Өз ана тілін білу және құрметтеу - әр қазақтың қасиетті міндеті

Өз ана тілін білу және құрметтеу - әр қазақтың қасиетті міндеті

"Әр адамның өз тіліне қатысты оның мәдени деңгейін ғана емес, оның азаматтық құндылығын да дәл бағалауға болады.“ К. Паустовский

Қазақстан Республикасының Конституциясына сай 30 жылдан астам уақыт бойы қазақ тілі мемлекттік тіл ренде жоғарғы мемлекеттік мәртебеге көтерілгенініне қарамастан қазақстандағы қазақтардың басым көпшілігі өз ана тілін өрескел елемеуі аясында әлеуметтік желілердың кейбір белсенді пенделері орыстарды қазақ тілін үйренуге шақыратыны маған ерсілеу болып көрінеді. Өйткені, Қазақстанда қазақтардың өздерінің негізгі бөлігі орыстілді, өз ана тілін білмейді, білгендері әрқилы себептермен қолданбайды, ал солардың арасындағы қолданғандары орыс сөздері мен сөйлемдерін шұбалаңдатып мол қосады. Осыған орай  кезінде белгілі ақын және публицист Қазбек Иса жүрегіне сыздауықтай батқан назын былай жеткізген болатын: "Тек құлдар ғана қожайынның тілінде сөйлейді... қазақ тіліне басқа ұлт өкілдері емес, біздің қазақтар қарсы". Бұл сөздер қазақ қоғамының намысын оятуға және ана тіліне деген жауапкершілікті арттыруға бағытталған ашық мәлімдеме болып табылады. Орыстар мен басқа халықтардың өкілдерін қазақ тілін үйренуге үгіттеу сөкет әрекет. Қандай да болмасын халықтардың өкілдерінің басқа ұлттың тілін “үйрену - үйренбеу немесе сөйлеу - сөйлемеу” пайымдары олардың айнымас еріктік құқығы болып саналады (бұл қазақтардың өзідеріне де қатысты). Сондықтан, орыстар мен басқа ұлттардың өкілдеріне қазақ тілді үйренуге өтініш жасау әдепке жатпайды және бұндай  сұраныс жасау пенденің өзін-өзі қорлау болып табылады. Өзін сыйлату мен құрметтеуді өтіну де өзін-өзі кемсітіп, келеке ету болып саналады. Ең маңыздысы – бұл әркімнің таңдау бостандығы мен еріктілігіне байланысты: әркім өзі үшін “не қажетті, не қажетсіз” екенін салмақтайды да шешім қабылдайды. Соған сай таңдауын жасайды. Жалпыға тән ерекшелік – әркімге өз Отаны, өз тілі қымбат. Мысалы, орыс халықының мақалдарында "Туған жеріңе пайда жаса"; "Өмір сүру - Отанға қызмет ету" деп айтылады. Ертеден Ресей билігі елден тыс жерде тұрып жатқан этникалық орыстарды үнемі тарихи отанына оралуға шақырады. Ол үшін қоныс аудару кезінде жеңілдіктер мен көмекті көздейтін әртүрлі қолдау бағдарламалары құрылған. Оған сай отандарына оралғандарға құжаттарды ресімдеуге, бейімделуге, жұмысқа орналасуға, тұрғын үй алуға немесе өзге де әлеуметтік шараларға жәрдемдесу көзделген. Мұндай бастамалар елдің демографиялық әлеуетін нығайтуға деген ұмтылыспен түсіндіріледі. Бізге де, сырттағы «қандастарымызды» (шамамен шетелдегі қазақтардың саны 5 миллионның төңірегінде бағаланады) елге тарту шараларын жүзеге асыру Қазақстан үшін де өте маңызды екенін айырықша атап өту парыз. Қазақстанның патриоты ретінде мен үшін, ең алдымен, қазақтарды өзінің ана тілін ардақтауын, әрқашан және барлық жерде қолдануға шақыру қажеттілігі маңызды. Сонымен қатар ең бастысы, мемлекеттік тіл - қазақ тілі  Елімізде көркейіп, мейілінше кең қолданыста болуы алғы шарт. Шынында да, мемлекет атауы Қазақстан (қазақ+стан) - қазақтар Атамекені деп паш етіліп, негізгі мемлекет құрушы халық ретінде айқындалып тұр, бірақ, соған қарамастан Елімізде қазақ тіліне өз денгейінде сұраныс пен қолданыстың  болмауы ақылға сыймайтын сорақылық, құлдық саналы бейшаралық, рухтан ада абыройсыздық, бұл жағдай шынында