Президент Қасым-Жомарт Тоқаев Бас прокурор Берік Асыловты қабылдады
Мемлекет басшысына қаңтар оқиғасын тергеп-тексеру жұмыстарының барысы туралы баяндалды.
Сонымен қатар Президентке шетелден активтерді қайтару ісі бойынша қабылданып жатқан шаралар туралы мәлімет берілді. Резонанс тудырған қылмыстық істер бойынша фигуранттардың қылмыстық жолмен жинаған капиталының шығып кетуін анықтау мақсатында олардың шетелге жылыстатылуына талдау жасалуда.
Берік Асылов Қасым-Жомарт Тоқаевқа жуырдағы Қазақстан халқына Жолдауында берген тапсырмаларының жүзеге асырылуы туралы айтты. Атап айтқанда, Бас прокурордың Конституциялық Сотқа жүгіну құқығы туралы Конституцияның 83-бабына енгізілетін түзетулер дайындалуда, сондай-ақ «Прокуратура туралы» жаңа Конституциялық заң әзірлеу басталды. Салалық заңның басты басымдығы – азаматтардың конституциялық құқықтары мен бостандықтарын қорғау.
Заң жобасына Адам құқықтары жөніндегі уәкілмен, құқық қорғаушылармен және азаматтық қоғаммен өзара іс-қимыл жасау, прокурорлардың дербестігі мен жауапкершілігін арттыру тетігі туралы ережелерді енгізу жоспарланып отыр.
Бұдан бөлек, Президентке азаптауларды тергеп-тексеру бойынша прокурорларға өкілеттік беруге, отбасы-тұрмыстық зорлық-зомбылықтар үшін жауапкершілікті күшейтуге қатысты тапсырмалардың орындалуы туралы айтылды.
Қасым-Жомарт Тоқаев қадағалау органының халықпен өзара ықпалдастығын жандандырудың маңызды екенін атап өтіп, Бас прокурорға бірқатар тапсырма берді.
https://www.akorda.kz/kz/prezident-kasym-zhomart-tokaev-bas-prokuror-berik-asylovty-kabyldady-63244
[xfvalue_img]
7 пікір