Қатуылды заман - шырғалаңды тағдыр
Тағдырың бүгін - мұнда, ертең - анда айдайды.
Жүсіп Баласағұни
Әкесі Қазиұлы Фазылдың өзінің көзі тірі кезінде қоңыр дауысымен орайы келген кездерде кейбір айтып жүретін ғасырға жуық өмір көрністерін, тағдыр тауықметін Гүлзипа кеше естігендей жиі есіне түсіріп отыратын. Сонымен, Гүлзипаның әкесі Фазыл және сол заманда онымен қатарлас өмір кешкен замандастары туралы шытырман хикая желісі мынадай болған еді...
Фазылдың әкесі Қази Ресейдегі Қазан төңкерісі - 1917 жылға дейінгі 20 - шақты жылдар бойы Ислам дінінің білімдары саналып, қаптаған орыс ортасы Қызылжар қаласында медіресе ұстап, қазақ пен ноғайды дінге тартып, Аллаға қаратып, қалың жұртқа белгілі тұлға болған. Ол кісі Аллаға қараған мұсылман жұртына өте қасиетті Құранды жатқа білгендіктен, құрметті Қази-қалфе деп аталатын дәреже алған. Үй-жай шаруашылығы да мықты болыпты. Сондықтан өз қаражатына қалада медіресе ашып, жастарды оқытқан. Бірақ, 1917 жылы В.Ленин бастаған «балшебектер» Ресей патшасын құлатып, билікті қолдарына алып, қатыгез «таптар күресін» басты ілім етіп, байлар мен діндарларды «ататынын атып, қуғынға жататындарды, қуғынға салып», біразының қолдарын кісендеп, сонау көз жетпес - жазы салқын, қысы үскірік аяз - «итжеккенге» жер аударып, аяусыз қыспақ жасап жатқан дүрбелең кезең болатын. Сол кезде қазақтың ішінен «шолақбелсенділер» шыққан, олар сол үкіметтің сеніміне кіру, жағыну үшін не бір құйтырқы әрекеттерге барған. Мынадай сорақы жағдайлар жиі кезіккен: ешкімге қиянаты жоқ, ауылдың сыртында қой бағып жүрген қойшы, жайнамазын төсеп, далада намаз оқып тұрса болды, қаптап кеткен шолақ белсенділер «мына адам намаз оқиды» деп жедел қызылдарға жеткізген. Олар қойшыны, жайнамазын жинатпай, қолына кісен салып айдап кеткен. Сол қойшы бейбақ із-түзсіз жоғалып, ауылға қайтып орлмаған. Тегі атылған болу керек.
Бір күні Қази-қалфе Қызылжардан ауылы Жарғайыңға көңілі аса жабырқау кейпінде ат-шанамен жетсе керек. Сол заманның салтымен жұрт оның алдынан жапырлай шығып, қарсы алып, «Ассаламағалейкум» деп сәлем беріп:
- Қазеке, қалайсыз, ауырып қалдыңыз ба, иә жол ауыр тиді ме, көңіл күйіңіз төмен ғой ? - деп сұрапты.
-Е, қайран елім, қадірлі жамағатым, заман қатуылданып күрт өзгерейін деген екен, жаңа билік халықты Алладан бездіріп, діндарларды қуғынға ұшыратып жатыр, ...қаладағы мұсылман әйелдері басындағы шәршілерін алып тастапты, ...бұдан кейін маған жердің үстінен де асты қайыр болар - деп күрсіне жауап беріпті. Осы жауабынан кейін, жеті күн өте Қази-қалфе ауырмай-сырқамай елу жастан жаңа ғана асқан шағында дүние салыпты. Оның балалары Фазыл, ағалары Нұрахмет, Нұрғали және апайы Зарифа төртеуі бұғаналары қатпай, әлі аяқтарына нық тұрмай, жетім қалыпты.
Ол заманда байлыққа қолдары жеткен адамдар да әрқилы болса керек. Бай-манаптардың кейбіреулері қатыгез, сараң, өздеріне қараған жалшылар мен жарлы-жақыбайларға әсіре қатуыл үстемдік жүргізген екен. Олардың бастарын қорлап, намыстарына тиген. Кейбір аса кедей-кепшік, жарлы-жақыбайларда үй-күй болмаған, балаларын тіпті қойқорада туып, өсіреді екен. Ал Қази-қалфе Аллаға қараған, дінге адал, жаратылысынан мейірімді адам болған. Ол жалшы-сауыншы ұстағанымен, олар оның жанұясымен бірге тұрған, бір дастарханнан ас ішкен, туғанындай сіңісіп кеткен.
