Бір көріністің үлкен сабағы
Қажымас табанды еңбек ынтасыз талантты жеңеді.
Тим Нотке, бапкер
Бұл жәйт осыдан жиырмашақты жыл бұрын болуы керек, бірақ ол есімнен шықпады, кеше көріп-естігендей әлі көзалдымда. Есімде қалғаны бүгінгі күннің шындығын айғақтаған тәрізді. Сонымен, бірде теледидардан бокс сайысы көрсетіліп жарыр екен. Епелектеп, аптыққан бір комментатор есіре қуана былай деп қайталай берді: «Біздің боксшы өзбекті бұрышқа тығып, соққылап жатыр. Өзбек техникадан мүлдем жұрдай, тіпті ебедейсіз бейбақ екен, ия-ия, мүлдем ебедейсіз». Мен үшін бұл репортаж өте сөке көрінді. Біріншіден, кімді болсын, ал осы мысалда өзбек боксшысын бұлай кемсітуге, мұқатуға болмайтын еді: ертең өзіміздің қандай жағдайға душар болатынымыз белгізіс емес пе?! Бұндай қылық әдептікке, білімділікке жатпайды. Екіншіден, қазақстандық боксшының қарсыласын өзбек деп атамай, өзбекстандық деп атау дұрыс болатын еді. Өйткені Өзбекстан атынан басқа ұлттардың өкілдері де сайысқа түсуі әбден мүмкін. Өзбекстанда 1 милионнан астам қазақтар да тұрады емес пе?! Өзбекстан құрама командасында қазақ боксшылары қатысқаны белгілі. Олар Бақыт Сарсекбаев, Руслан Абдуллаев және тағы басқалары. Осы орайда тағы да айта кететін бір жәйт, біздің кейбір спорт журналистері мен басқа да қалам тартып жүргендер сайысқа қатысқан қазақ спотшыларын асыра әсірелеп мақтау мен олардың қарапайым жеңістерін тым көке көтеріп сипаттау басымдылық алады. Мысалы, есімде қалғаны, теледидар мен көпшілік басылымдарда мынадай сөйлем-оралымдар кезігеді: Тай елін талқандап қайттық (сондағысы боксшылардың үшінші орны ғана); Пәлен боксшымыз қарсыласын қуып жүріп сабалады; Спортшыларымыз қарсыластарын ойсырата жеңді және т.т.
Кеше ғана Париж олимпиадасының жалыны жаңа ғана басылған сәт, ал біз Өзбекстан боксшыларының керемет жетістіктерінің куәсі болып отырмыз. Кезінде «ебедейсіз» деп сипатталған өзбек боксшылары дүние жүзін таң қалдырып, дүйім жұрттың таңдайын қақтырып, Олимпиада ойындарында бокстан бес алтын медалін жеңіп алды. Керемет жетістік! Оның ішінде аса құрметті болып саналатын аса ауыр салмақ категориясы бойынша өзбек боксшысы Баходир Жалолов алтын медалін жеңіп алды. Бұл оның Токиодағы 2020 жылғы Олимпиададан кейінгі екінші алтыны. Менің ойымша, Баходир 2028 жылы өтетін Лос-Анжелестегі Олимпиада ойындарына қатысып қалуы әбден мүмкін. Ал боксшы Хасанбой Досматов ( 2016 - Рио да Жанейро; 2024 - Париж) пен тхэквондошы Ұлықбек Рашидов (2020 – Токио; 2024 - Париж) екі дүркін Олимпиада чемпиондары атанды. Өзбек спортшыларының спортқа деген шынайы құштарлығы мен тұрақты берілгендігі оларды тамаша жетістіктерге көтерді: қазаққа үлгі боларлық абыройлы нәтиже (қазақ спортына байланысты, осы мақала барысында спортқа патриоттық берілу жағдайы жөнінде кеңірек ашып айтармын). Ал жалпы алғанда Олимпиада ойындарында өзбек спортшылары 8 алтын, 2 күміс және 3 қола жүлде алды. Әлем құрамалары арасында Өзбекстан құрамасы жалпы командалық есепте 13-орынға шықты. Бұл жетістік аса зор көлемді бүкіл Азия құрлығын алып қарасақ алпауыт Қытай, жан-жақты жетілген Жапония және Оңтүстік Кореядан кейінгі төртінші орын екенін атап өту керек. Өзбек спортшылары кімнің да болсын алды-артына қарап, байқап - бағдарлап сөйлеу керектігін дәлелдеді. Жалпы алғанда да Өзбекстанның қай салада болсын даму қарқыны ерекше екпінді, келешегі керемет зор екендігі айдан айқын! Қызығуға, үлгі ретінде қабылдауға болады, бірақ қызғаншқа бой бермеуіміз керек.
