Бас келісімге қол қойылды
Бүгін Қазақстан Республикасының Үкіметі, республикалық жұмыс берушілер бірлестіктері мен республикалық кәсіподақтар бірлестіктері арасында 2018-2020 жылдарға арналған Бас келісімге қол қойылды.
Құжатқа Әлеуметтік және еңбек қатынастарын реттеу мен әлеуметтік серіктестік жөніндегі республикалық үшжақты комиссияның тараптары қол қойды: Үкіметтен - ҚР Премьер-министрдің орынбасары Ерболат Досаев, жұмысшылардың бірлестіктерінен - Кәсіподақтар федерациясының төрағасы Бақытжан Әбдірайым және Қазақстанның еңбек конфедерациясының бас хатшысы Мұрат Машкенов, жұмыс берушілер бірлестіктерінен - «Атамекен» Ұлттық кәсіпкерлер палатасы Басқарма төрағасы Абылай Мырзахметов, Жұмыс берушілер конфедерациясы Басқарма төрағасы Қадыр Байкенов, Тау-кен өндіруші және тау-кен металлургия кәсіпорындарының республикалық қауымдастығының атқарушы директоры, Қазақстан тауар өндірушілері мен экспорттаушылары одағы президенті Николай Радостовец.
Бас келісім үш жыл мерзімге бекітіледі. Осы құжаттың бекітілуі Үкіметтің әлеуметтік серіктестікті дамытуға ерекше назар аударатындығын білдіреді. Бұл өз кезегінде Келісім тараптары үшін бірігіп қызмет етудің басым бағыты болмақ.
Құжаттың негізгі мақсаты келісілген әлеуметтік-экономикалық саясатты жүргізу және еңбеккерлердің лайықты еңбек шарттарын қамтамасыз ету үшін өзара жұмыс жүргізу болып табылады. Сондықтан да, осы келісім Мемлекет басшысының «Қазақстанның үшінші жаңғыруы: жаһандық бәсекеге қабілеттілік» Жолдауын, Еңбек кодексін және кәсіподақтар туралы заңнаманы ескере отырып әзірленген.
Бас келісім әлеуметтік серіктестікті дамыту, сондай-ақ, мемлекеттің тұрақты экономикалық өсімі мен адам капиталына инвестициялардың артуын қамтамасыз етуге арқау болатын әлеуметтік-еңбек саласындағы қатынастарды реттеу қағидаларының негізінде дайындалған.
Жаңа Бас келісімде кәсіподақтар үшін басым мақсаттар еңбек заңнамасының сақталуына бақылауды күшейту, әлеуметтік стандарттарды кезең-кезеңмен жақсарту, еңбек қауіпсіздігі мен еңбекті қорғау мәселелерін бекіту, ең төменгі күнкөріс деңгейінің көлемін анықтау әдістемесін жетілдіру мәселелері екенін айта кеткен жөн.
Келісімге бизнес-ортаның түбегейлі жақсаруы мен экономиканы үдемелі технологиялық жаңғырту жөнінде жаңа бөлімдерді енгізу маңызды болып табылады. Яғни, бұл қадамдар Қазақстанның жаһандық бәсекеге қабілеттілігін арттыру үшін жаңа технологиялық даму деңгейіне өткенін көрсетеді.
«Кәсіподақтардың негізгі мақсаты - кәсіби өсу шарттарын қамтамасыз ету және еңбектің сапасын арттыруға қол жеткізу. Осы құжат қол жеткізген келісімнің нәтижесі болып табылады, бұл орайда кәсіподақтар үшін республикамыздың 6 миллионнан астам еңбеккер азаматтарға лайықты еңбек шарттарын қамтамасыз етуге бағытталған мақсаттарға қол жеткізуге мүмкіндік береді», - деп атап өтті келісімге қол қою рәсімі барысында Бақытжан Әбдірайым.
ҚР Кәсіподақтар федерациясының баспасөз қызметі
[xfvalue_img]
1 пікір