"Игі істің басы - тіл"

Елбасымыздың «Мемлекеттік тілді білмейінше, мемлекеттік органдарда, қызмет көрсету саласында, құқық қорғау органдарында, немесе сот саласында жұмыс істеу мүмкін болмайды» деген сөзі бүгінгі күннің және келешектің нақты ұстанымы екендігі сөзсіз.

Қайсыбір мемлекет болмасын оның ең әуелі ұлықтайтын тілі, әрине мемлекеттік тілі.

Ол - әлемдік қауымдастықтағы мемлекеттердің басты белгілерінің бірі, ұлттық саясатының көрсеткіші. Қазақстан Республикасының мемлекеттік тілі қазақ тілі - ұлы даламызды мекен еткен байырғы қазақ халқы мен Қазақстандық басқа да ұлт өкілдерінің тарихи тағдырын тоғыстырған, теңдік пен татулықты ұстана отырып, бейбіт қоғамды қалыптастыруға қол жеткізіп отырған бірден-бір ұлы рәмізі.

Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың “Біздің, бүкіл қазақстандықтардың басын біріктіретін басты фактор - мемлекеттік тіл. Қазақтардың туған тілін дамыту үшін барлық күш - жігерімізді жұмсауымыз керек”, деуінің өзі ақ әрбір саналы азаматқа көп жайды аңғартса керек. Білім мен ғылымның, экономиканың, жалпы бәсекелестіктің қарыштап дамып отырған бүгінгідей жаһандану кезеңінде Елбасы көрегендік танытып, алдымызға үш тілді білу қажеттігін қойып отыр. Өскелең ұрпақтың, жастар алдында бірнеше тіл білу міндеті тұр. Әрине, “Үш тілдің бірлігі” мәдени жобасы үш тілді, қазақ, орыс және ағылшын тілдерін Қазақстан азаматтарының бірдей меңгеруін меңзегенімен, бұның түпкі негізі, көздеген мақсаты - қазақ тілінің халықаралық қолданыстағы орыс, ағылшын тілдерімен терезесін теңестіріп, әлемдік деңгейге көтеріп, жаһан тілдерімен тең қолданылатындай етіп биікке жеткізу.

Қазақ тілі үш тілдің біреуі болып қалмайды. Үш тілдің біріншісі, негізгісі, бастысы, маңыздысы бола береді.

Тіл мәселесі ұлт руханиятының алтын қазығы болғандықтан, оған Президентіміз Қасым-Жомарт Тоқаевтың өзі ерекше мән беріп отырғанда баршамыздың оған қолдау көрсетуіміз абыройлы міндетіміз деп түсінген абзал.

Тіл - қай ұлтта, қай елде болсада қастерлі, құдыретті. Ол әрбір адамға ана сүтімен бірге еніп, қалыптасады. Тіл байлығы - әрбір елдің ұлттық мақтанышы. Ол атадан балаға мирас болып қалып отыратын баға жетпес мұра. Демек, әр адам ана тілін көзінің қарашығындай қорғауға, оның орынсыз шұбарлануының қандайына болса, да қарсы тұруы тиіс.

Ақ иық ақын Қадыр Мырзалиев:

Ана тілің - арың бұл,

Ұлтың боп тұр бетте.

Өзге тілдің бәрін біл,

Өз тіліңді құрметте - деген өсиеті барлығымызға қойылатын талап.

Қазіргі күні республика соттарында сот төрелігін жүзеге асырушы судьялардың басым бөлігі қазақ тілін еркін меңгерген, сот төрелігін мемлекеттік тілде сапалы жүзеге асыра алатын тұлғалар, егер де халық сотқа қазақ тілінде жүгінетін болса, немесе өкілетті органдар тергеуді мемлекеттік тілде жүргізсе, барлық өңірлерде сот істерін қазақ тілінде қарауға қауқарлы судьялар баршылық және жеткілікті.

Еліміздің сот жүйесі Тәуелсіздік жылдарынан бері терең реформаларды басынан өткеріп келгені белгілі.