Өзбек халықы мен спортшыларын шын пейілмен құттықтап, жетістіктеріне тәнті екенімізді білдіреміз. Ал қазақ спортының, оның ішінде қазақтың боксының құлдырағанына ішіміз ашып, жүрегіміз сыздайды. Оған не себеп? Шама-шарқымызға сай ой-пайымымызды түйіндейік. Сөзді сонау 1980 жылғы Мәскеу Олимпиадасынан бастайық. Онда атақты да аса шебер боксшымыз Серік Қонақбаев сайыс финалында итальяндық Патрицио Оливаға есе жіберіп, күміс медальдың иегері атанды. Әрине өкінішті. Серік алтын медальіне мейілінше лайықты боксшы еді. Бірақ төреші Патриционың қолын көтерді. Шынайы жанкүйерлер бұл шешіммен келіспеді. Аса дарынды боксшымызды тек қазақтар ғана емес, бүкіл Кеңес халықы өте жақсы көретін еді. Оның «шеберілігі бір төбе, көрікі бір төбе» - бір қарағанда көрген адамның көзінің жауын алатын тамаша боксшы болатын. Сонымен, біздің боксшымыз алтын медальді неге алалмай қалды? Себептері неде? Бұл жөнінде түпкілікті терең де жан-жақты ғылыми талдау жасалды ма? Ауқымды қортынды шығарылды ма? Менің ойымша, бұндай қортынды шықпағанға ұқсайды, өйткені сол қателіктер әлі күнге дейін жойлмаған және, өкінішке орай, қайталанып келеді. Мысалы, Қазақстан құрама командасы Токио Олимпиадасында тек 8 қола медальға қол жеткізді.
Әрине, қандай да болмасын боксшының шеберлігі шыңдалған, соққылары жойқын, ұзақ сайысқа бейімді төзімділік пен шыдамдылық қабылеті қалыптасқан және психологиялық ұстамдылығы мен жігері құрыштай шыныққан болуы абзал. Бұны боксшы мен бапкер жақсы біледі. Бірақ Олимпиада сияқты биік дәрежедегі сайыстарда елеулі жетістіктерге жету үшін әр саладағы ғылымның жетістіктері мен әр саладағы ғалымдардың ұсыныстарын кең пайдалану керек. Дайындықтағы үздік саналатын айла-тәсілдердің бәрі дерлік сырт көзге құпия болғаны жөн. Бұндай құпияға аса мұқият болған жөн. Әлемде «өндірістік тыңшылық» (промышленный шпионаж) деген түсінік бар: өндіріске және дамуға қатысты құпия ақпаратты алудың адал емес әдістері әдетте өнеркәсіптік тыңшылық деп аталады. Осыған сай әлемде «спорттық тыңшылық» кең жайылып, ертеден орын алып келеді. Осыдан сақ болу керек. Қазақ аңғалақ және сенімшіл халық. Менің де көңілімде бөгде пендеге тісжармас түйіп жүрген бірен-саран тиімді деген тәсілдерім бар. Керек болған жағдайда - сыр ашуға дайынмын.
Жалпы, жанашыр кімнің болсын пікіріне көңіл бөлу - көрегендік. «Дұрыс мен бұрысын» кейін саралауға болады. «Мен бас бапкермін, менің білгірлігім жеткілікті» - деп басқаларға құлақ аспау ағаттық. Бұндай пайыммен боксшылар мен басқа да спортшылар үлкен жетістіктерге жете алмайды. «Бір бас жақсы, ал екеуі өте жақсы», «Жұмыла көтерген жүк жеңіл» деген нақылдар тегін айтылмаған. Жалпы Қазақстан Республикасының Туризм және спорт министрлігі жанынан Еліміздегі спорт саласы мәселелеріне байланысты білімдар және белсенді «Жанкүйерлер қоғами бірлестігін» құрған дұрыс деген ұсыныс қоямын. Лауазымды қызметкерлер мен спортшылар көбіне шындықты батыл айта алмайды. Спорт саласы ісіне де шынайылылық пен ашықтық қажет. Ал қоғами бірлестіктің мүшелері ешкімге жалтақтамай жүйелі де маңызды ұсыныстар айта алады. Осындай игілікті істер жүзеге асса, Қазақстан Республикасының Президенті Қ. Тоқаевтың «Халық үніне құлақ асатын мемлекет» құрамыз деген үндеуінің өміршеңдігінің дәлелі болары сөзсіз.
