Қазаққа айтар базынам бар!

Қазаққа айтар базынам бар!

«Парызың сөйле деп тұрғанда үндемей қалу-қып-қызыл қылмыс». Халық мақалы

Қазір алысты-жақын қазақ қауымы қызу талқыға салып жатқан мәселе баршаға белгілі. Ол Қазақстан Республикасы жаңа Конституцияның 9 бабының 2 тармағындағы мына атышулы мәтін: «Мемлекеттік ұйымдарда және жергілікті өзін-өзі басқару органдарында қазақ тілімен қатар орыс тілі ресми түрде қолданылады». Басынан ашып айтар болсам, әрине мен бұл тармақтың алынып тастағанын қалаймын. Бұл тармақтың салдарынан мемлекет миллиардтаған теңге артық шығынға душар болып келе жатқаны айдан анық және басқа да көленкелі тұстары аз емес. Бірақ, осы норманың Елімізде қазақ тілінің кең жайылып кетуіне кедергі келтіреді дейтіндерге күдігім зор, күмәнім мол. Мысалы, қазақ (жалпылама, халықтың басым көпшілігі деген мағынада айтылады) бұл норманың «бар-жоғынан» бейхабар: олар Ата Заңды оқымаған, мәселелерді естімеген, ой жүгіртпеген. Бұл норма Конституциядан «алынып тастай ма, алынып тастамай ма» - қазақтың басым көпшілігіне бәрібір. Сондықтан, бұл норма алып тасталысымен қазақтар жаппай қазақша сайрай жөнеледі дегенге сенбеймін. Кеңес заманынан бастап, Тәуелсіздік алғанымызға 35 жыл толса да, қазақ тілінің маңыздылығына мән берген қазақ жоқ. Оян қазақ, ойлан қазақ - деп зарлап келе жатқанымызға да талай уақыт өтті. Қазақ міз бақпайды: баяғы жартас - бір жартас. Қазаққа: Қазақша сөйлеме ! - деп тыйым салып, айбат шегіп тұрған жан жоқ. Әр қазақтың желкесіне төніп: Қазақша сөйлеме ! - деп қылышын жалаңдатып тұрған орыс немесе басқа халықтың өкілі жоқ. Қазақ қазақша өздігінен сөйлемейді. Оны күнделікті көзіміз көріп, құлағымыз естіп жүр. Қазаққа: Қазақша сөйле! - десең пәлеге қаласың, көгеріп – сазарып, ашуға басып «бітіңді жыртады», естімеген дөрекі сөзді естисің... Сондықтан үлкенді-кішілі қалың қазаққа айтар базынам бар. Не себепті? «Ашық та, ашына да» айтар болсақ, бүкіл кең байтақ Еліміздің үлкенді-кішілі қалаларында, үлкенді-кішілі ауылдар мен шалғайдағы қыстақтарда да халақымыздың басым көпшілігі ана тілінің орнына орыс тілін қолданады. Ал «ат төбеліндей» қазақша сөйлегендері орыс тілінің сөздерін мол қосып, акцентпен сөйлейді. Онымен қоса көбісі «ң» дыбысын да жоғалтып алған. Мысалы, «мың» деген сөзді «мын», «тың» сөзін «тын», ал күнде сауда-саттық жасап жүретін «теңгені» «тенге» дейді. Әрине біздің қазақ (барлықтары емес, «көпшілігі» деп түсінуді өтінемін) қазақ тілінің колданбауының, қазақ тілінде тілдеспеудің жүздеген себептерін орысша шұбырта жөнелтеді. Олар: Жақсы оқулықтар, әдістемелер және тағысын тағылар жоқ - деп ақталған болады. Ал кейбіреулері: Орыс тілі менің өз тандауым - дейді. Шошындыратыны осы жауап. Қазақтардың жаппай өз тілінен жиреніп, бойын алшақ ұстау келеңсіз де ұят жағдайы Елімізді көруге, танысуға келген миллиондаған туристерді таңдандыруы бізге жаңалық емес. Күнделікті өміріміздің анық көрінісі, айқын келбеті. Мысалы, бұл жағдайға назар аударып, таңырқаған бір француз туристі: «Қазақтар қытайға ұқсаған халық екен, бірақ барлықтары тек орысша тілдеседі» - деген пікірін жеткізген. Қазақ тілінің Тәуелсіз Қазақстанда халі мүшкіл екені баршаға аян шындық. Осы шындықты жасыру мүнкін емес. Сонымен, қазақ неге қазақтығын мойындағысы келмейді? Қазақ Ана тілі - қазақ тілін неге құрметтемейді, күнделікті неге қолданбайды? Әулі бірен-саран себептерін айта кетуіміз керек. Оның терең тарихи, әлеуметтік, психологиялық себептері жетерлік. Ықлым заманнан қозғасақ, қазіргі қазақтарды құрайтын ру-тайпалар ежелгі түркі халқының құрымында болғаны белгілі. Қазақ енді ғана бірегей қалыптасып, жеке дара бөлінейін деген шақта қатыгез Шыңғысхан бастаған моңғол шапқыншылығына душар болды. Қазақстан аумағындағы 100-ден