Сыртқы істер министрлігінде жаппай қырып-жою қаруын таратпау мәселелері жөніндегі Комиссия өтті
Қазақстанның Тұңғыш Президенті - Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың жаһандық ядролық қаруға қарсы және басқа да сыртқы саяси бастамаларын жүзеге асыру мәселелері ҚР Сыртқы істер министрі Бейбіт Атамқұловтың төрағалығымен өткен Қазақстан Республикасы Президентінің жанындағы Жаппай қырып-жою қаруын таратпау мәселелері жөніндегі комиссияның 16-шы отырысы барысында талқыланды. Отырысқа еліміздің мемлекеттік органдарының басшылығы, оның ішінде Әділет министрі Марат Бекетаев және Білім министрі Күләш Шамшиддинова қатысты.
Комиссия отырысының назарында Қазақстанның ядролық және биологиялық қауіпсіздігін нығайту, жаппай қырып-жою қаруын таратпау үшін экспорттық бақылау жүйесін күшейту, сондай-ақ халықаралық қоғамдастықпен өзара іс-қимыл мәселелері болды.
«Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев мәлімдегендей, бүгін әлем негізгі ойыншылар арасындағы қарым-қатынаста турбуленттілік пен дағдарыс кезеңінде тұрғанда, ядролық қаруды таратпау режиміне қауіп төнуде. Комиссия қызметінің өзектілігі елімізде бейбіт атомның дамуымен де артады», - деп атап өтті сыртқы саяси ведомствосының басшысы.
Сонымен қатар, отырыс барысында Қазақстандағы зерттеу реакторларының, АЭХА Төмен байытылған уран банкінің қызметін қамтамасыз етуге қатысты, сондай-ақ осыған байланысты ядролық қауіпсіздікті қамтамасыз ету және тиісті мамандарды даярлау қажеттілігіне байланысты туындайтын мәселелер қаралды.
Комиссия отырысына қатысқан министрліктер мен ведомстволардың басшылары өткен кезеңде берілген тапсырмалардың орындалу барысы туралы хабардар етті.
Қазақстан Республикасы Сыртқы істер министрлігінің
баспасөз қызметі
[xfvalue_img]
15 пікір