Қазақстан жапон тіліндегі туристік жолсілтемеге енді
Жапонияның жетекші «Globe Trotter Central Asia 2025-26» баспа үйі жаңа туристік жолcілтемесін шығарды. Жаңа жинақта Қазақстан мен Орталық Азия елдерінің туризмі мен мәдениеті туралы жан-жақты ақпарат берілген. Жапон тіліндегі жолнұсқама шетелдік туристерге елімізді тереңірек танып, өз саяхаттарын жоспарлауға көмектеседі.
«Globe Trotter Central Asia 2025-26» жолсілтемесінің тұтас бір тарауы Қазақстанға арналды. Жаңа жинақ жапон аудиториясының қызығушылығын оятатын еліміздің экономикасы мен мәдениетінен бастап гастрономиялық дәстүрлеріне дейінгі негізгі аспектілерді қамтиды. Басылымда еліміздің ұлттық символдары мен валютасы, қазақ халқының дәстүрлері мен әдет-ғұрыптарына ерекше көңіл бөлінген.
«Әлемге белгілі баспа үйлері Қазақстан туризміне қызығушылық танытып, әлемнің түкпір-түкпіріндегі саяхатшылар үшін жолсілтемелер әзірлейжі. Жапондық туристердің өз тілінде мәдениетімізбен, тарихымызбен және табиғатымызбен тереңірек таныса алатындарына қуаныштымыз. Бұл жосілтеменің бір тарауы Қазақстанға арналған және онда 50 бет көлемінде толық ақпарат берілген. Бұл басылым жапондықтарға елімізді танып-білу және зерделеу үшін көмекші құралға айналатыны хақ. Биылғы жылдың 10 айында Күншығыс елінен келушілер саны өткен бір жылдың көрсеткішіне қарағанда 26%-ға артты және 8400 адамнан асты», - деді Kazakh Tourism ұлттық компаниясының басшысы Қайрат Сәдуақасов.
Жапон баспасы жолсілтемеде Қазақстанның 6 қаласын қамтыған: Алматы, Тараз, Шымкент, Түркістан, Астана және Ақтау. Онда туристерге еліміздің табиғи ландшафтары мен негізгі көрікті жерлері туралы барлық қажетті ақпарат ұсынылған. Олардың арасында Шарын шатқалы, Қайыңды көлі, «Алтын Емел» ұлттық паркі, Бозжыра шатқалы, Қарынжарык ойпаты, «Тамғалы» археологиялық ландшафтындағы петроглифтер және тағы басқалары бар. Авторлар жапондықтар Қазақстанға саяхатын өздері ұйымдастыру үшін қозғалыс бағыттары және барлық қажетті нысандардың байланыс деректерін көрсеткен.
Жаңа «Globe Trotter Central Asia 2025-26» жолсілтемесі жапон саяхатшыларына тек сапарларын жоспарлауға қажетті пайдалы ақпарат қана емес, сонымен қатар Қазақстанның мәдениеті мен дәстүрлерін тереңірек зерттеуге мүмкіндік береді.
Айта кету керек, Жапониядағы жетекші саяхат баспасы «Globe-Trotter Travel Guide» 1969 жылы құрылған. Компания әлем елдері туралы жапон тілінде жолсілтемелер шығарады.
Kazakh Tourism
баспасөз қызметі
Венера Мұстафина
[xfvalue_img]