аса гүлденген қалалар өртке шалынып, күлі көкке ұшып, күйреп, Елдің «ұлдары құл, қыздары күң» болды. Шыңғысхан ұрпақтары Қазақстанды 7-ті ғасырдай билеген. Осы мерзім аралығында 85 хан билік құрса да, біреуі де киелі жерімізді Қазақелі, ал жергілікті халықты «қазақ» деп атаған емес. Хан тұқымы өздерін «ақсүйек» деп көкке көтеріп, ал қалың қазақ нәсілін айқындап «қазақ» деп атамай, кемсітіп, «қаралар» деген айдар тағып, құлдың күйін кештірген. Зорлық-зомбылықтан қазақтың анық дауысы, ұлттық үні шықпай қалды. Қазақтың «кемшіндік сезімі» осыдан бастау алған. Алаш ардақтысы Әлихан төре Бөкейханның: «Хан баласында қазақтың хақысы бар еді, тірі болсам, қазаққа қызмет қылмай қоймаймын» - деп ақталғанын еске де алуға болады. Одан Ресей патшалығының 3 ғасыр бойы жүргізген отаршылдық саясатынан қазақ тағы да басын көтере алмады. Қазақтарды патшалық Ресей ресіми билігі «киргиз», «киргиз-кайсаки» деп атады. Содан, қазақтың «кемшіндік сезімі» одан әрі жалғаса берді. 1917 жылы Ресей патшасы құлап, Кеңес үкіметі құрылды. Байлар, билер мен діндәрларға қарсы түйткіл қырып-жою ашық соғысы ашылды. Қашқандары қашып, қалғандары оққа ұшты. Онымен қоса, кедейлердің құлақтарына шалыс жеткен бәлшебек-коммунистердің саясаты-мыс «қазан ортақ, қатын ортақ» дақпырты миллиондаған қазақтарды бассауғалап Қытай, Моңғол, Ресейдің Сібір аймағына қашуға мәжбүр етті. Билікке әбден ие болғаннан кейін, «қылыштарынан қан тамған «бәлшебек-коммунистер» (қазақ зиялылары мен білімдарыларының сипаттамасы) ілімі бойынша: біз қазақтарды оқытып - тоқытып, қараңғылықтан ада етіп, адам қылдық - деген ауқымды идеологиялық саясатты жүргізді. Коммунистер интернационализм (ұлтсыздандыру, халықтарды араластыру) ілімін басшылыққа алып, оны жүзеге асыруға бірден кірісті. Мәскеудің пәрменді билігінің талабына сай, басшылардың басым көпшлігі орыстар болғандықтан, шын мәнінде «орыстандыру» саясаты жүргізілді. Осыған қарамай, ұлт ардақтысы, қазақ зиялыларының аса көрнекті өкілі, мемлекет және қоғам қайраткері, ақын, жазушы, публицист Сәкен Сейфуллин (1894–1938) кеңестік дәуірдің алғашқы кезеңіндегі ұлттық мемлекеттік құрылыс пен тіл саясаты мәселелерінде де белсенді ұстаным танытты. Ол 1922–1925 жылдары Қазақ Автономиялы Кеңестік Социалистік Республикасы (Қазақ АКСР) Халық Комиссарлар Кеңесінің төрағасы (үкімет басшысы) қызметін атқарды. Оның қазақтандыру (коренизация) саясатына қатысты қызметі ерекше. Осы кезеңде ол қазақ тілінің мемлекеттік мәртебесін нақты іске асыруға күш салды. Оның тікелей ұсынысы бойынша 1925 жылы 15–19 сәуір аралығында Қызылордада өткен Қырғыз АКСР Кеңестерінің V съезінде маңызды шешім қабылданып, «Қырғыз» атауы «Қазақ» деп өзгертілді. Республика атауы Қазақ Автономиялық Кеңестік Социалистік Республикасы болып бекітілді. Бұл шешім қазақ халқының тарихи этнонимін ресми түрде қалпына келтірді. Бірақ сол қазақ ұлтының мүддесі мен тілінің қамын ойлаған Сәкен Сейфуллин қызылдардың зұлымдық саясаты салдарынан «халық жауы, ұлтшыл, сатқын» деген жалған айыптаулармен 1938 жылы КГБ-ның абақтысында азапталып, ақыры атылды. Жүрегіміз шәншіп айта кетер болсақ, сталиндік репрессия (1920-1950 жылдар) - Кеңестік Социалистік Республикалар Одағында (КСРО) тоталитарлық жүйені нығайту мақсатында жүргізілген саяси қуғын-сүргін зардапты науқаны болды. Қазақстанда ол зиялы қауымды жою, байларды тәркілеу және халықты күштеп жер аударумен сипатталып, 1930-шы жылдардың басындағы биліктің көпе-көрнеу қазақты қынадай қырған ашаршылық зардабы мен ұлттың беткеұстар оқыған-білімдарларының жаппай құрбан болуына әкелді. Бұл ұлттық санаға үлкен соққы болды. Зерттеушілер мәліметері бойынша сталиндік біржақты қатыгез саясаты салдарынан қазақ даласында 25 мыңнан астам адам жазықсыз атылған.

