Қазақстанның елшісі Өзбекстан Олий Мажлис Сенатының төрағасымен кездесті
Қазақстан Республикасының Өзбекстандағы елшісі Дархан Сатыбалды Өзбекстан Республикасының Олий Мажлис Сенатының Төрағасы Нигматилла Йулдошевпен кездесті.
Кездесу барысында Н.Йулдошев Қазақстанның қарқынды дамуына жоғары баға беріп, Ташкент Нұр-Сұлтан қаласымен жан-жақты қарым-қатынасты дамытуға Орталық Азия өңіріндегі негізгі серіктесі ретінде үлкен мән беретінін атап өтті.
Өз кезегінде Елші Д.Сатыбалды сұхбаттасын Қазақстандағы соңғы саяси және әлеуметтік-экономикалық өзгерістер, атап айтқанда алдағы президенттік сайлау туралы хабардар етті.
Қазақстандық дипломат екі ел көшбасшыларының өзара түсіністігіне негізделген бірлескен жұмыстың арқасында елдер екіжақты және көпжақты өзара іс-қимылды нығайтуда жоғары нәтижелерге қол жеткізгенін атап өтті.
Осы орайда екі елдің заң шығарушы органдары арасындағы, оның ішінде екі мемлекет Парламенттері Палаталарының басшылары арасында сапарлар алмасу арқылы ынтымақтастықты дамытудың маңыздылығы айтылды.
Сондай-ақ Сенат Төрағасы қазақстандық дипломатқа бауырлас елдер арасындағы қатынастарды одан әрі кеңейту жолындағы жұмысына толағай табыстар тіледі.
Қазақстан Республикасы Сыртқы істер министрлігінің
баспасөз қызметі
[xfvalue_img]