Бір фотосуреттің сыры
«Қулық саумақ, көз сүзіп, тіленіп, адам саумақ - өнерсіз иттің ісі». Абай
Махмұд Қасымбековпен 50 жылдан аса таныстығым бар. 1977 – 90 жылдары есімі Елге таныс Шәріп Омаровтың ұйымдастыруымен Қазақстан комсомолының Орталық Комитеті, Алматы қалалық және облыстық комсомол комитеттерінің хатшылары қатысуымен аптасына үш-төрт рет «Динамо» стадионында, Каблуков көшесіндегі «Қайрат» футбол командасының базасында бірге футбол ойнап тұратын едік. Тіпті ек-үш рет Алматының Орталық стадионында да ойнағанымыз есімде. Бұл ойындарға Махмұд та қатысатын. Жалпы сол кезден сәлеміміз түзу, сыйластығымыз жақсы болатын. Ол өзі ертеден аурасы жағымды, өте қарапайым, кішіпейіл, жаны жайсаң, жан-жақты білімді бір келісті азамат болатын. Кейін ол Қазақстан Республикасының Президенті Н.Назарбаевтың Кеңсесінің бастығы болып жүргенде, әркез кездескен сайын әңгіме соңында телефон номерін беріп, «хабарласып тұр» дейтін еді. Рахмет әрине. «Жұмысы тығыз, жауапты қызметтегі азаматтың көңілін бөлмейін» - дегендей, әдеп сақтап, сыпайылыққа салып, Махмұдқа бірде-бір рет қоңырау шалған адам емеспін. Көп жылдар өте, қоңырау шалуға тура келді. Себебі мынадай болатын.
...2016 жылы ЖШС «Орал - Дизайн стройсервис» құрылыс компаниясына 2-кі бөлме пәтер алуға 15 миллион ақша салдық. Әуелде, әкелген ақшамызды олардың кассасына салардың алдында, директордан бастап барлық қызметкерлері бізге аса құрмет, ілтипат білдіріп, кейбіреуі тіпті «алды-артымыздан» шыға әсіре жалпалақтап қалған болатын. Ақшамызды кассаға салып, біткеннен кейін, жанағы жалпалақтағандардың барлығы аяқасты күрт өзгере қалды: маңайымыздан қашқақтай, бойларын алыс тартты. Бәрі өзгеріп шыға келді: жүздері суық тартып, теріс айналды. Ай, бұл тегін емес деп сезіктеніп, ертесінде Астана қалалық Әкімдігінің Құрылыс бөліміне барып білсек, бізге өте жағымсыз жайт анықталды. Мамандардың айтуы бойынша, 2015 жылы Астанада тұрғын үй кешендерін салу кезінде үлескерлердің қаражатын жымқыру фактілері бойынша аталған компанияның директоры К.Жұмабековтың үстінен қылмыстық іс қозғалыпты. Мәссаған безгелдек, «ашық аспан, күн тұтылмай» тұрғанда көргеніміз осы ма?! Опық жеп, тал түсте алданғанымызға жол болсын?! Маңдайтер адал ақшамыздан айырылғанымыз ба? Құрылыс компаниясының офисына жүгіре басып барып, ақшамызды талап еттік. – Қазір менде бір тиын да жоқ, орайы келсе қайтарамын - деді директор маңғаздана кісімсініп, мізбақпастан. Содан маңдайымызға тиген ащы шындық: «ақша да жоқ, пәтер де жоқ». Жора-жолдастар жағдайды естіп, маған күледі: - Өзің заңгерсің, қалай алданып қалдың?