Қазақстан Үкіметі инвесторлар мемлекеттік және құқық қорғау органдары тарапынан ешқандай қысым көрмейтініне кепілдік береді
Қазақстан Премьер-Министрі Олжас Бектенов барлық инвесторларға үндеу жолдады. Ол өз мәлімдемесін Үкімет отырысында айтты.
«Бүгінде әлемнің көптеген елдері инвестиция тартуға барынша мән беріп отыр. Қазақстанның да мақсаты – сол! Біз отандық және шетелдік бизнеспен өзара тиімді ынтымақтастық орнатуға мүдделіміз. Біз ұзақ мерзімді инвестициялар үшін барынша қолайлы жағдай жасауға ұдайы ұмтылып келеміз.
Қазақстан Үкіметі жоғары деңгейде өңделген өнімдер шығаруға, ақпараттық технологияларды озық қарқынмен дамытуға, еліміздің серпінді дамуына ықпал ететін инновациялық кәсіпорындар құруға бағытталған әрбір ірі инвестициялық жобаға қолдау көрсетуге кепілдік береді деп сендіргім келеді.
Үкімет инвесторларға ресурстарға кедергісіз қол жеткізуге мүмкіндік жасайды, инфрақұрылымдық және консультативтік қолдау көрсетеді, өнімдерін өткізуге көмектеседі.
Сіздер мемлекеттік және құқық қорғау органдары тарапынан ешқандай қысым көрмейсіздер. Оған ешқандай күмән болмасын.
Керісінше, Үкімет сіздерге сенімді әрі ашық әріптес болады.
Бұл мәселелерді шешу үшін Инвестициялық штаб жұмыс істейді.
Өткен жылдың соңында Президент Қасым-Жомарт Тоқаев аталған Штабқа ерекше өкілеттіктер берді.
Біз отандық және шетелдік инвестициялар ағынын арттыру үшін басқа да бастамаларды іске асыруға ниеттіміз.
Олардың қатарында экономиканың басым салаларында инвесторлар үшін түбегейлі ынталандыру шаралары мен жаңа тәсілдерді қолдану, салықтық преференциялар, бюрократияны және бизнеске қажетсіз талаптарды алып тастау көзделуде.
Күш-жігерімізді жұмылдыра отырып, біз Қазақстан экономикасын дамытуда елеулі табыстарға қол жеткіземіз және өзара тиімді ынтымақтастықты қамтамасыз етеміз деп сенемін», — деді Олжас Бектенов.
https://primeminister.kz/news/kazakstan-ukimeti-investorlar-memlekettik-zhane-kukyk-korgau-organdary-tarapynan-eshkanday-kysym-kormeytinine-kepildik-beredi-27463
[xfvalue_img]