1936 жылы 5 желтоқсанда КСРО Конституциясы қабылданып, Қазақ АКСР-і одақтас республика дәрежесіне көтерілді. Осылайша ол Қазақ Кеңестік Социалистік Республикасы (Қазақ КСР) болып қайта құрылды. Қысқаша айтқанда, 1925 жылғы атаудың өзгеруі - тек формалды түзету емес, қазақ халқының тарихи аты мен ұлттық болмысын заңды түрде бекіткен маңызды саяси оқиға болды. Әйткенмен, 1940 ж. қазақ тілі кириллицаға ауыстырылды. Орыс тілінің ықпалы күшейді. Коммунистер интернационализм ілімінен бас тартпады, керсінше социализмге аяқ басқан сайын, осы ілім іс-шараларын белсенді түрде жүзеге асыра берді. Сондықтан, Қазақстандағы коммунистердің интернационализм саясаты мен іс-шаралары Кеңес дәуірінде (1917–1991 жж.) мемлекеттік идеологияның маңызды бағыты болды. Оның негізгі мақсаты – түрлі ұлт өкілдерін «кеңес халқы» деген ортақ саяси-әлеуметтік бірлікке біріктіру еді. Бұл саясат Қазақстанда бірнеше бағытта жүзеге асырылды. Әркідік бой көрсететін ұлттық ерекшелік пен ұлттық мүдде ауызға алынса болды, оған қарсы «буржуазиялық қалдық пен буржуазиялық ықпал» айдары тағылып, белсенді айыптау жүргізілді. Кеңес халықтарының «бауырластығы» идеясы мектеп, жоғарғы оқу орындары, БАҚ және мәдени шаралар арқылы кең дәріптелді. 1930 жж. индустрияландыру кезінде Ресей мен басқа республикалардан жұмысшылар әкелінді. Қазақстанға халықтарды қоныс аудару және аралас қоныстандыру (Депортациялар (1937–1944 жж.) іс-шаралары жүргізілді. Күштеп көшірілген халықтар: корейлер (1937), немістер (1941), шешендер, ингуштар, балқарлар, қырым татарлары және т.б. 1954 жылдан бастап тың игеру науқанына миллиондаған адам қатысты. Бұл ресми түрде «интернационалдық бірлік» пен «халықтар достығын» нығайту деп түсіндірілді. Нәтижесінде Қазақстан көпұлтты республикаға айналды. Бұл шаралар республиканың этнодемографиялық құрылымын өзгертті және «интернационалдық еңбек ұжымдарын» қалыптастырды. Ұлттық мәдениет «социалистік мазмұндағы, ұлттық формадағы» қағида бойынша дамытылды. Халықтың санасына бағытталған бағдарламаларында «кеңес халқы» идеясы дәріптелді. Орыс тілі – ұлтаралық қатынас тілі ретінде бекітілді. Ұлттық мүдделер шектелді. Қазақ халқының демографиялық үлесі азайды. Орталықтандырылған басқару мен орыстандыру үрдісі кең етек алды. Осылайша, интернационализм саясаты ресми түрде ұлттар теңдігін жариялағанымен, іс жүзінде орталықтың бақылауын күшейтіп, ұлттық ерекшеліктерді шектеуге алып келді. Коммунистердің зардапты саясатына, сталинизм террорына, олардың «ашаршылық» қырғынын ұйымдастырғанына және басқа да кемшіліктеріне қарамастан, «мен коммунист болғанмын, коммунист боламын, коммунист болып өлемін» деген Казақстан Коммунистік партиясы Орталық Комитетінің бірінші хатшысы болған Д. Қонаевты (1960–1962, 1964–1986 жж ) ұлықтау үрдісі кең етек алған. Бірақ, не дегенде шындыққа жүгігнейік. Әркімге отырған тағына иіле жалпалақтамай, нақтылы ісіне қарай әділ бағалайық. Профессор Х.Абжановтың мәліметі бойынша Д.Қонаев өзі билік еткен заманда Қазақстан аумағында 1600 қазақ мектептерін жаптырған. Жиналыстарда қазақша сөйлегендерді: «Тоқтат националист, орысша сөйле» - деп тыйым жасаған. Қазақстанда қой басын 50 миллионға жеткізем деп Мәскеуден міндеттеме алып, жүздеген мың қазақ жастарын шопан болуға жұмылдырды. Д.Қонаев барлық баяндамасын «ұлы орыс халқы жасасын!» деп бастап, «ұлы орыс халқы жасасын!» деп аяқтайтын. Коммунистер ілімінде «халықтар теңдігі» (ешбір ұлт екіншісінен "жоғары" немесе "төмен" деп саналмайды) ұран болып дәріптелетін, бірақ орыс халықы сол елес ретіндей көрінетін «теңдіктің» төбесінде болатын. Сонда әділдік қайда? Орыс халықы «әркез үстем» де, басқа халықтар «түс төмен» ишаратына бағынып тұр ғой. Бұл коммунистердің «әділеттілігінің» нақтылы сиқы осындай. Міні, «Біз қазақ – ежелден еркіндік аңсаған, Бостандық өмір мен ар үшін қиған жан!» - деп жас ақын Қайым Мұхамедханов 1943 жылы жырлағандай қазақ ғасырлар бойы армандаған күн де туды. 1991 жылғы 16 желтоқсанда қабылданған «Қазақстан Республикасының мемлекеттік тәуелсіздігі туралы» Конституциялық заң ел дамуының жаңа кезеңін бастап берді. Қазақстан Тәуелсіздігі – бұл елдің саяси, құқықтық, экономикалық және рухани тұрғыдан дербес мемлекетке айналуын білдіретін тарихи құбылыс. Қазақстан Республикасы Конституциясы бойынша қазақ тілі – мемлекеттік тіл мәртебесіне ие болды. Осыған орай «Қазақстан Республикасындағы тiл туралы» Қазақстан Республикасының Заңы қабылданды. Бұл заңда «қазақ тілінің мемлекеттік тіл ретінде қолданылуын кеңейтуді қамтамасыз ету» көзделген. Қазақстан Тәуелсіздік алған 35 жыл бойы Тілдерді дамыту мен қолданудың мемлекеттік бірнеше бағдарламалары қабылданды. Қысқаша бұл бағдарламалардың мақсаты «қазақ тілін қолданыс аясын кеңейту мен қоғам өмірінің барлық саласына енгізу» болып саналатын. Оларды жүзеге асыру үшін миллиардтаған ақша бөлінді. Бұдан нәтиже бар ма? Жоқтың қасы деуге болады. Өкінішті, әрине. Десек те, қалың қазақ өз ана тіліне неге бетін бұрмайды? Қазақтың көпшілігі ананы-мынаны сылтау қылады. Егер де қазіргі қолданыстағы Конституцияның 7-ші бабының 2-ші тармағырндағы («Мемлекеттік ұйымдарда және жергілікті өзін-өзі басқару органдарында орыс тілі ресми түрде қазақ тілімен тең қолданылады»)  және қабылдануға көзделіп отырған жаңа Конституцияның 9-шы бабының 2 тармағындағы («Мемлекеттік ұйымдарда және жергілікті өзін-өзі басқару органдарында қазақ тілімен қатар орыс тілі ресми түрде қолданылады») делінген норма алынып тастаса да, қазақ тілінің қолданыс аясы кеңіп, қазақтардың басым көпшілігі тілдесу мен мемлекеттік қызметте тек қазақ тілі қолданылатындығына сенбеймін. Өйткені қазақ, ең әуелі, өзінің ұлттық намысын оятып, ана тілімізді жандандыру жолында құрбан болған ардақты зиялыларымыздың  аруағын құрметтеп, Ел және келешек алдындағы үлкен жауапкершілігін түсінуі керек. Ғұлама ғалым, ағартушы Байтұрсынов Ахмет атамыз: «Тілі жоғалған жұрттың өзі де жоғалады» - деген өсиет айтып кеткен. Казақ осы ойды ешқашан есінен шығармауы керек. Бұл атамыз да Ел мүддесі мен тіл мүддесі үшін сталиндік репрессияға ілініп, жазықсыз болса да атылған.

