Стокгольмде Бүкіләлемдік су апталығы өтті
2019 жылғы 26-30 тамыз аралығында Стокгольмде Бүкіләлемдік су апталығы өтті. Бұл іс-шара 25 жылдан бері үкіметтік, іскерлік, ғылыми топтар, сондай-ақ халықаралық ұйымдар мен азаматтық қоғам арасында су ресурстары және оны тұрақты дамытуды талқылау бойынша платформа болып келеді.
Ұйымдастырушы – Стокгольмнің Халықаралық су институтының (SIWI) шақыруымен, аталған ауқымды шараға ҚР СІМ Ерекше тапсырмалар жөніндегі Елші Айымдос Бозжігітов бастаған қазақстандық делегация, оның ішінде Экология, геология және табиғи ресурстар министрлігінің трансшекаралық өзені департаменті директорының орынбасары М. Жакенов және ҚСЗИ директорының орынбасары Санат Кушкумбаев қатысты.
Орталық Азия бойынша аймақтық экологиялық орталық (РЭЦЦА) және Қазақстанның Швециядағы Елшілігі дайындаған бағдарламаға жаһандық, аймақтық экологиялық және су бастамаларын ілгерілету бойынша панельдік пікірталастар мен семинарлар кірді. Орталық Азияның барлық елдері мен Ауғанстаннан келген делегациялар форумға қатысу өңірде жинақталған тәжірибемен алмасуды жүзеге асыруға, бүкіл әлем бойынша халықаралық әріптестермен, сарапшылармен және тәжірибешілдермен ынтымақтастықты тереңдетуге мүмкіндік береді. Аймақ өкілдерінің су апталығына келулеріне швейцариялық даму және ынтымақтастық агенттігі көмек көрсетті. Бұл Альпі елі Орталық Азияға су және экологиялық жобалар бойынша айтарлықтай қаржылық және техникалық көмек көрсетеді.
Апта шеңберінде Орталық Азия елдері мен Ауғанстан форматында екі кездесу өтіп, қазіргі уақытта су ресурстары бойынша өңірлік ынтымақтастықты кеңейту үшін кедергілер болып табылатын аса маңызды мәселелер талқыланды. Қазақстандық делегация біздің еліміз үшін негізгі басымдық болып табылатын, трансшекаралық өзендердің су және энергетикалық ресурстарын ұтымды пайдалану қажеттілігін атап өтті. Өткен жылы Түрікменстанда Аралды құтқару халықаралық қорының қызметі бойынша өткен саммитке ерекше мән беріледі. Делегациялардың назары Аралды құтқару халықаралық қорының құрылтайшы мемлекеттер басшылары арасындағы қол жеткізілген уағдаластықтарды және тараптар жоғары деңгейдегі кездесу барысында ұсынған нақты бастамалар мен ұсыныстарды іске асырудың маңыздылығына бөлінді. Саммитте қабылданған Бірлескен коммюникеге сәйкес, бағдарламалар, жобалар мен іс-шаралар әзірленіп, іске асырылатын болады және су ресурстарын ұтымды пайдалану, су шаруашылығын автоматтандыру, экологияны қорғау бойынша шаралар қабылданады. Қазақстандық тараптың Орталық Азияның халықаралық су-энергетикалық консорциумын құру туралы мәселені пысықтау жөніндегі ұсынысы өзекті болып қалды.
Сонымен қатар, 2017 жылы Нұр-Сұлтан қаласында трансшекаралық су ағындары мен халықаралық көлдерді қорғау және пайдалану туралы Конвенцияны ілгерілетуге жәрдемдесуге бағытталған Суды бағалаудың халықаралық орталығы жұмысын бастады. Суды бағалаудың халықаралық орталығының 2019-2021 жылдар аралығындағы негізгі күш-жігері Қазақстан Үкіметіне елдің Конвенцияға төрағалық етуін жүзеге асыруда, оның ішінде трансшекаралық су ынтымақтастығына су ресурстарын бөлудің озық тәжірибесін енгізу, экологиялық ағысты бағалау үшін негіздерді әзірлеу және т. б. сияқты басым бағыттарды іске асыруда жәрдем көрсетуге шоғырланатын болады.
Кездесуге қатысушыларға Қазақстанның Арал теңізінің солтүстік бөлігін құтқару бойынша қабылдаған шаралары туралы ақпарат берілді, нәтижесінде су біртіндеп елді мекендерге жақындап келеді, балық аулау жаңартылып, аймақ тұрғындарының шаруашылық өмірі қалыпқа келтіріледі.
Орталық Азия мен Ауғанстан делегациялары РЭЦЦА мен Швейцария Үкіметіне сапарды ұйымдастырғаны үшін және қоршаған ортаны қорғау және аймақтағы тұрақты даму жөніндегі өңірлік өзара іс-қимылды қолдауға үлкен көңіл бөлінгені үшін алғыстарын білдірді.
Дүниежүзілік су апталығы аясында қазақстандық делегация SIWI Директорлар кеңесіне кіретін Стокгольм қалалық Кеңесінің Президенті Сесилья Бринк пен SIWI атқарушы директоры Торгни Холмгренмен кездесті.
Жылда өтетін су апталығы су ресурстарымен байланысты ең өзекті мәселелер бойынша пікір-талас және тәжірибе алмасу үшін қажет жыл сайынғы форум ретінде өзін көрсетті. Дүниежүзілік аптаның жұмысына 145 елден 3,5 мыңнан астам адам қатысуда. Т. Холмгреннің айтуынша, «Дүниежүзілік су апталығы су ресурстары мен даму мәселелері бойынша халықаралық қауымдастықтың негізгі кездесу орны болып табылады; дәл осы жерде біз ең озық идеяларды ұсыну үшін бірге жиналамыз».
Форум бағдарламасының салтанатты жерлерінің бірі, Стокгольмнің концерт залында Швецияның королі Карл XVI Густавтың қолынан Стокгольм Халықаралық су сыйлығын тапсыру рәсімі болды. Стокгольм су сыйақысының қоры 1990 жылы құрылды және награда жыл сайын 1991 жылдан бастап ғалымдарға, ұйымдарға, ғылыми мекемелерге немесе кәсіпорындарға әлемдік су ресурстарын, экожүйені және адамдардың өмірін сақтауға қосқан үлесі үшін беріледі. 2019 жылы Кейптаун университетінде (ОАР) жұмыс істейтін, өзендерді басқару мәселелерін зерттеуге қосқан үлесі үшін доктор Джеки Кинг сыйлық лауреаты атанды.
Апта барысында 2019 жылы 3 жасқа толатын Жастар су сыйлығы да берілді. Сыйлықпен ұлттық іріктеулерді жеңіп, финалдық жарыстарға Стокгольмге келген 15-тен 20 жасқа дейінгі жас зерттеушілер марапатталады. 2019 жылы марапатты ауыз суды тазарту бойынша инновациялық жобасы үшін Аустралиялық Маккинли Батсон алды.
Қазақстан Республикасы Сыртқы істер министрлігінің
баспасөз қызметі
[xfvalue_img]