«AQYL BATTLE CUP-2024» КТК РЕСПУБЛИКАЛЫҚ ЗИЯТКЕРЛІК САЙЫСЫНЫҢ ЖАҢА МАУСЫМЫ БАСТАЛДЫ
«Болашақ Қазақстанға» қоғамдық студенттік бірлестігі мемлекеттік тілде жүргізілетін «Aqyl Battle CUP-2024» КТК республикалық зияткерлік сайысының жаңа маусымы басталғанын хабарлайды. Турнирге 14 пен 35 жас аралығындағы қазақстандықтар қатыса алады.
«Aqyl Battle CUP-2024» КТК зияткерлік турнирі үш кезеңнен тұрады. І кезең 21-23 мамыр аралығында онлайн форматта өтеді.
«Республикалық турнирдің әлеуетті қатысушыларына 21 мамырға дейін «Aqyl Battle» мобильді қосымшасындағы «Турнир» арнайы бөлімінде тіркелу маңызды.
Онлайн байқау кезінде ойыншылар ұлттық салт-дәстүр, тарих, әдебиет сияқты әртүрлі санаттағы 90 сұраққа жауап беруі шарт.
Осы кезеңнің нәтижесінде әр өңірден біз «Aqyl Battle CUP-2024» КТК келесі турына өтетін 30 үздік қатысушыны іріктейміз, – дейді «Болашақ Қазақстанға» ҚСБ төрағасы Бибінұр Шербаева.
Байқаудың ІІ кезеңі гибридті форматта өткізіледі. ТЖ режим енгізілген өңірлерде онлайн квиздер ұйымдастырылса, басқа аймақтардың қатысушылары бір-бірімен бетпе-бет жүздеседі. Өңірлік сайыстардың жеңімпаздары Астанада өтетін «Aqyl Battle CUP-2024» КТК гранд-финалында бас жүлде үшін бақ таластырмақ.
Турнир ұйымдастырушылары биыл «Aqyl Battle CUP-2024» КТК-ға 5 мыңнан астам жас қазақстандық қатысады деп болжап отыр.
«Ойынды ұйымдастырудың тәжірибесі жас қазақстандықтардың біздің ойынға, мемлекеттік тілдегі викториналарға деген қызығушылығының артқанын көрсетіп отыр. Өйткені біздің зияткерлік турнир жастарды біріктіріп қана қоймай, олардың ой-өрісін кеңейтуге, халқымыздың дәстүрлерін, әдебиеті мен тарихын насихаттауға, түрлі салаларда базалық білімді қалыптастыруға, ең бастысы – жастардың бос уақытын тиімді ұйымдастыруға көмектеседі», - деді Бибінұр Шербаева.
Республикалық зияткерлік сайыстың жалпы жүлде қоры да ұлғайтылған. Биыл ол 3 600 000 теңгені құрайды. Байқау жеңімпаздарынан бөлек ұйымдастырушылар шығармашыл командаларды да ақшалай сыйлықтармен марапаттайды.
Еске салайық, мемлекеттік тілде жүргізілетін «Aqyl Battle CUP-2024» КТК республикалық зияткерлік ойыны ҚР Мәдениет және ақпарат министрлігінің тапсырысы бойынша «Тіл тағдыры – ел тағдыры» аясында өткізіледі. Жоба операторы - Азаматтық бастамаларды қолдау орталығы. Жоба 2025 жылдың соңына дейін жүзеге асырылмақ.
[xfvalue_img]