дұшпанға күлкі, жұртқа мазақ екені айдан айқын. Қазақ тілі тіпті жуық арада жойылып кету алдында тұрғаны да ерекше қынжылтады. Осы көпе көрнеу ренішті жағдайға  мән бермей “көзжұмбайлылыққа” салынған қарсылық білдірушілерге айтарым: Көздеріңізді ашып, құлақтарыңызды түріп, Елдегі қазақтарымыздың өзара тілдесулеріне назар аударуларыңызды өтінемін. Бұл орайда, айқын қорытынды жасау үшін арнайы әлеуметтік сауалнама жүргізудің қажеті жоқ. Шындық бір сәтте өзгермейді және қоғамда орын алып отырған  бұл күрделі кемшілік жағдайт әр қадамда көрініс тауып жатқаны анық: Елімізде барлық дерлік үлкенді-кішілі қазақтар өздерінше іштей мақтана, оны елеулі дәреже көріп, бәсекелесе аптыға жарыса бір-бірімен тек орыс тілінде тілдесуге құмар. Бір француз туристі Қазақстан туралы өз әсерлерімен бөлісе келе қазақтар арасындағы абсурдтық жағдайға қатты таң қалып, олардың қытайлықтарға ұқсайтынын  (қазақтарды қытайлықтардан көп жағдайда ажыратуға болады, өйткені этнографиялық ғылым бойынша олар европеоид пен монголоид расаларының арасындағы өтпелі нәсілдің өкілдері болып саналады), бірақ қандай да бір себептермен барлықтары тек орыс тілінде сөйлейтіндіктерін таңырқап атап өткен. Шын мәнінде, тіл тек қарым-қатынас құралы ғана емес, адамның ішкі мәдениеті мен азаматтық жетілуінің маңызды көрсеткіші болып табылады. Ана тілі - ұлттық бірегейліктің бірінші және маңызды белгісі. Ана тіліне деген құрмет өз Еліне, оның тарихы мен халқына деген құрметті білдіреді. Ана тілінде сөйлеуге үстірт немесе немқұрайлы қарау адамның азамат ретінде жетілмегендігін аңғартады. Ұлы қазақ жазушыларының терең ойлары Ана тіліне деген құрметке ие, оның болашағы үшін уайымға және ұлттық бірегейлікті сақтауға арналған үндеуге толы. Қазақ әдебиетінде Ана тілі дәстүрлі түрде ұлттың ең қымбат қазынасы деп аталады. Көрнекті қазақ ағартушысы, түркітанушы ғалым, ақын, публицист және қоғам қайраткері Ахмет Байтұрсынов мынадай ойларын ұрпаққа арнаған: " Өз тілімен сөйлескен, өз тілімен жазған жұрттың ұлттығы еш уақытта адамы құрымай жоғалмайды. Ұлттың сақталуына да, жоғалуына да себеп болатын нәрсенің ең қуаттысы – тілі. Сөзі жоғалған жұрттың өзі де жоғалады. Егер де біз қазақ деген ұлт болып тұруды тілесек, қарнымыз ашпас қамын ойлағандай тіліміздің де сақталу қамын қатар ойлау керек". Жалынды қазақ ақыны, публицист, жаңа қазақ әдебиетінің негізін қалаушылардың бірі, ұлттық мәдениетке қосқан үлесі орыс әдебиеті үшін Пушкиннің немесе ағылшын тілі үшін Шекспирдің рөлімен салыстырылатын лирика шебері, философ және гуманист ретінде танымал Мағжан Жұмабаев былай деп жазған: ”Тілсіз ұлт, тілінен айырылған ұлт дүниеде ұлт болып жасай алмақ емес. Ондай ұлт құрымақ.Ұлттың ұлт болуы үшін бірінші шарт - тілі болу. Ұлттың тілі кеми бастауы ұлттың құри бастағанын көрсетеді. Ұлтқа тілінен қымбат нәрсе болмасқа тиісті”. Қазақтың ұлы жазушысы, драматург, ғалым-филолог және қоғам қайраткері, ұлттық мәдениетті әлемдік деңгейге көтерген қазіргі қазақ прозасының, драматургиясы мен әдебиеттануының классигі және негізін қалаушы Мұхтар Әуезов мынадай дәйексөздің авторы: "Кімде-кім ана тілін, әдебиетін сыйламаса, бағаламаса, оны сауатты, мәдениетті адам деп санауға болмайды". Осы ұлы тұлғалар Ана тіліне ұқыпты қарауды шынайы мәдениет пен патриотизмнің маңызды белгісі деп санады. Әрине, жүздеген жылдар бойы қиын-қыстау қатерлі де қайғылы кезеңдерді басынан мол өткерген Еліміздегі қазіргі қазақ тіліне