Қазақстан Республикасының Конституциясы – елдің тұрақты дамуының басты құқықтық негізі

Қазақстан Республикасының Конституциясы – елдің тұрақты дамуының басты құқықтық негізі

2025 жылғы 30 тамызда Қазақстан Республикасының Конституциясы қабылданғанына 30 жыл толады. Бұл маңызды құжат республикалық референдум арқылы қабылданып, мемлекеттің дамуының жаңа кезеңін бастап берді. Ол елдің құқықтық, саяси және әлеуметтік-экономикалық дамуының басты бағытын айқындайтын негізгі бағдар болып табылады.

Мемлекет басшысы Қ.К.Тоқаев 2023 жылғы 30 тамыз – Конституция күніне арналған құттықтауында: «Ата заң – мемлекеттілігіміздің мызғымас тірегі әрі еліміздің саяси және қоғамдық құрылысын, айнымас құндылықтары мен даму жолындағы стратегиялық бағыт-бағдарын айқындайтын басты құжатымыз», – деп атап өтті.

Негізгі заң мемлекеттің жоғары құндылықтары ретінде адамды, оның өмірін, құқықтары мен бостандықтарын бекітті.

Конституцияда бекітілген демократиялық құқықтар мен бостандықтардың кең ауқымды кешені азаматтарға сөз және шығармашылық бостандығын еркін пайдалануға, ақпаратты заңмен тыйым салынбаған кез келген тәсілмен алу және таратуға, Республика аумағынан шығып, кедергісіз қайта оралуға, сондай-ақ ар-ождан, еңбек, демалыс, бірлестіктерге бірігу, денсаулық сақтау, мемлекеттік істерді басқаруға қатысу және басқа да құқықтарды жүзеге асыруға кең заңды мүмкіндік береді.

Қазақ халқының ұлы ойшылы Абай Құнанбайұлы әділ әрі орынды айтқан: «Дүние бір орында тұрмайды, сондықтан адамның өмірі мен күші де өзгеріссіз қалмайды. Күш-қуаты мол, біліммен қаруланған адам оларды бүкіл қоғамның игілігі үшін жұмсап, баршаға пайда тигізуге ұмтылуы керек».

Айта кетерлігі, Конституцияның басты негізіне адам және азамат құқықтары мен бостандықтары қойылған. Бұл өз кезегінде мемлекеттің әлеуметтік саласының маңыздылығын айқындап, әрбір жеке тұлғаның және тұтас халықтың мүдделерін қорғауға деген адалдығын көрсетеді.

Осылайша, Конституцияға мықты біріктіруші қағида енгізілді, ол «Біз – Қазақстан халқы» деген сөздермен басталады. Бұл қағида азаматтардың этникалық және діни ерекшеліктеріне қарамастан теңдігін жариялап, Бірлік пен Ынтымақтың маңыздылығын айқындайды!

Құқықтық және фактілік тұрғыдан алғанда, Қазақстан халқы республикалық референдумда Қазақстан Республикасының Конституциясын қабылдау арқылы мемлекеттік биліктің негізін қалаушы ретінде әрекет етті. 

2020 жылғы 28 тамызда XXI ғасырдың Конституциясы – құқық үстемдігі, адамның құндылығы және мемлекеттің тиімділігі» атты халықаралық ғылыми-практикалық конференцияның және Азия конституциялық соттары және балама институттар қауымдастығы IV Конгресінің пленарлық отырысына қатысу барысында Қазақстан Республикасының Президенті Қ.К.Тоқаев: «Қазақстан Конституциясында әлемдік құқықтық ойдың озық жетістіктерімен ұштасқан қазақ халқының сан ғасырлық бай тәжірибесі және даналығы көрініс тапқан», – деп атап өтті.

Конституцияның халықтық сипаты елдегі мемлекеттік биліктің бірден-бір қайнар көзі ретінде халық мүддесін білдіруімен айқындалады. Бұл белгі барлық демократиялық мемлекеттердің Конституцияларына тән. 