Ел-жұрттың мал-мүлкін жаппай «кампеске» (конфискация - тәркілеу) жүргізіп, жұрттың мал-мүлкін тартып алатын «қызылдар» әні келеді, міні келеді деген суық хабар күннен күнге тарап бара жатқанда, Қази-қалфе шаңырағында қалған жанұя мүшелері және жалшылары болып ақылдасады. Ағайын бір шешімге келіп, қорадағы барлық малды сояды да етті қаптарға салып, қалың қайың орманы Томарлыағашқа апарып, омбы қарды терең қазып, көміп тастайды. Олар «мал етін бұйыртса көктемде қазып алып дәмге жаратармыз, ит-құсқа бұйырса - оған да көнеміз» деген шешімге келеді. Осы үлкен шаруаның басы - қасында Қази-қалфе шаңырағының жалшылары аянбай еңбек еткен.
Осыдан көп кешікпей, ауылға тап күресінің қызыл жалауын желбіретіп, «шәш ал десе, бас алатын» «қызыл әскер» баскесерлері қылыштарын жалаңдатып, мылтықтарын кезеп келіп жетіпті. Олардың басты мақсаттары барлық билікті қолға алып, «қызылдар» үкіментін орнатып, бай мен моллаларды бұғаттау, жазалау, мал-мүліктерін тартып алу, олармен жақын отырған, аралас болғандарды жауапқа тартып, жазалау еді. Ауылға асыға, аптыға атбасын треген олар, жұртты үйіріп алып, сұрақ-жауапқа кіріседі.
- Қази-қалфе өзі белгілі молла болған, шаңырағына қарастылар бай, тұрмыстары ауқатты, жалшы ұстаған – деп іші тар бір пенде «қызылдарды» аталған шаңыраққа меңзеп жібереді. Қызылдар осы шаңырақтың жалшысы мен сауыншы болған адамдардан жауап алып:
- Қази-қалфе шаңырағының жаны қанша, малы қанша, сендерді қанады ма, қорлады ма, ұрып-соқты ма?-деген сұрақтар қойған екен. Жалшылар:
- Бұл жанұяның аса байлығы болған жоқ. Күн көріске аздаған малы болды. Олардан біз мейірімділік пен қамқорлықтан басқа ештеңе көргеніміз жоқ, өмір бойы бізге адамгершілік танытып, өз туғанындай көрді - деп жауап беріпті. Содан Қази-қалфе жанұясы канпеске мен жауапкершіліктен құтылыпты. Осыған сай кейіндері Фазыл ақсақал:
- Әкем бізге жиі: «жақсылығың да, жамандығың да текке кетпейді, алдыңа келеді, істеген ісіңнің бәрінің де сұрауы бар» деуші еді – деп есіне алып, сөзін жалғастыра: - Рақымшылық өзіме қиын-қыстау күндері қайтып келді, соның арқасында Көкаралға (Сібірге) айдалынбай, Аллаға шүкір, бүгін ұрпақ жалғастырып отырмыз – деп жиі тәубесін келтіретін.
Осы кезде Кеңестер Одағы басшысы қатыгез Сталин қазақтарды колхоздарға (коллективное хозяйство - ұжымдық шаруашылық) күшпен мәжбүрлеп кіргізуді жеделдетуді қатаң талап етті. Кейбір экономистер оған Қазақстанда жалпылама негізделіп қабылданған қарарлар мен іс-әрекеттерді қолдануға болмайтынын ескерткеніне қарамай, ол өз талаптарынан бас тартпады. Егіншілікке ешқандай қатысы жоқ шаруаларға нан дайындау жоспары шектен тыс қойылды. Республика Мәскеуді, Ленинградты және басқа да өңірлерді қамтамасыз етуі керек ет өндіру нормалары да өте жоғары деңгейде қарастырылды. Сол кездегі Республика басшысы Ф.Голощекин (қазақтар оны «қужақ» деп бекер атамаған еді) жоғарыдан түскен бұйрықты жанталасып, межеден асыра орындауға кіріскен болатын. Бұл қазақтардың жағдайының күрт төмендеуіне әкеліп соқты. Қазақстандағы алғашқы теріс бағыттағы іс-шара 1928 жылдың күзінде өткізілген конфискация (тәркілеу) еді. Бұл «көрсоқыр» саясаттың құрбаны 1 миллионға жуық қазақ болды. 1931 жылы 1 миллион 30 мың адам тұрақты жерінен еріксіз қашуға мәжбір болып, сыртқа қоныс аударды. Ал 616 мыңы қайтып оралмады, жүздеген мыңы Қытай ауып кетті. Қатыгез саясаттың салдарынан Қазақстандағы 1931-33 жылдардағы ашаршылық халықты қынадай қырды. Үш жарым миллиондай адам ғаламат азап шегіп, аса қиналып, қураған жапырақтай солып, жер жастанды. Бұл «балшебектердің» еріксіз, күшпен ұжымдастыру солақай саясатының зардабы еді.
