Жеке куәлік берілгенде саусақ ізін алу тәртібі еңгізілмек
2024 жылдың 1 қаңтарынан бастап азаматтардың төлқұжат пен жеке куәлікті алу, жоғалған жағдайда құжаттарды қалпына келтіру кезінде міндетті түрде дактилоскопиялық тіркеуі енгізіледі.
Бұл шара заңсыз құжаттандыру фактілерін жояды, құжаттарды қолдан жасаудан, ал олардың иелерін алаяқтық және басқа да қылмыстық әрекеттерден қорғайды. Бұл сондай-ақ күнделікті өмірде де, жазатайым оқиғалар кезінде де жеке басын куәландыратын құжаттарды қалпына келтіру процедурасын жеңілдетіп, жеделдетеді. Оның ішінде елден тыс жерде құжаттарын жоғалтқан азаматтарды анықтау процесін де оңайландырып, оларды Қазақстан Республикасына қайтару процесін жеңілдетеді. Сонымен қатар жеке басты куәландыратын құжаттарға саусақ ізінің қосымша параметрін енгізу үшінші тұлғалардың пайдалану мүмкіндігін болдырмайды.
Сондай-ақ қазақстандықтардың басқа елдердің мемлекеттік шекарасынан өту тәртібін жеңілдету мәселесі де қарастырылған. Мысалы, төлқұжат чипінде саусақ іздері болса, шекарадан өткенде оларды қайта тапсырудың қажеті жоқ. Бұл бүгінгі таңдағы ең дәл биометрика.
Бұған қоса, бұл әдіс хабар-ошарсыз кеткен Қазақстан Республикасының азаматтарын, Қазақстан Республикасында тұрақты тұратын немесе уақытша болатын шетелдіктер мен азаматтығы жоқ адамдарды іздеу процесін жеделдетуге де мүмкіндік береді.
Саусақ ізі туралы ақпарат анонимді болады, яғни дерекқорда саусақ ізінің цифрлық үлгісі мен бірегей идентификатор ғана болады. Ал, жеке деректер, яғни толық аты-жөні және ЖСН нөмірлері болмайды. Жүйенің құрылымы мен архитектурасының арқасында олардың иесізденуі автоматты түрде жүреді.
Астана қаласы ПД Баспасөз қызметі
[xfvalue_img]