төніп тұрған қауіпті жағдайды тарихи құбылыстардан тыс қарауға болмайтыны түсінікті де. Үш ғасыр бойы Қазақстан аумағына Ресей империясы, содан кейін “қандықол” коммунист-большевиктер орнатқан Кеңес Одағы қатты әсер етті. Осы кезеңде орыс тілі бүкіл мемлекеттік жүйенің тіліне айналды. Әсіресе қалаларда орыс тілі басым болды. Қазақстанда халықтарды үдемелі түрдегі  "интернационализм қазанынына" тоғытып араластыру Кеңестік саясаты республиканың демографиялық, мәдени және этникалық құрамын түбегейлі өзгерткен ауқымды әлеуметтік зиянды жоба болды. Осы бағыттағы Тұжырымдама ресми түрде “идеалды көпұлтты қоғам” құру ретінде ұсынылды, бірақ іс жүзінде орталық биліктің тарапынан зорлықпен мәжбүрлеу тәсілімен жүргізілген бұл саясат қайғы-қасірет, алапат қырғынға соқтырған қатаң экономикалық “көрсоқырлық” бағдарламасы арқылы жүзеге асырылды. Осы зиянды саясаттың негізгі кезеңдері: Қазақтардың дәстүрлі өмір салтын жоюға бағытталған “ұжымдастыру” (1920-1930 жылдар) ауқымды ашаршылыққа душар етті. Жергілікті халық шамамен жартысына дейін қысқарды (6 миллион қазақтың 3 миллионы жан түршігерлік азаптан бақилық болды), бұл жойқын қасырет демографиялық дағдарысты тудырды. Халықтарды Сталиндік депортациялау (1930-1940 жылдар): Қазақстан күштеп қоныс аударылған этностар үшін межелі жерге айналды. Мұнда жүздеген мың корейлер, немістер, шешендер, ингуштар, поляктар, Қырым татарлары мен қарашайлар жер аударылды. Екінші дүниежүзілік соғысқа дейін және соғыстың аяғында жер аударылғандар республика халқының едәуір бөлігін құрады. Қазақстан аумағында ірі түзеу-еңбек лагерлерінің желісі (Карлаг, АЛЖИР, Степлаг) орналастырылды. Олар арқылы КСРО-ның түкпір-түкпірінен миллиондаған тұтқындар өтті, олардың көпшілігі бостандыққа шыққаннан кейін Республикада өмір сүруді жалғастырды. Тың игеру науқаны (1950-1960 жж.): Мазасыз, оғаш қылықтарымен белгілі болған бірбеткей реформатор КСРО басшысы Никита Хрущевтің бастамасымен тың жерлерді жырту - “Освоение целины” (аудармасы - тың жерлерді иемдену) науқаны бойынша Қазақстанға негізінен Ресейден, Украинадан және Беларуссиядан 2 миллионға жуық “мәжбүрлі еріктілер” мен мамандар тартылып, қоныс аударылды. Қазақстанның этникалық құрамының өзгеруі және оның полиэтникалық аймаққа айналуы Мәскеудің тікелей басқаруымен бірнеше онжылдықтар бойы орын алды. Қазақтар өз Отанында саны аз халыққа айналды. 1959 жылға қарай Қазақстандағы қазақтардың үлесі тарихи ең төменгі деңгейге - шамамен 28 пайызға дейін төмендеді. Республикада "халықтарды араластыру" саяси процесі КСРО-ның ең көп этникалық аймағына айналуына әкелді. Орыс тілі ұлтаралық қарым-қатынастың, іс қағаздарын жүргізудің және білім берудің негізгі құралына айналды. Қазақ тілі тұрмыстық деңгейге дейін ығыстырылды. Ұлттық мектептер жабылып, ал жергілікті халық жеделдетілген түрде орыстандыру мен кеңестендіруге ұшырады. Біртұтас "кеңес халқын"(хомо советикус) құруға бағытталған идеологиялық мақсат депортацияланған және жергілікті этностың көптеген мәдени ерекшеліктерін жойды. Кеңестік саясат бойынша мәжбүрлі түрде жүргізілген "интернационализм" тұжырымдамасы қазақ халықын ауыр демографиялық шығындарға душар еткендігі тарихи шындық. Құнтсыз интернационализм және тұрақты түрдегі орыстандыру осы кезеңінде Республика Үкіметінің барлық басшылары баяндамалар мен ресми құжаттарды тек орыс тілінде дайындап, жариялады (қазіргі жағдай да бұл тәжірибеден алшақ емес). Ел басқарған 25 жыл ішінде коммунист Д.