«Самұрық-Қазына» ҰӘҚ» АҚ-ның трансформация бағдарламасы одан әрі дамитын болады
«Самұрық-Қазына» ҰӘҚ» АҚ Басқарма төрағасы Ахметжан Есімов трансформация бағдарламасын қоржындық компаниялардың бизнес-мақсаттарына барынша сәйкестендіруді тапсырды.
«Самұрық-Қазына» АҚ-да трансформация бағдарламасын жүзеге асыру және одан әрі дамыту тақырыбында жиналыс өтті. Оған Қордың және қоржындық компания басшылары қатысты. Жиынға қатысушылар трансформация бағдарламасын іске асырудың 2018 жылғы алдын ала нәтижелерін саралады.
Ахметжан Есімов трансформация бағдарламасы әрбір қоржындық компанияның бизнес-жоспарларына барынша сәйкес болуы керектігін атап өтті.
«Өкінішке орай, осы жылдар бойы трансформациядан түскен кіріс Қор жұмсаған шығындарды өтеген жоқ. «Әсіре» сандардан бас тарту қажет. Бізге трансформация арқылы әр компаниямыздың табыстылығын арттыруға мүмкіндік беретін жаңа әдіс-тәсілдер қажет»,- деді Ахметжан Есімов.
«Самұрық-Қазына» АҚ Басқарма төрағасы Ахметжан Есімов атап өткендей, трансформация бағдарламасының жаңа кезеңін іске асыру барысына Қордың Цифрландыру және ақпараттық технологиялар жөніндегі басқарушы директоры Дәурен Керейбаев жетекшілік етеді. Жиында Дәурен Керейбаев аталған бағдарламаны іске асырудың жаңа жолдарын таныстырды. Бұл компаниялардың бизнес тиімділігін, нақты экономикалық және қаржылық пайдасын арттыруға бағытталған.
Айта кеткен жөн, Трансформация бағдарламасы Елбасы тапсырмасы бойынша 2014 жылдың қазан айында қолға алынды. Бағдарлама «Самұрық-Қазына» қорының қоржындық компанияларының экономикалық тиімділігін арттыруға бағытталған. Бұл «Temasek» (Сингапур), «Khazanah» (Малайзия) және «Mubadala» (Біріккен Араб Әмірліктері) сияқты жетекші әл-ауқат қорлардың тәжірибесі негізінде әзірленді.
«Самұрық-Қазына» АҚ
Қоғаммен байланыс және
маркетингтік коммуникациялар департаменті
[xfvalue_img]