Уақыт өте, ауылда бірте-бірте тыныштық орнайды. Бірақ жаппай жоқшылық, тапшылық орын алған. Өмір өз заңына бағынады. Сол кездің дәстүрі бойынша, Фазылдың жасы 14-ке жаңа ғана келсе де, ағайын-туыс оны үйлендіруге кіріседі. Оның ағасы Нұрахмет көрші ауылдың Асылжан есімді жас қыздың ата-анасымен келісіп, бауырын үйлендірмекші болған. Ол кездері, ауылдың бозбалалары, бір-бірден салт ат мініп алады екен. Фазылдың әлі балалығы басылмаған кез ғой. Сол қалыңдығын алуға барғанда оның мініп барған атын, «күйеу баланың аты» деп, ауылдың қыздары қалжың ретінде мініп алады екен. Содан жасөспірім күйеубала «атымды қыздар мініп қойды» деп ренжіп, жылаған екен. Оны көрген Нұрахмет ағасы намысқа тартып: - О, жігерсіз сол, жылама. «Жылауық күйеу бала» деген «атақ алып», күлкіге қаласың. Бұның не, ұят болады, еразамат емессің бе?! Ертең өз үйіңнің шаңырағын көтеріп, үлкендер қатарына қосылайын деп отырып, бұндай қылық жасама. Пысы, шира! – деген екен.
Асылжан дүниеге төрт ұл әкеледі. Есімдері Арап, Зарап, Ғарифолла, Зейнолла. Алғашқы екі бала сәби күнінде шетінеп кеткен. Ғарифолла үш жасқа, Зейнолла бір жасқа келгенде кенет келген килккен аурудан Асылжан бұл дүниеден озады. Сөйтіп Фазыл екі жас баламен жалғызбасты болып қалған. Халық айтатындай «қырсық қосағымен жүреді» емес пе?! Сол 1939 жылы Фазыл әскерге шақыру «повеске» қағазын алады. Елге тараған хабарлар бойынша Кеңестік Социалистік Республикалар Одағы мен Финляндия арасында әскери қақтығыс орын алған. Сол себепті әскер жастағыларды жинау басталыпты. Ол кез заңы мен тәртібі өте қатаң заман болған, ал ел басқарушысы қатыгез Сталиннің атын естігенде кімнің де болсын ішін үрей билеп, жаны мұрнының үшіне келетін. Әскерден жалтару, небір себептермен босатуды сұрау мүмкін болмаған. Бұйрықты орындамасаң не атыласың, не көп жылға айдауға кетесің. Қайткеңде де бұйрықты орындауың керек. Фазыл еріксіз әскерге баруға шешім қабылдайды. Бірақ өрімдей екі кішкентай, естері кірмеген, жаңа ғана тәй-тәй басып жүрген екі баланы «қайда тастап, кімге орнықтырамын» деген уйым оның көңілін қатты алаңдатады. Сол кезде, қазіргідей жан-жаққа бытырап көшкен ағайын-туыс жоқ, олардың төрт көзі түгел ауылда екен. Осы ағайын - туыстардың басын біріктіре ұйымдастырып, салмақты сөз айтып, жөн сілтеп, басқарып отырған еті тірі, өткір мінезді ақылы мол шыншыл Қармен-ата қария болған екен. Фазыл жүгіріп Қармен атаға барып, мән-жайды айтып, көмек ақыл-сұраса:
- Бар, шақыр ағайынның ер азаматтарын - депті. Ол жүгіріп ағайынды құлақтандырады. Хабарды естігендер құрметті атаның үйіне бәрі жиналады. Қармен-ата ағайын-туысқа мән-жайды түсіндіріп:
- Барыңдар, үй-іші, әйелдеріңмен ақылдасыңдар, шешімін ертең сағат 10-да маған жеткізіңдер –деген екен.
Көңілі аласапран уайым басқан Фазыл ертеңгі күнді асыға күтеді. Жүрегі дүрсілдеп, есінен айырылуға жақын ол тәңертең сағат он болысымен Қармен атаның үйіне жетеді. Бірақ оған Қармен атадан басқа көзіне ілінер бір жан болмайды. Қаны мұздап кетеді. Үйдің кең бөлмесінің төрінде жаңғыз отырған ата: - Әйелдерінің сөзінен шығалмаған өңкей жігерсіздер, біреуі де бас көрсетпеді, патшағарлардың, - деп күңіреніп, біраз үнсіз отырған ол: - Өзің көріп отырсың, анау Барша анаңның екі көзі де көрмейді, саңлау ғана. Ортада жанып тұрған қазан-ошақтың оты, анау кішкентайың еңбектеп сол отқа барса - күйеді ғой. Сонда да, лажы жоқ, саған шамадан келген жақсылығым болсын, ес кіріп қалған Ғарифолланы қалдыр, маған аманат ет, өлсе құдайдікі, сен аман-есен оралсаң, балаң тірі жүрсе, қолыңа тапсырамын, алаңдама, жолың болсын, аман барып, сау қайт. Амандықта, тіршілікте қауышуымызды Алла нәсіп еткей - деп батасын берді.