-дейді мысқалдап. Мен қолдан кеткен ақшаға емес, әуелі алданып қалғаныма қатты күйіндім. Қалай алданбайсың? Қашанда ақыл-есі дұрыс болғандай көрінген адамға сенеміз ғой. Ежелгі Рим ойшылы Марк Туллий Цицерон: «Адам неғұрлым адал болса, солғұрлым өзгелердің арамдығына күмән келтірмейді» - деген екен. Ал француздың философы Франсуа де Сад: «Алаяқтардың бар екеніне адал адам ешқашан сенбейді» деп, өзінің бір еңбегінде анық жазыпты. Адал адам өзгені де өзіне ұқсатып, айтылған уәдеге сенеді, берілген сөзге иланaды. Компанияның сату жөніндегі менеджері Құралай бізге бітіп тұрған үйді көрсетіп: - Пәтердің ішкі жұмыстары ғана қалды. Жуырда өзбектер келіп жұмысқа кіріседі. Бір-екі айдан кейін пәтерлеріңізге кіресіздер – деді. Ал Қ.Жұмабековтың отырған офисі еңселі, кабинеті Қонаевтың кең кабинетінен (кезінде көруге мүмкіндік болған еді) кем емес. Іші қымбат жиһаздармен безендірілген. Өзі ұзын столдың басында маңғазданып отыр. Келісім-шартқа екі жақ қол қойдық, бастық мөрін басты. Былайша бәрі заңды көрінді. Бар ақшамызды оңтайлы орнықтырғанға қуанып шыққан едік... Әттеген-ай, амал қанша, «ақшадан да, пәтерден де» айырылған екенбіз. Кейін білсек, бұрыннан аузы күйген 1200-дей үлескерлердің ішінен, К.Жұмабековтың үстінен қылмысты іс қозғалып, оның тергеудің астында жүргеніне бір жылдай уақыт өткен кезеңдегі оның үзілмеген «тұзағына» түскен жалғыз үлескер мен ғана екенмін. Оның себебі - тергеу органдары өрескел заңсыздыққа жол берген. Содан заңдылық пен әділеттілік іздеп, бұрқыратып, төпелетіп жан-жаққа 25 беттей етіп арыздар жолдадым. Олар жинала-жинала бірнеше том болды. Нәтиже болмады. Бармаған жерім, баспаған тауым қалмады: табаным тозды. Жабырқау күйде, 7-ті жылды әділдік іздеп сарп еттім. Алаяқтар дендеген заман қоғам табалдырығынан атағанын сонда ұқтым. Кезінде мен өзім прокуратурада тергеуші қызметін атқарған едім: заң бойынша тергеу мерзімі шектеулі, екі айдан аспайтын, ал аса күрделі іс болса, оны басшылар тағы бір айға зорға созатын. Кеңес заманында аздаған ақша желінсе де күдіктіні жедел қамауға алатын. Ал 10 мың сомнан аса жеген кәнігі қылмыскер, ату жазасына кесілетін (сол кезеңдерде бұл сома «Волга» автокөлігінің бағасындай болатын). Ал К.Жұмабеков үлескерлердің (саны 1200-дей) бес миллиардтай ақшаларын алаяқтықпен жымқырса да, үстінен бір жыл тергеу жүрсе де, ол бостандықта тайраңдап жүре берген. Ондай бассыздыққа неге жол берілген? Әрине, себептерін болжау қиын емес. Кезінде оны қорғаштаған шенеуніктер де болуы мүмкін. Алаяқтың тығынды ақшалары аз болмағанға ұқсайды. Оларды жан-жаққа «тығындаған» да болар. Не дегенде, арқасында арқалаған алтыны бар есек кез-келген қақпадан өтуі мүмкін. Ақыры жазған арыздарымның арқасында, үш жылдан соң Қазақстан Республикасының Бас прокуроры Қ.Қожамжаровтың қабылдауына кіретін болдым. Үш-төрт қатаң тексеріс бөгеттері бар екен. Басыннан жанымда еріп жүрген қызметкердің меңзеуімен көздеген кабинеттің есігіне жеттім. Қазақстанның Бас прокуроры креслода шалқайып, теңселіп отыр, ұзын столдың арғы бетінде 5-6 орынбасарлары жайғасқан: олар кінәлі балалардай үрпиген күйде тым-тырыс. Қабағын түйіп алған Қ.