Кәсіподақтар арыстықтарға жаңа қақпа салып береді
Кәсіподақтар федерациясының Төрағасы Бақытжан Әбдірайым Арыс қаласының кіре беріс қақпасының құрылысы үшін капсула қойды және қала тұрғындарына Қазақстан кәсіподақтарының шипажайларына сауықтыру жолдамаларын табыстады.
Өздеріңіз білетіндей, қала 17 секторға бөлінген. Қаланы қалпына келтіру жұмыстарына еліміздің барлық аймақтары қатысуда.
Кәсіподақтар бұл игі шарадан тыс қалмай, архитектуралық құрылыстардың бой көтеруіне өзіндік үлес қосады.
Кәсіподақтар қала тұрғындары үшін қасиетті Құрбан айт мейрамының құрметіне дастархан жайды.
ҚРКФ басшысы арыстықтарды Құрбан айт мейрамымен құттықтап, бұл қасиетті мереке жақсылық пен қайырымдылықтың нышаны екенін атап өтті.
Бақытжан Әбдірайым кәсіподақтар орын алған апатты жағдайға бей-жай қарай алмайтынын, арыстықтармен бірге екендіктерін жеткізді.
Осы күні Кәсіподақтар федерациясының басшылығы жарылыс кезінде қайтыс болған жас бүлдіршін Ерболұлы Аянның отбасына барып, көңіл айтты. Аян 2011 жылғы 22 тамызда дүниеге келген. Арыс қаласының бастауыш мектебінің 3 сынып оқушысы болған. 2019 жылғы 24 маусымда орын алған төтенше жағдай кезінде жол көлік апатына ұшырап, Нұр-Сұлтан қаласындағы №2 балалар ауруханасының Нейрохирургия бөліміне жеткізілген. Өкінішке орай, Аян сол ауруханада дүниеден өтті.
Кәсіподақ өкілдері Аянның отбасына материалдық көмек көрсетті, сондай-ақ, кәсіподақтар шипажайына сертификат табыстады.
Федерация өз тарапынан қала тұрғындарының денсаулығына алаңдаушылық білдіреді, осыған орай қала тұрғындарына шипажайлық-курорттық сауықтыру үшін кәсіподақ сертификаттары табысталды.
– Біз Арыс тұрғындарына көмектесуді өзіміздің азаматтық борышымыз деп есептейміз, барлық жерлестерді осы оқиғадан тыс қалмай, азаматтарымызға мүмкіндігінше көмек көрсетуге шақырамыз, – деп үндеу тастады ҚРКФ Төрағасы.
ҚР Кәсіподақтар федерациясының баспасөз қызметі
[xfvalue_img]