Қармен ата ақсақалдың, қиын-қыстау кезеңде мейірімділік танытып тұрған ерлігіне іштей бас иіп, Фазыл разы болып, ауызына сөз түспей, тек көзіне ыстық жас үйірле берген. Оның ойы енді біржарым жастағы Зейнолланы бір ағайынның үйіне орналастыру. Фазылдың ағасы Нұрахмет сол кезде Есіл өзенінің арғы жақ бетінде орналасқан Тауағаш ауылында бас есепші болып қызмет атқарып жүрген. Ол кісі адал еңбегімен, салмақты сөзімен елге қәдірлі болған. Әдетте Солтүстікке кеш келетін көктем, бұл жылы ерте келіп, Есілдің мұзының үстндегі қар еріп, қызыл су жүріп кеткен. Бір-екі күнде өзеннің мұзы сөгіліп, сең де жүретіні анық. Көлік тапшы, қолдағы мінер ат жоқ. Бәрі колхоздың иелігінде. Екі ауыл арасы 30 шақырым, ортада қызыл су жүрген жағалаулары алшақ кең өзен. Тез қимылдау керек екенін білетін ол, еріксіз жаяулап, жүгіре басып, қара терге түсіп, ентіге ағасына да жетеді. Мәселені естіп, інісінің жағдайына қанық болған ағасы:
-Бауырым, Фазыл, бәрін түсіндім, үйішіндегілерге балаңа қарама дамеймін, қараса, қой демеймін. Міне мына екі балам Сабира мен Шәмшия да тым жас, жеңгеңнің жәйін білесің ғой, үй шаруасы мен бала бағуға ыңғайы жоқ. Несін жасырамын - тікбақай. Мен болсам таң атқаннан түнге дейін жұмыстамын, енді лажы жоқ, мыналар қыз балалар ғой, бірдеңе қылып бағар, уайымдама, артыңа алаңдама, Зейнолланы әкеліп таста –депті.
Әйтеуір баласын ағасының үйіне орнықтыратынына іштей қуанып, ойпырм-ай, Есіл түсіп, сең жүріп кетпесе екен деген алыпұшты алаңмен, Фазыл тағы да 30 шақырым жолға түсіп алып, жүгіре үйіне жетеді. Уақытты оздырмай, асығыс ағайын-туыспен қош айтысып, үйдің есік-терезесін шегелеп, Зейнолланы жылдам орап алып, ағасының үйіне жеткізеді. Содан ол өрімдей екі жас балаларына алаңдағаннан көз жасы көл болып, қимастықтан, әскерлік міндетін өтеуге бет алады.
Фазыл ағайын – туысын, өзі өсіп-өнген елді қимай, балаларды уайымдай, артына алаңдай қарай, әскер қатарына қосылуға аттанады. Жол бойы оның ойы елдің жағдайы мен қиын қыстау кезеңін өткеріп отырған, ауыру-сырқау, жұмыс басты болып отырса да, өз жағдайлары мәз болмаса да, қолын созған Қармен-ата мен Нұрахмет ағасына іштей алғысын жаудырып отырды. Оның оларға риза болғаны сондай, алды белгісіз, қараңғы болса да, үміт жібін оймен жалғап, армандағанда:
-Егер аман-есен елге оралсам, Ғарифолланы Қармен-атадан қайтып алмаймын, өйткені ол кісінің өз кіндігінен шыққан ұлы болса қайтыс болған, сондықтан қадірлі атаның шаңырағын құлатқызбаймын, Ғарифолла аман-есен ержетсе, сол шаңыраққа ие болады, құлатпайды, атаның атын алып жүреді – деп, өзіне-өзі серт берді.
Ол Нұрахмет ағасын ерекше жақсы көретін, силайтын, ол кісіні еске алса әңгімесін «біздің Нұрахмет» деп бастайтын. Ол құрметтеуге тұрарлықтай қадірі мол, ақылды да парасатты, келбеті де тартымды, еңселі адам еді. Сөйтіп, елде де болса жетімсіреп қалған балаларын әуелі бір Аллаға, екінші Қармен-ата мен Нұрахмет ағасына аманат етіп тапсырды. Сонымен Фазыл, колхоздың қара жұмысынан егеудей болып кеткен саусақтарымен көзінің жасын сүртіп, уайымның ауыр жүгін арқалап, алдағы көрер жәйті бұлыңғыр алыс сапарға, есіне түскен зарлы әуенді әнді ыңылдап айта, кете барды: «Самалтау, қайран елім, шалқар көлім,/Не болар солдат болып көрген күнім,/Есіме қайта-қайта түсе бердің,/Кір-жуып, кіндік кескен қайран елім».