Қожамжаров тәрбиелі адамның парызы – сәлем беріп, «келіңіз, отырыңыз» дейтіндей сыпайылық лебіз білдірмеді: отырған бойы үн шығармады. Ертеден ешкімнен жасқанбайтын, тайсалмайтын мінезіме салып, еркін қимылдап, алдына отырдым да оған тіке қарадым. Мен аузымды ашпастан, ол орысша: -Я вам ничего обещать не могу - деді. -Позвольте, как это понимать? Я же вам еще не изложил свои доводы- дедім қатуланып. Арызданушылардың иіліп келіп, жағымпазданып, жарамсақтанып, мәймөңкелеп жылы-жұмсақ сөйлегендерге үйренген ол, табиғаты басқадай адам келгенін байқап, артық сөз қоспады. Содан іркілместен, құқықтарымның өрескел бұзылғандығы, қылмыскер К.Жұмабеков бір жыл тергеуде болса да қамауға алынбағандығы (ол уақтылы абақтыға жабылғанда мен оның «арами құрған торына» түспес едім), мөрі тәркіленбегендігі, офисы арестке алынбағандығы және тағысын тағы талай заңның талаптары бұзылғандығын жайып салдым. Тыңдап болып, Қ.Қожамжаров маған: -Я вам ничем не смогу помочь - дегені. Ызаға булығып, пәрмендетіп, барынша сыпайы былай дедім: -Конечно, вы не сможете защитить мои интересы, тогда как вы до сих пор не можете защитить свои интересы. Так, в тексте Конституции Республики Казахстан статьи о прокуратуре размещены в раздел «Суд и правосудие», а высший надзорный орган за соблюдением законности в стране должен располагаться в Основном законе отдельно, вне данного раздела, так как он не осуществляет правосудие– деп, Заң газетіне шыққан осы мәселеге арналған мақаламды алдына тастадым да шығып кеттім (менің аталған ұсыныстарым 2026 жылғы 15 наурызда қабылданған ҚР Конституциясында жартылай ескерілген). Содан, Қазақстан аумағында заңдылықтың сақталуына жоғары қадағалауды жүзеге асыратын және прокуратура органдарының бірыңғай жүйесіне басшылық ететін жоғары лауазымды қызметкер Қ.Қожамжаровтан ешқандай көмек болмайтынын анық естіп шықтым. Менің талаптарым заңды екені айдан анық еді, бірақ көпе-көрнеу заңсыздыққа неге жол берілгендігін түсінбедім. Бірде Бас прокуратураның басқарма бастығына қоңырау шалсам: - Жумабекова наказали, его осудили на девять лет, вы должны быть довольны - дегені. – И что мне с того, что его осудили? Квартиру-то вы мне не вернули - деп ашына жауап бере сала, трубканы телефонның үстіне тастай салдым. Соңынан: -Құқықтық мемлекетіміздің сиқы осы ма? – деген, ащы дауысым шығып кетті. Ендігі заңды амалым қандай? Мәселені тек Қазақстан Президенті ғана шешіп берер деген ойға келдім. Есіме байырғы Махмұд қадірлесім түсті. Жылдар бойы хабарласпасам да, оған енді қоңырау шалуға тура келді. Не де болса «соңғы үміт» осы дегендей, Елбасы Н.Назарбаевтың өзінің жеке қабылдауын өтіну керек. Келісілген уақытта Махмұдқа келдім. Ол мені бұрынғыдай жылы жүзді қабылдады. Мән-жайды түсіндірдім. Ойланып отырып: «Бұндай мәселе бойынша Президент қабылдамайды. Сенің жағдайың мыңдаған адамдардың басында бар. Одан да арыз жаз, бірақ, бір беттен аспасын, мен оны Президенттің назарына тікелей өзім ұсынамын» - деді. Біразға созылған әңгімеден кейін, үмітке толы көңілмен фотоға түстік. Махмұдпен түскен фотоның жай-жапсары осы болатын.

