Coca-Cola қоры Арал маңындағы су ресурстарын сақтау жөніндегі БҰҰДБ жобасын қолдады
Жоба 4000 адамның таза ауыз суға қолжетімділігін жақсартып, Қазақстан мен Өзбекстандағы су ресурстарын сақтауға бағытталған
Астана, 2026 жылғы 29 маусым — Тұщы су тапшылығы, су көздерінің жоғары минералдануы және Арал теңізі экологиялық мәселелердің салдары Орталық Азия өңіріндегі ең өзекті мәселелердің бірі болып отыр. Әсіресе шалғай елді мекендерде тұратын халық сапалы ауыз су мен тұрақты су инфрақұрылымға қол жеткізуде елеулі қиындықтарға тап болуда.
Арал маңытұрғындарын қолдау мақсатында БҰҰ Даму бағдарламасы (БҰҰДБ) Coca-Cola қорының қаржылай қолдауымен Қазақстан мен Өзбекстанда қауіпсіз ауыз суға қолжетімділікті арттыруға және су ресурстарын тиімді сақтауға арналған шешімдерді енгізуге бағытталған жобаны іске қосты.
Жобаның негізгі мақсаты – Арал маңындағы осал аудандарда тұрғындарының өмір сүру сапасын жақсарту, суды үнемдейтін технологияларды енгізу және су ресурстарын орнықты басқару тәжірибесін дамыту.
Жоба Қазақстан мен Өзбекстандағы БҰҰДБ кеңселерінің бірлескен жұмысы аясында жүзеге асырылуда. Оның басталғаны туралы Ташкент халықаралық инвестициялық форумында Қазақстан Республикасы Ауыл шаруашылығы министрлігі мен Су ресурстары және ирригация министрлігінің, сондай-ақ Өзбекстан Республикасы Ауыл шаруашылығы министрлігі мен Экология және климаттың өзгеруі жөніндегі ұлттық комитеті өкілдерінің қатысуымен ресми түрде жарияланды.
«Бұл жоба Арал маңындағы су қауіпсіздігін нығайтып, жергілікті қауымдастықтардың климаттық сын-қатерлерге төзімділігін арттыруға ықпал етеді. Оның трансшекаралық сипатының маңызы ерекше, өйткені экологиялық мәселелер елдердің, халықаралық ұйымдардың және жеке сектордың бірлескен іс-қимылын, білім мен тәжірибе алмасуын әрі ұзақ мерзімді серіктестікті талап етеді. Coca-Cola қорының қолдауын, сондай-ақ Қазақстан мен Өзбекстандағы ұлттық және жергілікті серіктестерімізбен қалыптасқан ынтымақтастықты жоғары бағалаймыз», – деді БҰҰДБ-ның биоалуантүрлілік жөніндегі жобаларының үйлестірушісі Меруерт Сәрсембаева.
Coca-Cola қорының президенті Карлос Пагоага өз сөзінде: «Қауіпсіз ауыз суға тұрақты қолжетімділікті қамтамасыз ету – Coca-Cola қорының басты басымдықтарының бірі. Біз БҰҰДБ секілді ұйымдарды қолдау арқылы су ресурстарына қатысты өзекті мәселелерді шешуге әрі жергілікті қауымдастықтардың орнықтылығын нығайтуға үлес қосамыз», – деп атап өтті.
Жоба аясында тиімділігі мен қауіпсіздігі ұзақ жылдар бойғы тәжірибемен дәлелденген заманауи су тазарту технологияларын енгізу жоспарланып отыр. Сонымен қатар тазартылған судың сапасы БҰҰДБ тарапынан сертификатталған зертханасында қосымша тексеріліп, ауыз судың қолданыстағы стандарттарға сәйкестігін растайтын сертификаттар беріледі.
2026 жылдың соңына дейін Қазақстанның Қызылорда облысы мен Өзбекстанның Тақтакөпір ауданындағы қауымдастықтардың шамамен 4000 тұрғыны таза ауыз суға қол жеткізеді. Сонымен қатар жоба жыл сайын миллиондаған литр суды үнемдеуге мүмкіндік береді деп күтілуде.
Жобада су ресурстарын ұтымды әрі орнықты пайдалану мәселесіне ерекше назар аударылған. Осы мақсатта бау-бақша шаруашылығына арналған шешімдер, жер асты суларын пайдалану, жасанды су көздерін қалыптастыру, сондай-ақ суды барынша аз тұтынатын, жылытусыз жұмыс істейтін жабық үлгідегі жылыжайларда көкөніс өсіру технологиялары енгізілмек.
Сонымен қатар жоба жергілікті тұрғындар мен білім беру ұйымдарын суды үнемдеу тәжірибелеріне тартуды көздейді. Бұл халықтың су ресурстарын ұтымды пайдалану жөніндегі білімін арттыруға ықпал етеді. Бұдан бөлек, бау-бақша шаруашылығы мен балық шаруашылығында суды тұтынуды азайтудың тиімді тәсілдері таныстырылады.
Соңғы бес жыл ішінде БҰҰДБ Арал теңізі өңірінде елді мекендердің орнықтылығын арттыруға және экологиялық өзгерістердің салдарына бейімделуге бағытталған бірқатар бастамаларды жүзеге асырды. Солардың қатарында 2021 жылы Coca-Cola қорының қаржылай қолдауымен іске асырылған жоба да бар.
[xfvalue_img]