Бүгінгі күнде Жоғарғы Сот төрағасы Жақып Асановтың басшылығымен сот төрелігі заман талабына сай үздіксіз жүйелі түрде жүргізіліп келеді, Елбасы алға қойған міндеттерді орындау мен қатар, елімізде сот жүйесінің өзіндік заңдық базасы қалыптасты. Жоғарғы Сот төрағасының бастамасы аясында сот жүйесі одан әрі реформаланып, сот билігіне деген жауапкершілік те арта түсті, талай жаңашыл реформалар алға дамыды. Әділ сот жүйесінің жұмысы әлемдік стандарттарға сәйкестендіріп, соттың тәуелсіздігін кепілдендіретін құқықтық тетіктер енгізілуде. Елімізде соттан ашық, соттан жария бірде-бір мекеме жоқ десем қателеспеймін. Халықтың сотқа деген көзқарасы жақсарды. Заманмен бірге заңның өзгергенін халық біліп те, көріп те жүр. Жоғарғы Сот тарапынан судьялыққа үміткерлерді іріктеу кезінде қазақ тілін меңгерген, іс қарай білетін тұлғаларға басымдық беретіндігі, соңғы кезде судья ретінде тағайындалған, сот төрағалығына ұсынылған тұлғалар арасында мемлекеттік тілді меңгерген тұлғалар санының өсіп келе жатқандығы қуантады.

Қазақстан халқын біртұтас ұйытудың аса маңызды факторы болып табылатын мемлекеттiк тiлдi меңгеру - Қазақстан Республикасының әрбiр азаматының парызы.

Орыс тiлi ресми түрде қазақ тiлiмен тең қолданыста болғанымен мемлекеттiк тіл - қазақ тiлі Қазақстан Республикасының мемлекеттiк органдарының жұмыс және iс қағаздарын жүргiзу тiлi болып табылатындығын ұмытпауымыз керек. “Қазақстан Республикасындағы Тіл туралы” Заңның 13-бабына сәйкес Қазақстан Республикасында сот iсi мемлекеттiк тiлде жүргiзiледі, ал, қажет болған жағдайда, сот iсiн жүргiзуде орыс тiлi немесе басқа тiлдер мемлекеттiк тiлмен тең қолданылады.

Іс жүзінде әрине, қазіргі кезде сотта іс жүргізу көбінесе орыс тілінде жүргізіледі. Оның себебі АІЖК-нің 14-бабына сай сот ісін жүргізу тілі сотқа талап арыз берілген тілге қарай сот ұйғарымымен белгіленеді. Бір іс бойынша іс жүргізу бастапқы белгіленген сот ісін жүргізу тілінде жүзеге асырылады. Яғни, талап арызы қай тілде берілсе, іс тек сол тілде жүргізіледі. Ал іс жүргізу тілін білмейтін немесе жөнді білмейтін іске қатысушы адамдарға сотта аудармашының қызметін тегін пайдалану қамтамасыз етіледі. Бұл ретте, әрине, кездесетін қиындықтар да бар. Мысалы, қазақ тілінде жазылған арызға тіркелген құжаттардың басқа тілде болуы, іс бойынша жасалған сұраныстарға іс жүргізу тілінен басқа тілде жауап берілуі. Мұндай кездерде, арыз берушіге басқа тілдегі құжаттардың аудармасын тіркеу ұсынылады, оған мүмкіндігі болмағанда, аудармашының көмегімен құжаттардың аудармалары жасалады. Немесе, сотқа талап арызды орыс тілінде беріп, алайда істі сотта қарау барысында талапкердің өзі мемлекеттік тілде түсінік беруді қалайтындарын, ал талап арызды басқа құжаттар орыс тілінде болуына байланысты ғана сол тілде бергенін айтып жататын жағдайлар да кездеседі. Бұған мемлекеттік және басқа да мекемелерде келісім шарттар жасаған, құжат алмасқан кезде әлі де болса мемлекеттік тілден гөрі, орыс тілінің басым қолданылатыны, бұған себеп қызметкерлердің мемлекеттік тілді білмеуімен қатар, бұрынғы үйренген қалыппен жүруге бейім тұратыны, өзгеріс енгізуге немқұрайдылығы да себеп болып жатады. Қалай болғанда да, сотқа талап арыздарды мемлекеттік тілде беруге, сот процесі барысында мемлекеттік тілде түсінік беру мүмкіндігіне шектеу жасалмауы қажет. Тіл тағдыры - ұлт тағдыры, отансүйгіштіктің, ұлттық намыстың мәселесі. Мемлекеттік тілдің мәртебесін көтеруде мемлекеттік қызметшілерге жүктеліп отырған міндет зор. Сондықтан сотта істерді қарау барысында мемлекеттік тілдің қолданысына қырағы болу қажет. Соның ішінде мемлекеттік қызметкерлер ана тілінде сөйлеп, ана тілінде сауатты жаза білуге, сөйтіп өзге ұлт өкілдеріне үлгі - өнеге көрсетулері тиісті.

Біздің Нұр-Сұлтан қалалық соттарында мемлекеттік тіл мәселесі толықтай шешімін тапты деп сеніммен айтуға болады.

