СҚО аудандарында полицейлер әкімдікпен және ТЖ қызметімен бірлесіп адамдарды су тасқынынан қорғауда
Су тасқынына байланысты Солтүстік Қазақстан облысында полиция қызметкерлері тәулік бойы кезекшілік атқаруда. Құтқару жұмыстары жергілікті атқарушы органдармен, ТЖ қызметкерлерімен және басқа да қызметтермен бірге тығыз байланыста жүргізіліп жатыр.
Шал ақын ауданында тәртіп сақшылары Ақанбарақ ауылына жол ашуға көмектесті. Су ауылға апаратын жолды басқандықтан, 115 адам судың қоршауында қалған. Ауылдағы 4 үйдің маңына су кірген. Жол қызметтерінің асфальтты қопаруына тура келді. Бұдан кейін әкімдік қызметкерлері, құтқарушылар мен полицейлер қолдан жасалған жырақаның үстінен автокөліктер өте алатындай етіп бетон плиталардан көпір істеді. Сондай-ақ полицейлер көпірдің айналасын нығайтуға көмектесті.
«Су тасқыны алдағы уақытта күшеюі мүмкін, - дейді аудандық полиция бөлімінің бастығы полиция подполковнигі Руслан Мұхамбетжанов. – 6 сәуір күні Сухорабовка және Ольгинка ауылдарының арасындағы көпір қирады, барлық қызметтер бірден сол жерге аттанды. Ірі мұздардың әсерінен металл қоршау шыдамай, төселген асфальт опырылып түсті. Жолды жаптық. Тұрғындар айналма жолмен өтіп жатыр. Жағдай бақылауда. Учаскелік инспекторлар мен патрульдік полицейлер, басқа қызметтердің қызметкерлері су тасқынымен күресуге дайын».
Ғ.Мүсірепов атындағы ауданның ПБ бастығы полиция полковнигі Марат Әлжанов бастаған тәртіп сақшылары ТЖ қызметінің қызметкерлерімен бірге аудан орталығы Новоишимское ауылында төрт үйдің және Дружба ауылында бір үйдің тұрғындарын эвакуациялауға қатысты. Адамдар жиһаздарымен, тұрмыстық техникасымен бірге шығарылды. Сақшылар мен құтқарушылар су белден келетін жерлерде жұмыс істеуге мәжбүр болған.
5 учаскеде су жолдардың үстінен асып ағып өткен. Екі жолда қозғалысты жабуға тура келген. Полиция қызметкерлері жол қауіпсіздігін қамтамасыз ету үшін кезекпен ауысып жағдайды бақылауда. Қажет болған жағдайда су басқан учаскелерден адамдардың өтуіне көмектеседі.
СҚО ПД баспасөз қызметі
[xfvalue_img]