Фазыл әскери борышының үш жылын өтеп, елге енді қайтамын-ау деп армандап жүргенде, кенеттен 1941 жылғы 22 маусым күні таңсәріде фашистік Гитлер әскері Кеңестер Одағы мемлекетінің шегарасын бұзып кіреді. Содан, опасыз агрессорларды тойтару мақсатындағы Ұлы Отан соғысы да басталып кетеді. Енді елге оралу қайда, тек тірі қалу, қатыгез фашист жаулаушыларына қарсы күресте Отанды қорғау, жеңу арман болды. Қолбасшылардың бұйрығы бойынша, ол басында аласапрынан соғысқа кірмеген, бірақ соғыс жылдары тіпті тылдың өзінде де жеңіс үшін ерен еңбек еткен. Өзі мен бірге дайындықта болған жауынгерлер соғыстың алғы шебіне бүгін не ертең жібереді деген бұйрық тосып жүрген. Жаттығулардан әбден төселген қазақстандық жауынгерді бастапқыда шығыстан жылқы әкелуге жібереді. Жанына Катюша деп өзара аталған егде тартқан жауынгермен қосылып, ол екеуі жүк тасымалдайтын поезбен батыстан шығысқа жол тартады, барар жері тегі Монголияға ұқсайды. Олар ұзақ жол жүріп, вагондарға бойлары төмен кішкене ғана тұрқы жылқыларды артып, солармен бірге қайтқан. Сүйектен өтетін сақылдаған қыстың ызғарына қарамай, қолайсыз жүк вагонының ішінде тапсырманы орныдауға тырысқан. Поезд баяу, ұзақ жүрген. Аялдамалары көп болған. Поезд тоқтаған кезде аттар жаппай лықып, кейде өзара тебісіп, екі жауынгерге үлкен қауып тудырған. Сол кездерде Фазыл вагонның қабырғасына жабыса іліне қалады екен, ал Катюша кейде аттардың аяғының астында қалған кездері болған. Абырой болғанда, күтімші екеуі тапсырманы ойдағыдай орындап, жылқыларды аман-есен, шығынсыз көзделген әскери бөлімшеге жеткізген. Көбіне олар темір-жол станциясына ат-арба көлігімен келіп, Америка Құрама Штаттарының көмегі ретінде келген азық-түлік, жауынгерлердің киім-кешектерін бөлімшеге жеткізіп отырған. Осындай және тағы басқа да тапсырмалар жиі боып тұрған.
Сол шақта, командир қатардағы жауынгерлерді күнде сапқа тұрғызып «бір-екіге» санатады, кейде бір, кейде екі санды атағандарды алға шығарып, алдыңғы шепке, соғысқа жөнелтеді. Санақ бастала бастағанда-ақ (О, Жаратқанның құдыреті!) Фазыл Аллаға жалбарына тілек тілеп, Қази-қалфе мен ата бабасының аруағына сиынып, әкесінен үйренге дұғаларын іштей оқып тұрады екен. Сондағы ойы, жаудың оғына ұшып, әскерден оралмаса, артында көздері жәудіреп қалған балалары не болмақ. Алла тағала оның тілегін ешқашан қайтармаған, іштей қайталаған дұғалардың арқасында, ол қиян-кескі соғысқа қатыспаған. Бірақ, соғыс аумағындағы әскерді керек-жарақ, азық-түлікпен қамтамасыз етуде жатпай-тұрмай еңбек жасаған. Жұмыс әртүрлі болатын. Командирлер қазақтың жылқы малының тілін біледі деген ойда болуы керек, оған, басқа да тапсырмаларды орындаумен қатар, наубайханадан жауынгерлер асханасына ат-көлікпен нан жеткізу жұмысы жүктеледі. Ол тапсырманы дұрыс орындауға тырысады. Жоғарғы қолбасшы Сталинның шұғыл түрде қабылданған жарлығы бойынша, соғыс жағдайына байланысты тапсырманы дұрыс орындамаған әскерилер ату жазасына да тартылатын. Әскерге алынған солдаттардың көпшілігі 18 жасқа жаңа ғана толған жастолқын болатын. Азық-түлік тапшы, солдаттар тоя тамақтанбаған соң, барлықтары жүдеу, аянышты халде болатын. Олар бүгін-ертең соғыстың алдыңғы шебіне аттанатындарын, қырғын соғыстың отына кіретіндерін іштей болжайтын. Жас солдаттарды күнде вагондарға тиеп, «батысқа», соғыс шебіне, алып кетіп жататын.
Сол кездері Фазылдың байқағаны, аса аянышты халде болған өзбек жас солдаттары. Өте жүдеу. Мүмкін, олар халал емес, шошқаның етінен жасалған тағамдардан жиркеніп, ұсынған тағамдардан бас тартып, немесе үйреншікті тағамдары болмаған соң, мұндағы ішкен-жегендері жақпаған болар. Мүмкін басқа да себептер қоылатын шығар. Әйтеуір олардың өте жүдеу халде екендігін бір қарағанда-ақ аңғаруға болатын. Сондықтан арбаға тиелген нанға аш көзбен қарап тұратын. Фазыл оларды көріп, қатты аяп:
- Сендер менің жолымдағы сайға түсіп, тосыңдар. Көлікті тоқтатуға болмайды, қатаң «запрет» бар. Сондықтан өтіп бара жата нандарды сендерге лақтырамын, қағып алыңдар да, шуламай, ұрысып-керіспей бұйырғанын жеңдер. Айғай-шу командирдің құлағына жетсе, мені атып тастайды - деп тапсырады. Әрине, бұндай әрекеттердің әскери тәртіпке қайшы болатынын ол білетін. Сталин заманы аса қатуыл болды, ал соғыс басталғаннан кейін оның заңы одан бетер қатуылданды. Кімнің болсын жіберген кішкене бұзушылығын білсе болды, кінәліні әскери трибуналдың жедел шешімімен атып та тастайтын. Өзбек солдаттарына осы жақсылықты жасай отыра, Фазыл ауылда қалған «өз балаларым нанға жарып жүрме екен?» деген ойда болатын. Өйткені елдегі жұрттың қал-жағдайы да өте төмен екенін көзі көріп кеткен болатын.