Қазаққа, денесіне ана сүтімен дарыған, ана тілінен жиренуге, оны менсінбеуге болмайды! Қазақ тілін білетіндер ешқандай сескенбей, қымсынбай оны Еліміздің барлық аймақтарында қолдануы парыз. Ата Заңымыз бойынша қазақ тілі мемлекеттік тіл. Қазақстанда оның мәртебелі орны мен жолы айырықша деп түсіну абзал. Ал қазақ тілін білмейтіндер үшін, оны оңай менгеріп, барлық ортада қазақша сөйлеуге болады. Оған ырғалып-жырғалатын ештеңе жоқ, ең бастысы мәңгүрттеніп бара жатқан қазаққа намыс, ынта, жігер қажет! Әрине, қазіргі зиялы қауым мен биліктегілер үлгі көрсеткені дұрыс болар еді. Халық қалаулылары-депутаттар үшін мемлекеттік тілді іркілмей ең алдымен қолдану – ҚР Конституциясы мен заңдарда қамтылған талап. Сонымен қатар бұл - Ата Заңымызда көрсетілген патриоттық парыз! Ал қазақ тілін меңгеру қыйын деп «сылтаурататын» қазақтарға айтарымыз: Шет мемлекетерінің Қазақстандағы кейбір елшілік қызметкерлері ешқандай қыйындықсыз қазақ тілін бірнеше айда өте жақсы денгейде үйренген. Тамаша үлгі!

