Балаларға қуаныш сыйлады
Жаңа жыл қарсаңында көп балалы және әлеуметтік жағдайы төмен отбасылардағы 20 балаға «Жас сарбаз» жасөспірімдер әскери-патриоттық қозғалысы Республикалық қоғамдық бірлестігінің Нұр-Сұлтан қалалық филиалы Нұр-Сұлтан қаласы қорғаныс істері жөніндегі департаментімен бірлесіп, жаңа жылдық сыйлықтар мен ойыншықтар табыстады.
Шара ҚР ҚК Ұлттық әскери-патриоттық орталығының, және Астықжан сауда орталығының қолдауымен «30 игі іс» және «Жүректен жүрекке» акциясы аясында өткізілді. Игі іске «Жас сарбаз» жасөспірімдер әскери-патриоттық қозғалысы Республикалық қоғамдық бірлестігінің төрағасы Мейірбек Меңдіғалиев, және Нұр-Сұлтан қалалық филиалының төрағасы Асхат Налшыбек және «Жас сарбаз» қозғалысының тәрбиеленушілері қатысты. «Тәуелсіздігіміздің 30 жылдық мерей тойы қарсаңында «30 игі іс» акциясына біз де атсалысып жүрміз. Осыған дейін Ауған соғысының ардагерлерін мерекемен құттықтап, аязды күні аянбай еңбек етіп жүрген «Астана тазалық» ЖШС қызметкерлеріне ыстық шай мен бауырсақ беріп қолымыздан келгенше көмектестік. Індет кезінде алдыңғы шепте жүрген дәрігерлер мен әскери қызметкерлердің отбасыларына 30 азық-түлік себетін тараттық. Бүгін ерекше қажеттілігі бар балалар мен 7 баласын жалғыз асырап отырған ананың отбасына кіріп, мерекелік сыйлығымызды табыстамақпыз. Бұл игі іс міндетті түрде өз жалғасын табатынына сенемін» деді Асхат Налшыбек.
Сондай-ақ Жас сарбаздар көп балалы отбасылардағы оқушылардың қашықтан оқуға байланысты туындаған басқа да мәселелерін шешуді алдағы уақытта қолға аламыз деп отыр. «Жас сарбаздықтар» үнемі қол ұшын созып тұрады. Бүгін де шаңырағымызға келіп, балаларды бір қуантты. Бұл біздің елімізде патриот ұрпақтың өсіп келе жатқанының белгісі. Қоғамымызда көмек көрсететін қайырымды жандар көп болсын» деді көпбалалы ана Фируза Абизова.
[xfvalue_img]