Біздің боксшылар жәйлі бір ауыз сөз айта кетер болсақ, қандай да болмасын спортшыға сайыс алаңында өзінің қарсыласын кемсініп, менсінбеуге болмайды. Оны өзінен төмен санау қателік. Олай ойлаған – ұтылды: алаңда болмаса да - халықтың алдында. Сайыс барысында спортшы іс-әрекетімен қарсыласының намысына тимеу керек. Намыс қаһарына мінген спортшының куш-қуаты бірнеше мәрте артады. Бұл біздің дарынды боксшылар Сәкен Бибосынов пен Назым Қызайбайға қатысты ой. Қандай да боксшының өнірі қарсыласынан біршама артып тұрса да, екі қолды салбыратып, төмен түсіріп қойып, оның алдында ойнақы қимылдарға барып, артықшылығын білдіру - спорттық яки адами әдепке жатпайды. Және төршілер де бұндайды ұнатпайды. Қарсыласынан артықшылығын боксшы жойқын соққысымен немесе жұдырықтың жиі де дәл серпіндерімен дәлелдеу керек. Әйтпесе, қарсыласын аталғандай келекелеудің пайдасынын залалы басым. Еліміздің спортшыларына бір ақыл-кеңес ретінде айтарымыз, Батыстың спортшыларына еліктеп бас-аяғына татуировка (тату) салдырудан мүлдем бас тарту керек. Мұсылман дінінде денеге сурет салу күнә болып саналады. Анығында тату өте зиян. Ол адамның ағзасын түгелдей улайды, сондықтан спортшылардың күш-қуатын төмендетеді. Бұл Н.Қызайбайдың алтын медаліне қолы жетпей қалуының бір себебі болуы мүмкін. Қазақстан спортшылары жасөспірім ұрпаққа жағымды үлгі болуға тырысуы керек. П.Квятковскидің айтуына сай: «Денедегі татуировка - бұл бастағы ақау!». Анық та айқын дәйек.
Сонымен, тағы да айта кетер болсақ, кезінде Серік Қонақбаевтың алда да бокстағы жарқыраған шыңдарына шығатын зор мүмкіндіктері мол еді. Бірақ небәрі 24 жасында бокспен шұғылдануды тоқтатты. Одан өзі тартынды ма, қолпаштаушылар себепші болды ма, әйтеуір Олимпиададан кейін ол Алматыдағы Совет аудандық комсомол комитетіне лауазымды қызметке қабылданды. Осындай жолды Олимпиада чемпионы, Баркер жүлдесінің иегері Бақтиар Артаев, Серік Сәпиев пен басқалары қайталады. Аса дарынды деген спортшыларымыз ұрпаққа үлгі боларлық талай келешек қолжетімді жеңістерінен неге ерте бас тартты? Спортқа жан-тәнімен шынайы берілу ұстамдылығы шектеулі болды ма? - деген сауал өзінен өзі туындайды. Өйткені ойымызға бокстан әлемдік аңызға айналған үш дүркін Олимпиада чемпиондары венгр Ласло Папп (Лондон -1948, Хельсинки – 1952, Мельбурн – 1956), аса ауыр салмақтағы дәрежедегі кубалық Теофило Стивенсон (Мюнхен-1972, Монреаль-1976, Москва -1980) еске келеді. Көбісі Теофилоның жеңіске бойының ұзындығы 201 см (2 метрден астам) себеп болды деп санайды. Бірақ, кубалықтың ойынша бұл оның өзінің жігерлі де қажымас рухы, еркіндік аралының рухы деп санаған. Сонымен, қорытып айтқанда Теофилоның таңғаларлық ғаламат жеңістерінің негізі көлдей аққан маңдай тер жаттығулары мен қоса болаттай берік рухында болып тұр. Осындай отаншылдық рух өзбек спортшылары Б. Жалолов, Х. Дусматов, Ұ. Рашидовтарды спорттағы тамаша жетістіктеріне жеткізгені анық.