Аса үлкен адам шығындары мен қиындықтарға қарамай, Ұлы Отан соғысы Кеңестер Одағының жеңісімен аяқталды, бірақ әскер қатарындағылар ел-жұртына қайта бастаса да, кейбір бөлімшелерді қайтармай ұстап тұрып, кешірек босатты. Оның себебі, Қызыл әскеріне 1945 жылдың күзінде Жапонның Квантун армиясымен соғысуға тура келді. Сол қақтығысқа Фазыл да қатысқан. Кеңестер Одағының әскері Жапон армиясын жеңген соң, ол 1946 жылы елге 7 жылдан кейін оралады. Халық бірнеше жыл армандаған жеңісіне жеткенмен, бірақ, елдегілер жүдеу халде болатын, жұртты 5 жылғы соғыс тұралатып тастаған. Соғыс бітіп, одан аман-есен оралғандардаң көпшілігі қол-аяғынан айырлған мүгедектер болатын. Олар, елдегі әйел қауымы, есейген балалалары бірге қосылып, бәрі шаруашылықты қалпына келтіру еңбегінде жүрді.
Фазыл үшін өмірдің тағы бір кезеңін қайталап бастау тура келді: бас құрау, жан-ұяны қайтадан орнына келтіру дегендей. Нұрахметке табыстап кеткен Зейнолла үлкен апайы Зарифаның қолында екен. Ол кісі Баян деген ауылда тұрмыста болатын, Әшкен, Әбен деген бір ұл, бір қызы болған. Фазыл, өзіне қандай қиын болса да, ұлы Әбен соғыстан оралмай қайғы жұтып отырған жәйі бар апайынан, оның көңілін аулап отырған Зейнолланы алмауды шешеді.
Тірі адам тірлігін жасау өмір заңдылығы. Елге аман-есен жеткеннен кейін, Фазыл бас құрауды, Алла берсе, бала сүйуді арман етеді. Оның туған ауылы Жарғайыңнан алыстау, қырда қоныстанған Бұлақ деген ауылда Нығметжан есімді көзі ашық, оқыған немере інісі ауылнай қызметінде болыпты. Ол кезде барлық билік, шаруа ауылнайдың құзіретінде. Сол Бұлақта Мәриәш есімді әйел жеке басты екен. Тек бұрындары, оны 16 жасында ата-анасы өз қалауларымен ұзатады, бірақ оның сәби көтере аламағандығы себепті қайын-енесі, қайын сіңілері қорлап, баласыз «бедеу» деп бетіне басып, күнделікті кінә тағып, қорлап, шыдатпаған соң, заң бойынша, ауылнай арқылы ажырасады. Сол кезде Мәриәш 23 жастағы жас әйел. Өзі әрлі, момын, тәрбиесі және жақсы екенін байқаған Нығметжан Фазылға оған үйленуге кеңес береді. Екі жақ келісімге келеді. Келешек жұбайының аузынан «2 балам бар» дегенді естіп Мәриәш қатты қуанады. Оларды өз баласындай көретіні анық еді. Бірақ екі баласы да күйеуінің туыстарының қолында екеніне көзі жеткен соң, ол қатты ренжіп, бірталай күйзелісте болады. Лажы болмаған жұбайлар ержетіп қалған Ғарифолла мен Зейноллаға алыстан сүйсініп, тілеу тілеп, сыртынан ие болып жүреді, тек қолдарына түскен жұмсақ-тәтілерді сақтап, оларға беріп тұрады. Ғарифолла өзіне қараған кісінің көзінің жауын алатын аса көркем болыпты. Жұрт «от-су тілсіз жау» деп бекер айтпаса керек, ол он үш жасында өзендегі суға батып кетіп, бұл жарық дүниеден ерте өткен. Кармен ата, Фазыл мен Мәриәш қатты күзеліске түсіп, қайғыға душар болады. Алла бұйыртып, Зейнолла аман-есен қалып, қартайғанға дейін өмір кешкен.