Нақыпбек Садуақасов, заңгер-құқықтанушы, публицист

[xfvalue_img]

Жаңалықтарды бағалаңыз

  • Сіздің бағалауыңыз
Итоги:
Дауыс берген адамдар: 0

Пікір қалдыру

Ваш e-mail не будет опубликован. Поля обязательны для заполненеия - *

  • bowtiesmilelaughingblushsmileyrelaxedsmirk
    heart_eyeskissing_heartkissing_closed_eyesflushedrelievedsatisfiedgrin
    winkstuck_out_tongue_winking_eyestuck_out_tongue_closed_eyesgrinningkissingstuck_out_tonguesleeping
    worriedfrowninganguishedopen_mouthgrimacingconfusedhushed
    expressionlessunamusedsweat_smilesweatdisappointed_relievedwearypensive
    disappointedconfoundedfearfulcold_sweatperseverecrysob
    joyastonishedscreamtired_faceangryragetriumph
    sleepyyummasksunglassesdizzy_faceimpsmiling_imp
    neutral_faceno_mouthinnocent
Кликните на изображение чтобы обновить код, если он неразборчив

Негізгі жаңалықтар

Логотип

Портал туралы

Ел мен әлем жаңалықтары!

© 2024 INFOZAKON. Барлық құқықтар сақталған.