Қонаев 1700 қазақ мектебін жапты (профессор Хангелді Әбжановтың деректері). Көз көргендердің айтуынша, отырыстарда ол сөз алған қызметкерлерге: "Қазақ тілінде сөйлеуді доғарыңыз, ұлтшылдарға бұл жерде орын жоқ"- деп қазақша сөйлеушілерге қатаң тыйым салған (себебі бұл: Кремль қожайындарының талаптарын қанағаттандырып, билік басында қалудың барлық құйтырқы тәсілдерін қолдану). Бұған қарапайым халық қарсы тұра алмады, өйткені кез-келген адам "ұлтшыл" деп белгіленіп, қоғамнан шеттетіліп, жала материалдар негізінде КГБ-нің пысақай шабармандары құрастырған қылмыстық іс бойынша қатаң жазалануы мүмкін болатын. Осыған орай, халық қуғын-сүргін және үлкен террор жылдарында “ұлтшылдық” деп аталатын Қылмыстық кодекстің бабы бойынша жүздеген мың патриот қазақтар атылғанын еске алды. Сонымен қатар, қазақ халқының ең білімдар беткеұстар ұлдары – ақындар мен жазушылар С.Сейфуллин, И. Жансүгіров, Б. Майлин және басқа да мыңдаған кінәсіз пенделер осы қатыгез, алмағайып заманның озбырлығынан азапталып, өлтірілген. Сонымен, Қазақстан қазақтарының көпшілігінің күнделікті өмірде қазақ тілін қолданбауының тарихи, әлеуметтік басты себептері осындай болған. Қазақ тілінің болашағы оның отбасында, білім саласында, мәдениетте және қоғамдық өмірде қаншалықты сұранысқа ие болатынына байланысты. Ең бастысы, Ана тілін Елде жандандыру үшін әр қазаққа жігерлі намыс, тілдің күнделікті өмірдегі қасиетті мәнін ұғыну және тілге деген жанашырлық пен сүйіспеншілік түпкілікті берік ұстаным қажет! Бір ерекше айта кетер жайт, бұл Қазақстан Республикасының Конституциясы бойынша орыс тілі қазақ тілімен тең дәрежеде барлық жерлер мен жағдайда қолданылуы тиіс деген қате түсінік қалың қауым арасында әлі күнге дейін орын алып келеді. Бұл мүлдем олай емес. ҚР Конституциясының 9-бабының (бұрынғы Конституцияның 7 бабы) мәтінінде былай жазылған: “1. Қазақстан Республикасының мемлекеттік тілі – қазақ тілі. 2. Мемлекеттік ұйымдарда және жергілікті өзін-өзі басқару органдарында қазақ тілімен қатар орыс тілі ресми түрде қолданылады.” Осыған орай, заң Қазақстан аумағында орыс тілін барлық азаматтардың әрқашан және барлық жерде міндетті түрде қолдануын талап етпейді. Сондай-ақ, заңда орыс тілі ұлтаралық қатынас тілі болып табылатыны да көрсетілмеген. Сондықтан ешкімнің аталған ұйымдардан тыс жерде кімнен болсын (қазақтан, өзбектен, ұйғырдан, шешеннен немесе басқа ұлт өкілінен) орыс тілінде сөйлеуді, сондай-ақ осы тілде түрлі қызметтер көрсетуді және т.б. талап етуге құқығы жоқ. Сонымен қатар, Біріккен Ұлттар Ұйымының (БҰҰ) Бас Ассамблеясында қабылданған “Адам құқықтарының жалпыға бірдей декларациясы” құжатының 18 бабына сай: “Әр адам ой-пікір, ар-ождан және дін бостандығына құқығы бар; “ Ал құжаттың 19 бабында: “Әр адам наным-сенім бостандығына және өз көзқарасын еркін білдіруіне құқығы бар;” деп жазылған. Осларға сай, егер заңда немесе келісім-шартта тікелей көрсетілмесе, әр адам қай тілде тілдескісі келсе, сол тілде тілдесуге құқылы. Тіпті біреумен мүлдем тілдескісі келмесе де өз ерікі. Оны басқадай жолмен тілдесуге мәжбүрлеуге ешкімнің қақысы жоқ. Қазақстанда қазақ тілінің мемлекеттік мәртебесі жалпылама жалаң сөз түрінде ғана емес, іс жүзінде Ата заңымыздың талаптарына сай деңгейге ие болуы мәселесіне қатысты пікір білдіру шынайы парызым. Бұл, ең алдымен, жоғары билік өкілдерінің қолданыстағы заңдарға сай саналы ұстанымы мен нақты