Өткен жылмен салыстырғанда ЖРВИ, тұмау бойынша сырқаттану деңгейі 15%-ке төмен
Республикада тұмау және ЖРВИ бойынша эпидемиологиялық жағдай тұрақты.
Барлығы ЖРВИ-дың 107 мыңнан астам жағдай тіркелді, оның ішінде 9 жағдайы тұмау, өткен жылмен салыстырғанда сырқаттану деңгейі 15%-ке төмен. ЖРВИ-мен сырқаттанғандардың негізгі бөлігін 14 жасқа дейінгі балалар құрайды, барлық ауырғандардың 67,3%-ы.
Қазақстанда жыл сайын ЖРВИ-мен және тұмаумен эпидмаусымда халықтың 10%-ға жуығы ауырады. Ауырғандардың негізгі бөлігін 14 жасқа дейінгі балалар құрайды, ол жалпы сырқаттанушылықтың 70%-ы. Өткен эпидемиялық өршулерді талдау бойынша тұмаумен және ЖРВИ-мен сырқаттанушылықтың көтерілуі желтоқсан айының ортасына, сырқаттанушылықтың аса көтерілуі қаңтардың аяғы мен ақпан айының басына келеді.
Болжам бойынша 2017-2018 жылдардың эпидемиялық маусымында өткен маусымдағыдай халық арасында А және В типті тұмау вирустарының белсенділігі болжанады. Тұмаумен қатар тыныс алу жолдарының жіті аурулары парагриппті, респираторлық-синцитиалдық инфекцияны, риновирусты және аденовирусты инфекцияларды біріктіретін жіті респираторлық вирустық инфекциялардан болады және әртүрлі вирустардың (300-ден астам) көп болуымен негізделуі мүмкін.
Еске сала кетейік, Республикада иммундау кампаниясы 1 қазаннан басталды. Жалпы алғанда ағымдағы эпидмаусымда бюджет қаражатынан 1 млрд 400 млн. теңгеден астам сомаға тұмауға қарсы 1 570 142 вакцина дозасы сатып алынды. Сатып алынған «Гриппол» вакцинасы Ресей Федерациясында өндірілген. Вакцина маусымдық A(H3N2) мен А(H1N1) тұмауына және В тұмауы вирусына қарсы антигендер штамдарын қамтиды.
Егумен халықтың 11% қамтылды, оның ішінде мемлекеттік бюджет қаражаты есебінен халықтың барынша осал топтары (созылмалы өкпе, жүрек-қан тамырлары ауруларымен, иммун тапшылығымен ауыратын балалар, әлсіз және жиі ауыратын балалар, медицина қызметкерлері мен жүкті әйелдер) вакцинацияланады.
Тұмау асқынуларымен қауіпті болатынын естен шығармау керек, сондықтан респираторлық аурулардың алғашқы белгілері байқалған кезде өздігінен емделмей, тез арада дәрігерге жүгіну қажет.
Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының ұстанымына сәйкес тұмауға қарсы тиімді құралдардың бірі вакцинация болып табылады, ол осы эпидемиологиялық маусымда тұмаудың өзекті вирустарынан қорғауды қамтамасыз етеді.
Тұмау және басқа респираторлық инфекцияның арнайы емес алдын алу әдістеріне мыналар жатады:
Ииммунитетті жақсарту препараттарды (анаферон, интерферон, виферон, интерферон индукторы), вирусқа қарсы жақпамайлар (оксалин, антивир және т.б.), поливитаминдер пайдалану.
Витаминдер мен ақуызға бай, иммунитетті жақсартатын тағамдарды (пияз, сарымсақ, шөптен, итмұрыннан және қарақаттан жасалған сусындарды және ашытқан қырыққабат, мүкжидек, лимон, киви, мандарин, апельсин, грейпфрут сияқты құрамында С витамині көп өнімдерді) тұтыну сияқты иммунитетті нығайтуға әсер ететін барлық шараларды қолдану.
Таза ауада жүріп, организмді шынықтыру.
Үй-жайды жиі желдету және барлық беткейлерді сүрте отырып, ылғалды жинау жүргізу.
Эпидемиялық маусым кезінде адамдар жаппай жиналатын жерлерде болуды шектеу.
Арнайы бақылау адам қолының күніне мұрын мен көздің бөліндісімен, сілекеймен 300 рет жанасатынын көрсетті. Сондықтан қолды сабынмен жиі және тұрақты жуу, ең жақсысы - сырқаттанған кезде немесе науқасты күткен уақытта антисептикті пайдаланған жөн.
Егер ауырсаңыз қоғамдық көлікте, дәрігерге кезекте тұрғанда инфекцияның таралуын болдырмау үшін дәрігерді үйге шақырту қажет. Ауру адам үйде болған жағдайда оны оқшаулауды қамтамасыз ету қажет, науқас және сау адамдар да бетпердені пайдалануы керек.
Тұмау барлық сырқаттанғандардың шамамен 20%-нда асқынулар дамуымен қауіпті. Көп кездесетін тұмаудың ауыр асқынуы жіті вирустық-бактериалды пневмониялар болып табылады, олар сырқаттанғандардың 10%-да анықталады және ауруханаға жатқызылғандардың жартысында ауыр және орташа ауыр түрде өтеді. Өкпенің вирустық зақымдануы олардың ісінуімен бірге өтеді, бұл өлім жағдайлары себебінің бірі болып табылады. Сонымен қатар гайморит, отит, бронхит, трахеит, синусит, пиелонефрит, цистит, миокардит және басқалар сияқты «ит» жұрнағымен аяқталатын, сондай-ақ миокард және бүйрек тіндерін зақымданумен өтетін аурулардың көпшілігі ЖРВИ және тұмаудан кейін пайда болатын асқынулар болып табылады.
[xfvalue_img]
20 пікір