Осы тұрғыда АҚШ-тың мемлекет және қоғам қайраткері, елдің негізін қалаушылардың бірі, Тәуелсіздік декларациясының авторларының бірі және АҚШ-тың 3-ші президенті Т. Джефферсон: «Халықтың еркі – кез келген үкіметтің жалғыз заңды негізі, ал оның еркін білдіруін қорғау – біздің басты мақсатымыз болуы керек», – деп атап өткен.

Қолданыстағы Конституцияның халықтық сипаты оның бүкілхалықтық талқылаудан кейін республикалық референдумда халықтың тікелей қатысуымен қабылдануынан айқын көрінеді. Жалпы алғанда, Конституция жобасы бойынша 33 мыңға жуық ұжымдық талқылау өткізіліп, оған 3 миллионнан астам азамат қатысқан. Нәтижесінде 30 мыңға жуық ұсыныс пен ескерту енгізілді. Конституция жобасының 55 бабына 1100-ден астам түзету мен толықтыру жасалды. Бұл азаматтардың өз Негізгі заңына деген жоғары жауапкершілігі мен белсенді көзқарасын айғақтайды.

1995 жылғы Конституцияның әзірленуі күрделі әлеуметтік және саяси жағдайларда өтті. Жобаға отандық және шетелдік ғалымдар тартылып, арнайы сараптамалық-кеңесші топ құрылды. 

Негізгі заңды әзірлеу барысында әртүрлі елдердің, әсіресе ХХ ғасырдың екінші жартысында қабылданған Конституциялары жан-жақты зерттелді. Ең бастысы – түрлі даму деңгейінде тұрған, мәдени, әлеуметтік, ұлттық ерекшеліктері мен құқықтық жүйелері әртүрлі мемлекеттерде Конституциялар қалайша негізгі міндетті орындап, тұрақтылықты нығайтуға, халықтың әл-ауқатын арттыруға және демократияны дамытуға ықпал еткенін түсіну маңызды болды.

Қазақстан халқы әлеуметтік және саяси тұрақтылықты, бейбітшілік пен достастықты, ұлтаралық және конфессияаралық келісімді таңдады. Жоғарғы заңдық күші бар Конституция азаматтарға негізгі құқықтар мен бостандықтарды кепілдендіріп, мемлекеттілігіміздің тұрақты және жүйелі дамуының берік негізін қалады. 

Бүкіл халықтық бірліктің нәтижесінде қабылданған Конституция елдің дамуының жасампаз іргетасына айналып, ұлт болашағын айқындайтын басты құндылықтарды мәңгілікке бекітті. Осы құндылықтардың негізінде біз барша халық болып ортақ болашағымызды бірге құрып келеміз: Тәуелсіздік, бейбітшілік және тұрақтылық.

Конституцияның қабылдануы конституциялық құрылымның құқықтық негізін қалыптастырып, мемлекеттік механизм мен қоғамдық-саяси институттардың негізгі қағидаттарын бекітті, адам мен азаматтың конституциялық мәртебесін айқындап, экономикалық жүйенің негіздерін белгіледі. 

Қолданыстағы Негізгі заңның 30 жылында Қазақстанда халық шаруашылығының барлық саласында айтарлықтай серпіліс болды. Экономика, өндіріс, өнеркәсіп, ауыл шаруашылығы, медицина және білім беру салалары қарқынды дамып, елдің тұрақты өсіміне негіз қалады.

Уақыт көрсеткендей, Қазақстан Республикасының Конституциясы демократиялық қағидаттарға толық сәйкес келеді және қазақстандық қоғамның қолдауына ие. 

Батыс демократиясының стандарттарын ұлттық дәстүрлермен, көпұлтты және көпконфессиялы қоғамның ерекшеліктерімен үйлестіре отырып, Қазақстан өзіне тән барлық белгілері мен институттары бар тәуелсіз мемлекет құра алды.