іс-әрекеттеріне байланысты. Халықтың басым бөлігі биліктің айтқандарына мейілінше назар аударып, саналы ұғынып, содан, көбіне билікке қарап бой түзейтіні белгілі. Ел азаматтары билік өкілдерін құрметтейді, оларға құлақ асады және олардың іс-әрекеттерін қайталауға тырысады. Бұған қоса, кей тұста, тіпті оны санаға терең салынбайтын қарапайым «еліктеу рефлексі» (рефлекс подражания) әсері деп те қабылдауға болады. Мемлекеттік құрылымдардың жоғары лауазымды тұлғалары бастап, төменгі буындағы қызметкерлер қостап, ҚР Конституциясының 9-бабы 1-тармағының талабын бұлжытпай орындап, құжаттарды тек мемлекеттік тілде жазып, соған сай түгелдей дайындап және осы тілде сөз сөйлеп, тілдеседі деп сенгіміз келеді. Заң нормасының бұл тармағының 1-ші реттік нөмірмен берілуі кездейсоқ емес. Демек, заңның бұл тармағын барлық мемлекеттік органдар қызметкерлері мен Еліміздің азаматтары ең бірінші кезекте бұлжытпай орындауы заңды талап. Әсіресе, қазақтар бір - бірімен ана тілінде тілдескені қасиетті парыз, сырт көзге жарасымды. Сонымен қатар, ҚР Конституциясының 3-бабының 1-тармағында былай жазылған: “1. Қазақстан Республикасы қызметінің негіз құраушы қағидаттары: Егемендік пен Тәуелсіздікті қорғау; адамның және азаматтың құқықтары мен бостандықтарын сақтау; заң мен тәртіп үстемдігін қамтамасыз ету; жалпыұлттық бірлікті бекемдеу; халықтың әл-ауқатын арттыру; жауапты әрі жасампаз отаншылдық идеясын ілгерілету; қоғамдық диалогты дамыту; еңбексүйгіштік, прогресс, білім құндылықтарын бекіту; жоғары экологиялық мәдениетті қалыптастыру; тарихи-мәдени мұраны сақтау; төл мәдениетті қолдау.” Республиканың Негізгі Заңы бойынша "...заң мен тәртіптің үстемдігін қамтамасыз ету; ...жауапты әрі жасампаз отаншылдық идеясын ілгерілету; қоғамдық диалогты дамыту; ... төл мәдениетті қолдау” қағидаттары  мемлекеттік қызметкерлердің мемлекеттік тілді ескертусіз және ойдан шығарылған себептерсіз бірінші кезекте кеңінен қолдану міндетін орындауын талап етеді. Әсіресе, бұл талап теледидардан сөз сөйлейтін беделді де белгілі Ел тұлғаларына маңызды. Шынайы отансүйгіштік (патриотизм) - бұл өз Отанына, оның тарихына, дәстүрлеріне, тіліне және мәдени құндылықтарына деген сүйіспеншілік. Шынайы патриот өз Елінде туып-өскеніне, әрқашан туған жернің мүдделерін қорғауға дайын болады. Патриотизм өткенді терең білуге, қазіргі уақытты құрметтеуге және өз елінің болашағы үшін жауапкершілік танытуға негізделеді. Отанға деген шынайы сүйіспеншілік дақпырт сөзбұйдалықпен емес, адал еңбекпен, азаматтық белсенділікпен және қоғам өмірін жақсартуға деген ұмтылыспен көрініс табады. Мәдениет, тіл және рухани құндылықтар - ерекше мақтаныш нысаны. Ана тілі халықтың ғасырлар бойғы даналығын, дүниетанымы мен қайталанбас төл болмысын сақтайды. Нағыз патриот тілді сақтау - халықтың өмір сүруінің маңызды шарты екенін түсіне отырып, бұл мұраға барынша ықыласын төгіп, аса ұқыптылықпен қарайды. Алайда, Отанға деген шынайы адал сезім тек мақтанышты ғана емес, сонымен бірге бар мәселелерді көре білуге дайын болуды да білдіреді. Нағыз патриот өз қоғамының кемшіліктерін жасырмайды және оларға бейжай қарамайды. Керісінше, ол қиындықтарды шешуге атсалысуға ұмтылады, тәртіп пен заңдылықты қолдайды, өзге адамдардың құқықтарын құрметтейді, өз міндеттерін адал атқарады, қоғамдық келісімді қолдайды және халық бірлігін нығайтуға ықпал етеді. Мұндай азаматтық ұстаным - кемелденген патриотизмнің ең маңызды көрінісі.

