбайлас жемқорлық қылмыстар туралы қылмыстық істер бойынша – 40 АЕК;
- ауырлығы орташа сыбайлас жемқорлық қылмыстар туралы қылмыстық істер бойынша – 50 АЕК;
- ауыр сыбайлас жемқорлық қылмыстар туралы қылмыстық істер бойынша – 70 АЕК;
- аса ауыр сыбайлас жемқорлық қылмыстар туралы қылмыстық істер бойынша – 100 АЕК.
Сыайқы айыпты адамға қатысты айыптау үкімі немесе әкімшілік жаза қолдану туралы сот қаулысы заңды күшіне енген соң ғана беріледі.
Жемқорлық қылмыстарды анықтау, жолын кесу, ашу және тергеу бойынша ақпарат бергені үшін немесе өзге де түрде көрсетілген жәрдем үшін қаржылық ынталандыру мөлшерін ұлғайту сыбайлас жемқорлыққа қарсы күресте халықтың азаматтық ұстанымын жандандыруға және тәртіпті қоғам қалыптастыруға бағытталған.
Жемқорлық фактілері туралы Сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызметтің call-орталығына 1424 (республика бойынша қоңырау шалу тегін) нөмірі бойынша хабарлауға болады.
[xfvalue_img]