БҰҰ Қауіпсіздік Кеңесі Мьянмадағы дағдарысты талқылады
АСТАНА, 29 қыркүйек, 2017 жыл – БҰҰ Қауіпсіздік кеңесі Мьянмадағы жағдайға байланысты ашық мәжіліс өткізді. Аталған басқосу Ұлыбритания, АҚШ, Франция, Швеция, Мысыр, Қазақстан және Сенегал делегацияларының өтініші бойынша шақырылды.
Бирмалық Ракхайн штатындағы дағдарыс соңғы айда Қауіпсіздік Кеңесімен үш мәрте қарастырылған болатын. Алайда, олар жабық консультациялар форматында өткен еді.
Өз сөзінде, БҰҰ-ның Бас хатшысы Антонио Гутерриш 2 қыркүйекте Қауіпсіздік Кеңесіне хат жолдағанын және онда cолтүстік Ракхайн штатындағы дағдарыстың ушығуын тоқтатуға бірлескен күш салуға шақырғанын атап өтті. Бас хатшының пікірінше, адамдарды қорғау, олардың азаптарын жеңілдету, жағдайды одан әрі ушықтыруға жол бермеу, дағдарыстың түбегейлі себептерін жою үшін шұғыл шараларды жүзеге асыру керек және ұзақ мерзімді шешімдерді табу қажет. Сондай-ақ, ол тамыз айының соңында «Аракан рохинджаларын құтқару армиясының» Мьянманның қауіпсіздік күштеріне жасаған шабуылын айыптады. Қазіргі дағдарыс сол шабулдан ушыға түскен еді.
А.Гутерриштің мәліметінше, кем дегенде жарты миллионға жуық бейбіт халық үйлерін тастауға мәжбүр болып, Бангладеште баспана тапты. Оның айтуынша, босқындардың нақты саны белгісіз болса да, әртүрлі деректерге сәйкес, олардың 94 пайызы рохинджа халқының өкілдері. Осы орайда БҰҰ басшысы Мьянма билігінен келесі үш шұғыл шара қабылдауға шақырды: біріншіден, барлық әскери операцияларды тоқтату; екіншіден, гуманитарлық көмектің кедергісіз жеткізілуін қамтамасыз ету; үшіншіден, босқындардың қауіпсіз жағдайда өз үйлеріне ерікті түрде қайта алуын қамтамасыз ету.
БҰҰ Басшысы босқындардың атыс қаруынан жапа шеккенін, олардың жаяу әскерге қарсы қойылатын миналарға түскенін және жыныстық зорлық-зомбылықтың құрбаны болғаны сияқты ауыр құқықбұзушылыққа тап болғандығын баса айтты. Бұл тұрғыда, Бас хатшы «тіпті төтенше жағдай кезінде де қырғынға ұшырататын қаруды жауакершілікпен пайдалану қажет. Ондай күш қолдану, қоғамдық тәртіпке төнетін қауіппен шамалас болуы тиіс және ол әсіресе қарусыз адамдардың өмірі мен жарақатын мейлінше азайту үшін барынша абай пайдалануы қажет», - деді.
БҰҰ Қауіпсіздік Кеңесінің отырысында сөйлеген сөзінде Қазақстанның Тұрақты өкілі Қайрат Омаров біздің еліміздің Мьянмадағы жағдайға аса алаңдаушылықпен бақылап отырғандығын жеткізді. Әсіресе, босқындардың шамамен 60 пайызы балалар екендігіне назар аударды.
Осы орайда Қазақстан Мьянмадағы жағдайды қалыпқа келтіру үшін шұғыл шаралар қабылдануын, рохинджа мұсылмандарын қудалануын және кемсітілуін тоқтатуды, зардап шеккен халыққа шұғыл көмек көрсету үшін халықаралық гуманитарлық ұйымдарға елге кіруге рұқсат беруді, сондай-ақ босқындардың Ракхайн штатына қауіпсіз және кедергісіз қайтуына шақыратын үндеуге келісетінін жеткізді.
Еліміздің Тұрақты өкілі рохинджа айналасындағы дағдарыс Ислам ынтымақтастығы ұйымының мемлекет және үкімет басшыларымен Астанада 10 қыркүйекте өткен Ғылым және технологиялар бойынша I-ші ИЫҰ Саммитінің аясында талқыланғандығын атап өтті. Қазақстандық дипломат Мьянмамен шектесетін елдердегі босқындар мәселесінің өршуі, ішкі және халықаралық терроризмнің кең етек алып кету қауіпін тудыруы мүмкін деген пікір білдірді. Ол Қазақстан халқы Ассамблеясы мен Әлемдік және дәстүрлі діндер көшбасшыларының Съезі сияқты ұлтаралық және дінаралық келісімнің бірегей үлгісі ретінде танылған Қазақстанның Мьянма билігін бейбітшілік пен қоғамдық келісімді қалпына келтіру үшін барлық қажетті шараларды қабылдауға шақыратынын жеткізді.
Қазақстандық делегация Ракхайн штаты бойынша Кофи Аннан бастаған консультативтік комиссияның дайындаған ұсыныстарын құптап, олардың іске асырылу үшін Мьянма үкіметінен тез арада нақты қадамдар қабылдауына шақырды.
Қазақстан Республикасы
Сыртқы істер министрлігінің
баспасөз хабарламасы
[xfvalue_img]
18 пікір