Грек-рим күресінен кубалық Михаин Лопес Нуньестің спорттағы жетістігі тіпті ғажап. Ол күрестің барлық түрлерінің тарихындағы жалғыз бес дүркін Олимпиада чемпионы (Пекин-2008, Лондон-2012, Рио-де-Жанейро-2016, Токио-2020, Париж-2024), сонымен қатар бес дүркін әлем чемпионы. Ол тарихтағы ең марапатталған балуан. Оны тірі аңыз деуге болады, өйткені 16 жыл бойы ол Олимпиадаларда аяғын бірде-бір шалыс баспаған, бірде-бір жекпе-жекте жеңілістің ащы дімін татпаған. 41(!!!) жастағы балуан 2024 жылы Парижде өткен ойындарда жеңіс тұғырына көтерілгеннен кейін спорттық мансабын доғарғанын жария етті. Михаиннің күреске жан-тәнімен берілгендігі мен қоса, керемет патриоттық сезімін атап өтпеуге болмайды. Оның елі Куба өте кедей мемлекеттердің қатарына жатады. Көптеген жылдар бойы басқа елдер мамандары оны қыруар ақшаға қызықтырып, өздеріне тартып алғысы келген. Бірақ кубалық патриот балуан өз елін сатпаған, бай елдерге айырбастамаған. Сондықтан да Михаин Кубаның өлшеусіз мақтанышы, шынайы халық қаһарманы болып саналады. Оның жетістіктері жас ұрпаққа үлгі болатыны анық. «Өнегелі іс өміршең» дегендей, бұл жетістік қазақтарға жұғысты болғай!
Осыған орай, Қазақстан жастары мен спортшыларын патриоттық рух пен жігерлі мінез-құлқын тәрбиелеуге өте үлкен мән беру абазал. Бұған мемлекеттік лауазымды тұлғалардан бастап, бапкерлер мен барлық ұлтжанды қауым атсалысуы маңызды. Әрине бұл қасиеттерді қалыптастыру әдәуір уақыт пен тиянақтылықты талап етеді. Бірақ спортшылардың міндетті жаттығуларымен бірге бұндай тәрбиені ешбір үзбеу керек. Рухы мықты спотшылар бар күші мен жігерін дәл қазіргі уақыт пен болашақтағы жеңістеріне бағыттайды. Олар өткеннен барынша мол сабақ алу керек. Қандай да болмасын жеңістерге жеткен спортшы «Елде мен құрмет, қошеметке бөлендім, қыруар ақша, пәтер алдым, қымбат автокөлік міндім, үлкен қызметке тағайындалдым» деп мастанып, тоқмейілсімеу керек. Әр спортшы қашанда өзіне «күш-қуатым барда, үлкен жеңістерім алда» деген мақсаттан бас тартпау абзал.
Қарағанды облысы Ақтоғай, Шет аудандары төңрегінде «Әбүйірімді Ақшатау жапты» деген ауыз-екі нақыл айтылады. Кеңес заманында Ақтоғайдан 45 шақырым жерде Мәскеуге тікелей қарайтын аса бағалы сирек кездесетін металлдардың орталығы ретінде (басты стратгиялық өнім - вольфрам) 1941 жылы Ақшатау қалашығы салынған. Мәскеуге қарағандықтан Ақшатауда «дефицит» дүние-мүлік мол болатын. Мұқтаж пенде Ақшатауға барып, керегін алып қайтатын. Сол нақыл сондықтан туындаған. Сол сияқты Париж Олимпиадасында «Қазақстан әбүйірін» Елдос Сметов бір өзі көтерді десек артық болмас, ешкім ренжімес. Өйткені біздің абыройымызға қарай Елдостың Еімізге әперген жалғыз алтын медалі ғана құнды емес, сонымен қатар оның «дзюдо» спортына адалдығы, рухының биіктігі, баршаға үлгі боларлық мейлінше тұрақтылығы тәнті етеді. Ол алдыңғы екі Олимпиадаға қатысып, күміс және қола медальдарын жеңіп алса да, оларға қанағаттанбай, алтын медалінен ешбір үміт үзбеген. Ақыры қажымас еңбектің, мұқалмас рухтың, мойымас жігердің арқасында Париж Олимпиадасында жарқыраған алтын медаліне қол жеткізді. Міні ердің ері деп Елдосты айтуға болады. Оны тағыда шын жүректен құттықтаймыз, әлі де жеңіс тұғырынан көретінімізге сенеміз.
Еліміздің алдағы спорт жеңістеріне үлкен үміт артсақ, біз Қазақстанда пәрменді де тиімді спорт философиясын қалыптастыруымыз керек! Бұл өте маңызды. Еліміздің абыройы көтеріліп, халқымыз бен спортшыларымыздың құрыштай берік рухы биік болсын!
Нақыпбек Садуақастегі, заңгер-құқықтанушы, публицист
[xfvalue_img]