Нұр-Сұлтан қалалық сотында құжат айналымы мемлекеттік тіл-қазақ тілінде жүргізіледі. Атап айтқанда, ішкі ұйымдастырушылық құжаттар - өкімдер, анықтамалар қазақ тілінде шығарылады, жедел кеңестер мен олардың хаттамалары қазақ тілінде жүргізіледі. Аудандық соттарға, өзге мекемелерге құжаттар тек қана мемлекеттік тілде жолданады. Басқа да мемлекеттік органдар мен ұйымдардың, азаматтардың арыз - өтініштеріне де, берілу тіліне қарамастан, мемлекеттік тілде жауап беріледі. Бұдан басқа ендігі жерде әрбір сот маманы-мемлекеттік қызметшіден мемлекеттік тілді жетік білуі талап етіледі.

Сонымен бірге ана тілінің сол мекемедегі үлес-салмағының  қаншалықты жоғары болуы бірінші басшыға тікелей байланысты екендігі айтпаса да түсінікті. Нұр-Сұлтан қалалық сотының төрағасы Тілектес Бәрпібаевтың да мемлекеттік тілді жетік білумен қатар оның болашағына шын мәнінде жаны ашитын ұлтжанды азамат. Сол төрағамыздың арқасында қаламыздағы өзге мекемелерге қарағанда ана тіліне деген құрметті күшейтіп, жаңадан жұмысқа кірген жас мамандарды ұлттық рухта тәрбиелеп, баулу бағытында анағұрлым алда келеміз десек асыра мақтағандық болмас.

Өйткені, бүгінгі күні мемлекеттік тіл мәселесі аса зор қоғамдық және саяси маңызға ие болып, ардың ісіне айналып отыр. Елбасымыз атап көрсеткендей, «Қазақстанның болашағы - қазақ тілінде». Олай болса, еңсесі биік елдер қатарына қосылуды мұрат тұтқан біздер үшін Ананың тілі - жүректің үні, ұлттың рухы, абыройы, болмыс-бітімі. Туған тіліміздің өсіп-өніп, өркендей беруі, тамырын терең жайып, мәңгі құламайтын бәйтерекке айналуы, шын мәнінде, өз тұғырына көтеріліп, қоғамымыздан лайықты орнын алуы үшін күресуден асқан міндет жоқ.

Тіл - тек қарым-қатынас құралы ғана емес, сонымен қатар әрбір сөйлеушінің ақылы мен парасатының көрсеткіші.

Елбасымыздың: «Өзіміз ана тілімізде сөйлемейінше, өзге ешкім де бұл тілді шындап құрметтей қоймайтынын түсінуге тиіспіз. Бұл ретте, ең алдымен, қазақ азаматтарының намысына салмақ салмай болмайды. Ана тілін білмеу қазақ азаматы үшін ұят саналуға тиіс», дегенін ұмытпайық.

Ендеше, ана тіліміздің асылын ардақтап, оның інжу-маржанынан сусындай білелік. Тоқсан рулы елдің дауын тоғыз ауыз сөзбен түйіндеген ата-бабаларымыздың дәстүріне сай жүйелі сөйлей білсек бәрімізге де абырой.

 

Оралхан Тұрсынов 

Нұр-Сұлтан қалалық сотының судьясы             

[xfvalue_img]

Жаңалықтарды бағалаңыз

  • Сіздің бағалауыңыз
Итоги:
Дауыс берген адамдар: 0

Пікір қалдыру

Ваш e-mail не будет опубликован. Поля обязательны для заполненеия - *

  • bowtiesmilelaughingblushsmileyrelaxedsmirk
    heart_eyeskissing_heartkissing_closed_eyesflushedrelievedsatisfiedgrin
    winkstuck_out_tongue_winking_eyestuck_out_tongue_closed_eyesgrinningkissingstuck_out_tonguesleeping
    worriedfrowninganguishedopen_mouthgrimacingconfusedhushed
    expressionlessunamusedsweat_smilesweatdisappointed_relievedwearypensive
    disappointedconfoundedfearfulcold_sweatperseverecrysob
    joyastonishedscreamtired_faceangryragetriumph
    sleepyyummasksunglassesdizzy_faceimpsmiling_imp
    neutral_faceno_mouthinnocent
Кликните на изображение чтобы обновить код, если он неразборчив

Негізгі жаңалықтар

Логотип

Портал туралы

Ел мен әлем жаңалықтары!

© 2024 INFOZAKON. Барлық құқықтар сақталған.