Қазақстан Республикасының Конституциясының басты ерекшеліктері – оның негізқалаушы сипаты, халықтық мазмұны, шынайылығы және тұрақтылығы. 

Конституцияның негізқалаушы сипаты оның қоғамдағы ең маңызды қатынастарды реттеуінен көрінеді. Осыған байланысты конституциялық реттеу жалпылама сипатқа ие болып, қоғамдық қатынастардың басты негіздерін айқындайды және олардың одан әрі нақтылауы қолданыстағы заңнамалық актілер арқылы жүзеге асырылады.

Конституцияның халықтық сипаты, жоғарыда атап өткеніміздей, оның нормаларында халық мүдделерінің көрініс табуынан және республикалық референдум арқылы қабылдануынан байқалады. 

Негізгі заңның шынайылығы – оның қоғамдағы нақты қатынастарға сәйкестігімен, халық пен мемлекеттің қажеттіліктеріне жауап беруімен және елдің демократиялық дамуының негізгі сын-қатерлеріне лайықтылығымен анықталады. 

Конституцияның тұрақтылығы елдің әлеуметтік-саяси құрылымының беріктігіне негізделеді және оның нормаларының ұзақ уақыт бойы өзгеріссіз сақталуын білдіреді.

Конституция ерекше құқықтық қасиеттерге ие, бұл оны Негізгі заң ретінде айрықша етіп, басқа заңдар мен нормативтік құқықтық актілерден түбегейлі ерекшелендіреді. 

Айта кету керек, Қазақстан тарихында барлығы бес Конституция қабылданды. Олар: 1926 жылғы Қазақ АССР Конституциясы, 1937 жылғы Қазақ КСР Конституциясы, 1978 жылғы Қазақ КСР Конституциясы, 1993 жылғы Қазақстан Республикасының Конституциясы және 1995 жылғы Қазақстан Республикасының Конституциясы.

Тәуелсіз Қазақстанның алғашқы Конституциясы 1993 жылғы 28 қаңтарда Қазақстан Жоғарғы Кеңесінің XII шақырылымының IX сессиясында қабылданды. Оның негізіне парламенттік республика моделі алынды. Конституция Қазақстанның тәуелсіздігін бекітті және Тәуелсіздіктің алғашқы жылдарының күрделілігі мен қайшылықтарын бейнеледі.

Бір жағынан, бұл Конституция нарықтық экономиканы және демократиялық мемлекетті қалыптастырудың құқықтық негіздерін қалады. Алайда, екінші жағынан, заң шығарушы және атқарушы билік өкілеттіктерін нақты ажырату мәселесін шешпеді. Осыған байланысты жоғары билік органдарында дағдарыс туындап, қоғамда әлеуметтік тұрақсыздық байқалды. Сондай-ақ, мемлекеттік тіл, жерге жеке меншік және азаматтық мәселелері толық реттелмеді.

Осы себептерге байланысты 1995 жылғы 30 тамызда республикалық референдум арқылы Қазақстан Республикасының жаңа Конституциясы қабылданды.

Елдің Негізгі заңы негізінде әлемдік діндер, тілдер, мәдениеттер мен дәстүрлер тоғысқан тарихи синтез қалыптасуын жалғастыруда. Қазақстанда бейбітшілік пен келісім қоғамның адамгершілік және этикалық нормасына, ортақ мәдениетіміздің ажырамас бөлігіне айналды. Бұл руханият пен азаматтық сананың берік үйлесімін қалыптастырып, еліміздің полиэтникалық және поликонфессиялық сипатын Қазақстанның стратегиялық ресурсына айналдырды. Елдегі демократиялық мәдениеттің, қоғамдық келісім мен бірліктің нығаюы мемлекеттің әлеуметтік-экономикалық дамуының жаңа факторына әрі үлгісіне айналды.

