Қазақстанда ХҚО жұмыс уақыты ұзартылды
Еліміздің кейбір облыстарында бас санитарлық дәрігерлердің шешімімен халыққа қызмет көрсету орталықтарының жұмыс уақыты ұзартылды. Бұл өзгеріс жеті аймаққа – Ақтөбе, Ақмола, Алматы, Атырау, Түркістан, Солтүстік Қазақстан және Павлодар облыстарына қатысты.
Атап айтсақ, Атырау облысындағы бұған дейін коронавирус індеті өршігендіктен, карантинге жабылған Жылыой аудандық ХҚО ашылды.
«Азаматтарға арналған үкімет» мемлекеттік корпорациясының басқарма төрағасы Әсемгүл Балташеваның айтуынша, ХҚО жұмыс уақыты ұзартылғандықтан, күн сайын тұрғындарға ұсынылатын мемлекеттік қызмет саны да артпақ. «Біз жағдайды үнемі бақылауда ұстап отырмыз. Қызмет алушылар халыққа қызмет көрсету орталықтарына кезекті бір апта бұрын брондау керектігін айтып шағымдануда. ХҚО жұмыс уақытын біртіндеп ұзарту арқылы осы мәселені тұрақтандырып, қазақстандықтардың мемлекеттік қызметтерді алу қажеттілігін қамтимыз деп ойламын», - деді Балташева.
Еліміздегі төтенше жағдай аяқталғаннан бері ХҚО арқылы үш миллионнан астам мемлекеттік қызмет көрсетілді. Сондай-ақ, әлі де карантин жағдайы сақталғандықтан, ХҚО-да алдын-ала брондау арқылы және тек қана қағаз жүзінде ұсынылатын қызметтер көрсетіледі. Ал электрондық қызметтер жеңілдік терезелерінде зейнеткерлер, мүмкіндігі шектеулі тұлғалар мен көп балалы отбасылардың мүшелеріне ғана көрсетіледі. Компьютерлері немесе интернеті жоқ азаматтар онлайн қызметтерді алу үшін әкімдіктер мен екінші деңгейлі банктерде орналасқан egov.kz бұрыштарын пайдалана алады.
Халыққа қызмет көрсету орталықтарында маска киіп, әлеуметтік қашықтықты сақтау талап етіледі.
[xfvalue_img]