Соғыстан кейін елді қалпына келтіруге халық аянбай еңбек еткен. Жаңа қосылған ерлі-зайыпты Казиевтер де егіс алқабында аз тер төкпеген. Егер кейбіреу жұмысқа тез шыға қоймаса, ауыл басшысы қамшысын үйіріп тұрып алып:
- Сен керенау-жалқауларды Сталинге айтып көздеріңе көк шыбын үйілетемін, соттатып, айдатып жіберемін - деп, қамшымен олардың жондарынан осып-осып жіберген кездері жиі болған. Әйелдер күйеулерінен бұрын, сол қырманшыдан қатты қорқады екен. Әрине, қалың жұрт әуелі Сталиннен қорқатын. 1953 жылы наурыздың 5 күні сол қатыгез Сталин дүниеден өтті деген хабар алғанда, халық әкелері өлгеннен әрмен өкіріп, жылап-сықтап, қатты күйзеліске түскен. Әрине, сол қатуыл заманда жұрт оның өзін құдайдай сиынып, жарлықтарын құдайдың жіберген бұйрықтарындай көріп, ынтасымен қабылдап, бұлжытпай орындаған: тұр десе -тұрып, жүр десе -жүріп, өл десе-өлген.
Фазыл мен Мәриәш бірнеше жыл бірге тұрғанымен, балаға зәру болып, Алладан нәрестені көп тілеген. Сөйтіп жүргенде, Жаратушының жазуымен Мәриәш 33 жасқа жеткенде нәрестелі болады, бірақ өте ауыр халде босанады. 1954 жылы жаңа босанған ананың денсаулығы төмен болғандықтан сәбиін емізіп, күтуге, жағдайы келмейді. Ол кезде білімді дәргер жоқтың қасы, емдеу деген шамалы. Фазыл көрші отырған жас абысын-ажынға баланы емізіп беруге қолқа салды. Ол жұмысқа асығып кетеді, қалуға болмайды – заң қатал. Мәриәштың бас көтреуге шамасы жоқ, сұлап жатады. Нәресте қараусыз шырылдап жылайды. Әркім өз баласын емізеді, біреудің балаларына емшек бергілері келмейді, шындығы сол болатын. Содан бұл жағдайды Мәриәштың төркіні естіп, әке-шешесі жалғыз биесін жегіп 60 шақырым жол жүріп, қыздарын алып кетіп, өздері емдеп, баласы мен екеуін аяғына тұрғызуға бел буған. Олар арбаға киіз төсеп, үстіне Мәриәш пен баланы орналастырып, еліне алып кетеді. Фазылға ұзынқұлақ хабар жетіп тұрды. Мәриәш тәуірленіпті, бала өсіп келеді деген. Осыны естіп ол іштей қуанып, тоқ көңілде болып жүрді. Нәрестенің атын Бақытжан деп қойған екен.
Бірде Фазыл жұмыстан сұранып, жаяу жанұысяын бір көрмекке, мүмкін болса алып келуге, Бұлақ ауылына тартады. Келсе Мәриәш сауығып қалыпты, Бақытжан да құлдырап өсіп қалған екен, қуанып қолына алады, өте сүйкімді балдырған екен. Алып кеткісі келген ойын білдірсе, Мәриәштың төркіні, бұлар әлі аз уақыт ішінде сауыға қойған жоқ, торала тұрсын, әбден айыққан соң барады ғой дегендерді айтады. Сол жолы Мәриәштың әкесі жаңғыз шапанын Фазылдың арқасына жауып, «жаяулама» деп жалғыз биесін міңгізіп қайтарыпты. Тағы да тағдыр сынағы басқа түсіп, Фазылдың басын өмір шырғалаңы айналдырып, көп ұзамай Бұлақтан Бақытжан сәби шетінеп кетті деген суық хабар жетеді. Ерлі-зайыптылар қатты күзеліске ұшырайды.
Фазыл әкесі Қазиден үйренген қасиетті Құран сүрелерін Аллаға жалбарынып қайталай береді. Сонымен Алла оларды ұмытпай, құралақан тастаған жоқ. Қайғыдан кейінгі үш жыл өте Гүлзәрулері дүниеге келді. Есімінің тарихы: қыз бала болған соң гүлдей жайқалып өссін деп - Гүл, ал балаға зар болып тілегендіктен «зәру» сөзін қосқан. Содан бір жыл өте дүниеге Гүлзипа келеді. Аллаға алғысын айтып, екі балаға шүкіршілік келтіріп, ата-ана шаңырақ иесі болатын ұлды армандайды. Бір жылдан аса уақыттан кейін дүиеге ұл бала да келеді. Қуанған ата-ана перзенттерінің атын рымдап, «тіл-көзден сақтасын», темірдей берік болсын деп, Темірболат атайды. Бірақ балалардың аналары көп ауырады, бірнеше ай бойы ауруханада емделеді. Жастары 6 мен 9-дың аралығындағы Гүлзәру, Гүлзипа, Темірболат мейірімі әрқашан төгіліп тұратын өз аналарының жандарында жоқтығына енді шынайы көздері жетіп, жағдайлары түскенін сезіп, ебіл-дебіл болып жылайды. Олардың дауысын естіген бойда, әкелерінің немере інісі Қажымұрат аталарының бәйбішесі Кәмәш апай, келе қалып: -Неге жылайсыңдар балақайлар, біреу-міреу