Бүгінде әрбір азамат жақсы түсінеді: демократиялық мемлекеттің эволюциялық дамуын қамтамасыз ету – әрбір заңға бағынатын, еңбекқор азаматтың өзіне және қоғамға пайда әкелуімен тікелей байланысты. 

Қазақстан Республикасы Конституциясының нормалары елдің экономикалық, әлеуметтік, саяси және рухани өркендеуіне қуатты серпін беретін сарқылмас әлеуетке ие.

Еліміздің Конституциясы – тұрақты дамудың сәтті жүзеге асырылуының жарқын үлгісі. Бұл – Конституцияның мызғымастығының кепілі болып табылатын Мемлекет басшысының ауқымды стратегиялық ойлауын, мемлекеттік биліктің бірыңғай тармақтарының үйлесімді өзара іс-қимылын, қоғамдық келісім мен тұрақтылықты айғақтайтын маңызды құжат.

Құрылымы мен мазмұны жағынан Қазақстан Конституциясы, бір жағынан, халықаралық стандарттарға толық сәйкес келеді, ал екінші жағынан, қоғамдағы әлеуметтік күштердің нақты арақатынасын, сондай-ақ еліміздің қазіргі даму кезеңінде қалыптасқан саяси және құқықтық дәстүрлердің ерекшеліктерін көрсетеді. Осылайша, ол Қазақстанның тұрақты демократиялық дамуының құқықтық негізі болып табылады. 

Қолданыстағы Конституция қабылданғаннан бері оған алты рет өзгерістер мен толықтырулар енгізілді: 1998, 2007, 2011, 2017, 2019 және 2022 жылдары.

Атап өту қажет, Қазақстан Конституциясы уақыт талабына сай бейімделіп, елдегі саяси және экономикалық өзгерістерді көрсетіп отырды. Негізгі заңға енгізілген түзетулер мемлекеттік басқарудың өзектілігі мен тиімділігін қамтамасыз етуге бағытталды. Бұл өзгерістер Қазақстан Республикасының Конституциясын жаңа жағдайлар мен сын-қатерлерге сәйкестендіруге мүмкіндік берді. 

Осылайша, Қазақстан Республикасының Конституциясы заман талабына сай қоғамның қажеттіліктеріне жауап беретін, елдің тұрақты дамуының басты құқықтық негізі болып қала береді.

Ещанов Алмаз Шүкірұлы

Қазақстан Республикасы Бас прокуратурасы жанындағы Құқық қорғау органдары академиясының профессорызаң ғылымдарының докторы, профессор, аға әділет кеңесшісі, Қазақстан Республикасы білім беру ісінің құрметті қызметкері

 

 

 

 

[xfvalue_img]

Жаңалықтарды бағалаңыз

  • Сіздің бағалауыңыз
Итоги:
Дауыс берген адамдар: 0

6 пікір

Пікір қалдыру

Ваш e-mail не будет опубликован. Поля обязательны для заполненеия - *

  • bowtiesmilelaughingblushsmileyrelaxedsmirk
    heart_eyeskissing_heartkissing_closed_eyesflushedrelievedsatisfiedgrin
    winkstuck_out_tongue_winking_eyestuck_out_tongue_closed_eyesgrinningkissingstuck_out_tonguesleeping
    worriedfrowninganguishedopen_mouthgrimacingconfusedhushed
    expressionlessunamusedsweat_smilesweatdisappointed_relievedwearypensive
    disappointedconfoundedfearfulcold_sweatperseverecrysob
    joyastonishedscreamtired_faceangryragetriumph
    sleepyyummasksunglassesdizzy_faceimpsmiling_imp
    neutral_faceno_mouthinnocent
Кликните на изображение чтобы обновить код, если он неразборчив

Негізгі жаңалықтар

Логотип

Портал туралы

Ел мен әлем жаңалықтары!

© 2024 INFOZAKON. Барлық құқықтар сақталған.