Мүмкіндігі шектеулі балалары бар отбасылар тегін психологиялық көмекке онлайн жүгіне алады
«Азаматтарға арналған үкіметтің» әлеуметтік сала бойынша кеңес беретін 1411 тегін нөміріне қоңырау шалу арқылы мүгедектігі бар балаларды тәрбиелеп отырғандар псилохологиялық көмек алу кезегін брондай алады.
Мүгедектігі бар балаларды тәрбиелеп отырған ата-аналарға психологиялық кеңес беретін онлайн қолдау қызметін құру жөніндегі әріптестік келісім ҚР Денсаулық сақтау және әлеуметтік даму министрлігі, «Азаматтарға арналған үкімет» мемлекеттік корпорациясы және Қазақстан-Ресей медицина университетінің арасында 2015 жылы жасалған.
Онлайн қолдау қызметі құрылғалы бері барлық аймақтан 2,4 мың өтініш келіп түскен. Қоңыраулардың дені Алматы, Атырау және Түркістан облыстарына тиесілі.
1411 байланыс орталығына хабарласқандар онлайн көмек алу уақытын белгілеп, кезекке тұрады. Медицина университетінің мамандарымен байланыс «Skype» бағдарламасы арқылы жүзеге асады, ол үшін белгіленген уақытта krmu1411 аккаунтына онлайн қоңырау шалу қажет.
Мүмкіндігі шектеулі балалардың ата-аналарына психологиялық көмекті медицина университетінің психиатрия, жалпы медициналық психология және педагогика кафедраларының кәсіби мамандары береді.
Психологтардың қызметіне жүгіну – балаларды тәрбиелеу және оқыту бағдарламаларын таңдау бойынша ақылы мамандардың қызметін төлей алмайтын және кәсіби мамандардың қабылдауына бара алмайтын шалғайдағы елдімекендерде тұратын ата-аналар үшін жақсы мүмкіндік.
«Азаматтарға арналған үкімет» мемлекеттік корпорациясы» КЕАҚ баспасөз қызметі
[xfvalue_img]