Нақыпбек Садуақасов, заңгер-құқықтанушы, публицист

           

 

[xfvalue_img]

Жаңалықтарды бағалаңыз

  • Сіздің бағалауыңыз
Итоги:
Дауыс берген адамдар: 0

Пікір қалдыру

Ваш e-mail не будет опубликован. Поля обязательны для заполненеия - *

  • bowtiesmilelaughingblushsmileyrelaxedsmirk
    heart_eyeskissing_heartkissing_closed_eyesflushedrelievedsatisfiedgrin
    winkstuck_out_tongue_winking_eyestuck_out_tongue_closed_eyesgrinningkissingstuck_out_tonguesleeping
    worriedfrowninganguishedopen_mouthgrimacingconfusedhushed
    expressionlessunamusedsweat_smilesweatdisappointed_relievedwearypensive
    disappointedconfoundedfearfulcold_sweatperseverecrysob
    joyastonishedscreamtired_faceangryragetriumph
    sleepyyummasksunglassesdizzy_faceimpsmiling_imp
    neutral_faceno_mouthinnocent
Кликните на изображение чтобы обновить код, если он неразборчив

Негізгі жаңалықтар

Логотип

Портал туралы

Ел мен әлем жаңалықтары!

© 2024 INFOZAKON. Барлық құқықтар сақталған.