ренжітті ме? - дегенге, балалар уайымдарының себебін жарыса айтып берді. Кәмәш апай олардың бастарынан сипап, бауырына тартып, жұбатып: -Жыламаңдар, мен қазір келемін –деп, жедел өз үйіне кетіп қалады. Біраз уақыттан кейін ол бір тегене жаңа піскен нан әкеліп беріп: -Міне жаңа піскен нан, тойғандарыңша жеңдер, бітсе, тағы да пісіріп әкелемін - деп, балақайлардың көңілдері көтерілгенге қуанады. Жабырқанған балалар сол апайдың жылуын туған анасындай сезінді. Шіркін, жаңа піскен ыстық нанның бұрқыраған исі мен дәміне не жетсін! Керемет! (Е, міні мен пайғамбар жасынан ассам да, талай тәтті дәм татсам да, менің де мұрнымнан жас кезімдегі жаңа піскен таба нанның исі әсте кетпейді, оның дәміне ештеңе жетпейді, шіркін). Балалар жылы нанға жапа-тармағай ұмтылып, үзіп алып, рахаттана ауыздарына салды. Қанша уақыт өтсе де, балақайлардың бүгінгі күні жастары ұлғайса да жаны дархан, мейірі тасыған Кәмәш апайдың жылуы мен жақсылығы олардың естерінде әлі де анық сақталған. Кейіндері, естері кіріп қалған балалар:
-Апа, сен неге көп ауыра бересің?- деген сұрақтарды жиі қояды. Бірде, кешкітұрым, ұйқтардың алдында, апалары балаларының сауалдарына жауап ретінде: -Е, мынау кешегі қырғын соғыс бар адам баласына келген зұлмат дүние болды ғой, кім өлмеді, кімді жылатпады? Бітті ғой әйтеуір, жеңдік, бірақ талай тағдыр ақсады ғой. Мен әкелеріңе келдім ғой, бірақ сендерді көп тіледім, көп күттім, кеш көрдім, Аллаға шүкір, берді ғой, бірақ, сендерді көргенше біраз қиыншылық кештім, қайдан денсаулық болады дейсің - деп айта келе, біраз ойланып отыра, - Адам табиғаты жеңеді ғой, жаңғыз мен емес, бәріне де қиын болады. Соғыстан кейін ер азаматтар аз болды, бірлі жарым елге оралғандары болмаса, көбісі мүгедек болып оралды. Әйел заты көп, сөгуге болмайды, табиғат жеңеді, күйеуі барлар да, күйеуі жоқтар да бала туып, үйлерінде отырды. Ал осы ауылда бір әйел екеуіміздің де жұбайымыз бар, бірақ кішкентайлы бола алмадық, сондықтан бізге қырман басындағы барлық жұмысты істеуге тура келді. Сондағы тапқан ауруым ғой. Әкелерің болса қос атты арбамен жанар-жағармай әкелуге аудан орталығына кетіп, екі-үш күн жүріп келеді. Қырман ауылдан алты шақырымда, алакөбеден күн батқанға дейін жұмыстамыз. Ол кезде ауылда көлік те жоқ, екі-үш салтатты жұмыс аяғы осы көліктермен, ал басқалары жаяу үйлеріне жетеді. Ал әкелерің аудан орталығына кеткенде мен үйіме жете алмай қаламын, ал біреудің атының артына мінгесуге маған әйел затына болмайды. Ол кезде қырман басында ұйде жоқ, жерден қазған жеркепе ғана. Ауылдастар мені сол жер кепеге түсіріп, үстімнен тақтай жауып, шөп төсеп, таспен бастырып кетеді. Сыз жердің астында май шаммен қаламын. Сол жылдары соғыс болып жатқан жерлерден шығысқа ығысқан аң көп болды. Түнде қасқырлар келіп, төбемді ашамын деп тақтайларды тырмалайды, ұлыйды, сондықтан түнімен көз ілмей шығамын. Қорыққаннан жүрегім ауызыма тығылады, үрей денемді шымырлатады. Әйтеуір таң атады-ау. Әкелерің келгенде жылап көрісемін. Осындайларды талай басымнан өткірген менде қандай денсаулық болушы еді, әйтеуір қазынасы кең Аллам көз жасымды көріп, иіді ғой сендерді беріп – деп, күрсінетін. Балалардың анасының Бұлақтағы жанашыр төркіндері: - Мәриәштың арманы жоқ, Алла осы үш баланы беріп Фазыл шаңырағын жарылқады ғой - дейтін еді. Ия, қай адамның болсын қайғысы мен қуанышы бірге жүретіні - өмір шындығы. Әрине, қайғының ауылы алыс болып, ешкімнің табалдырығынан аттамай, шаңырақтарын шайқамағаны абзал! Сонымен, Фазыл мен Мәриәштың тағдыры да жеңіл болмағаны анық. Осыларды айта келе, олар қанша қиындықтарды басынан өткерсе де ұрпағы жалғасып жатыр. Қайырын берсін! Осыған орай, баршамыздың да ұрпақ жалғастығымыз үзілмесін деген тілектеміз. Әмсе солай болғай!
Нақыпбек Садуақастегі, заңгер-құқықтанушы, публицист
[xfvalue_img]