Әрқашан көсілтіп, 25 беттей етіп жазып жүрген арызымды барынша сығымдап-тығыздап, қолданыстағы заңдардың баптарына негізделген уәждерімді әйтеуір бір бетке сыйғызып, ертесінде Махмудқа тапсырдым. Бірақ, уақыт өте, Н.Назарбаевқа жазған арызымнан мардымды нәтиже шықпағандығына көзім жетті. Заңды талаптарым тағы да оң шешімсіз қалды. Еліміздегі Конституцияның гаранты саналатын Президенттің заңдардың өрескел бұзылғандықтарына мән бермегендігіне, тікелей өзі заңдылықты орнықтыруға кіріспегендігіне, өзіне ғана берілген Елдегі ең жоғарғы құзыретін қолданбағандығына, қарапайымдап айтқанда, «дәрменсіздігіне» іштей қатты налыдым. Сонда да, үміт үзбей, жеті жыл арпалысып жүріп, жоғалған пәтерді әйтеуір қайтардық қой. Бірақ жүйкеміз мейілінше тозды. Алаяқтардан опық жеудің ащы шындығы осы еді. Әрине, қандай да қоғам болмасын адамды қажытатын, көңілге қаяу түсіретін құбылыстар аз емес. Өзімнің паймым бойынша, ең жанға бататындардың бірі – заңсыздық пен әділетсіздікті пайдаланып, өзгенің сеніміне кіретін алаяқтардың әрекеті. Олар біреудің адал еңбегімен тапқан дүниесін иемденіп қана қоймай, адамның өмірге деген сеніміне, адамгершілік құндылықтарына да сызат түсіреді. Әсіресе, қоғамда заңсыздық пен әділетсіздік белең алған кезде алаяқтардың әрекеті одан әрі өршиді. Заң талаптары қағаз жүзінде қалып, құқық қорғау тетіктері тиісті деңгейде жұмыс істемесе, қиянат жасаушылардың жүгенсіз кетуіне жол ашылады. Мұндай жағдайда жапа шеккен азаматтың жағдайы екі есе ауырлайды: біріншіден, ол алаяқтардың құрбаны болады, екіншіден, бұзылған құқығын қалпына келтіру үшін ұзақ уақыт әуре-сарсаңға түседі. Мұндай келеңсіз құбылыс, мысалы, алданған үлескерлердің ғана емес, тұтас қоғамның моральдық ахуалына теріс әсер ететіні анық. Адамның алаяқтан опық жеуі – тек материалдық шығын емес. Бұл – сенімнің күйреуі, көңілдің қалуы, әділдікке деген үміттің әлсіреуі. Кейбір адамдар осындай жағдайдан кейін өзгенің сөзіне күмәнмен қарай бастайды. Біреуге қол ұшын созудан, жақсылық жасаудан да тартынуға салады. Сөйтіп, бір адамның арам әрекеті айналасындағы талай адамның адамгершілік қарым-қатынасына көлеңке түсіреді. Дегенмен, алаяқтықпен күресті тек азаматтардың сақтығына артып қою жеткіліксіз. Мемлекет заң үстемдігін барынша қамтамасыз етіп, әрбір құқық бұзушылыққа әділ баға беруі керек. Құқық қорғау органдары жәбірленушінің арызын салғырттық пен немқұрайлы түрде қарамай, мәселенің мән-жайын терең де жан-жақты зерттеуге міндетті. Ал сот әділдігі адамның әлеуметтік жағдайына, таныс-тамырына немесе материалдық мүмкіндігіне емес, бұлтартпас заң, шынайы әділдік пен айғақты дәлелге сүйенуі тиіс. Заң әлсізге қорған, әділетсіздікке ұшырағанға сүйеніш, ал қиянат жасағанға жауапкершілік болуы қажет. Егер заң алдында барша адам тең болмаса, әділетті қоғам туралы айтудың өзі қиын. Алаяқтардан опық жеу – жеке адамның ғана қасіреті емес, қоғамдағы заңдылық пен адамгершілік өлшемдерінің сынға түсуі. Адал азаматтың еңбегі қорғалмай, қиянат жасаған адам жазасыз қалса, қоғамның әділеттілікке деген сенімі жоғалады. Сондықтан қоғам мүшелеріне тек алаяқтықтан сақтануды үйрету аздық етеді. Ең алдымен, алаяқтыққа жол бермейтін, заңсыздықты жазасыз қалдырмайтын, жәбірленушінің құқығын нақтылы қорғайтын құқықтық орта қалыптастыру қажет. Өйткені әділетті қоғамның өлшемі – алаяқтың айласы емес, адал адамның құқығы қорғалғанда ғана айқындалады. Жеті жыл бойы заңдылық пен әділеттілікті іздеп, табалдырықтан-табалдырық тоздырып, ашпаған есігім қалмай, сабылып жүргендегі түйген ой-пайымдарым осы болатын.
Нақыпбек Садуақасов, заңгер-құқықтанушы, публицист
[xfvalue_img]
