Мәжіліс Төрағасы Ерлан Қошанов пен ЕҚЫҰ Парламенттік Ассамблеясы төрағасының орынбасары Пиа Каума ынтымақтастықты кеңейту мәселелерін талқылады
Мәжіліс Төрағасы Ерлан Қошанов Еуропадағы қауіпсіздік және ынтымақтастық ұйымы Парламенттік Ассамблеясы төрағасының орынбасары, Финляндия Парламентінің депутаты Пиа Каумамен кездесті. Әңгіме барысында Палата Спикері Президенттің Қазақстан халқына Жолдауында көрсетілген саяси бәсекелестікті одан әрі арттыруға бағытталған саяси реформаларға тоқталды. Президент бастамаларын жүзеге асыру үшін Мәжілісті ауқымды заң шығару жұмысы күтіп тұр. Бұл жұмыстардың барлығы қоғам өкілдерін кеңінен қамти отырып, барынша ашық жүргізіледі. Осы орайда Мәжіліс Төрағасы қазақстандық парламентшілерге саяси және басқа да реформаларды жүргізу бағытында ЕҚЫҰ институттарымен етене ынтымақтастық орнатуға тілектестік білдірді. Палата Спикері парламентаралық ынтымақтастықты ынталандыру туралы айтып, Мәжіліс депутаттары Ұйым аясындағы іс-шараларға, соның ішінде сайлауға байқаушы ретінде қатысып келе жатқанына назар аударды. Осы тәжірибені есепке ала отырып, Ерлан Қошанов Пиа Кауманы ЕҚЫҰ және қазіргі уақытта Қазақстан төрағасы болып табылатын Азиядағы өзара ықпалдастық және сенім шаралары жөніндегі кеңес аясында белсенді диалогқа шақырды. Өз кезегінде ЕҚЫҰ ПА төрағасының орынбасары ЕҚЫҰ елдері парламенттерінің ықпалдастығын одан әрі нығайтудың әлеуеті зор екенін жеткізді. – Біз Қазақстанның Парламенттік Ассамблея аясында ЕҚЫҰ және оның институттарының іс-шараларына қатысуын жоғары бағалаймыз және бұл қарқынның болашақта да арта түсетініне сеніміміз мол, – деді Пиа Каума. Сондай-ақ Пиа Каума қазақстандық парламентішлерді жақын уақытқа жоспарланған ұйымның байқаушы миссияларына қатысуға шақырды. Кездесуді қорытындылай келе, тараптар парламенттік дипломатия аймақтық және халықаралық күн тәртібіндегі мәселелерді шешуде маңызды рөл атқаратыны төңірегінде ортақ пікір білдірді.
Қазақстан Республикасы Парламенті Мәжілісінің Баспасөз қызметі
[xfvalue_img]
40 пікір